• шілде 12, 2017

Әдептілік дастархан басынан басталады

Әдептілік дастархан басынан басталады

Әдепті бала - арлы бала. Өз-өзін ұстай біліп, кез келген ортада әдеп сақтауды балаға кішкентай күнінен баста үйрету керек. Бірақ, үш жасқа толмаған бала әрине, әдептіліктің не екенін түсіне қоймасы анық. Сондықтан да оны ес білгеннен бастап дастархан басындағы әдеппен таныстырып, үнемі осы қағиданы ұстануды түсіндіру қажет. Ол үшін балаларға арналған мынадай тәсілдерді қолданып отырсаңыз, сіздің балаңыздың әдепті болмауы мүмкін емес.

1. Әдептіліктің басы - отбасы мүшелері түгелімен дастархан басына жиналмайынша тамақтануды бастамау. Бала кішкентайынан осы қағиданың орындалуын көргені жөн.

2. Тамақтанып отырғанда көп сөйлемеуді әдетке айналдырған дұрыс. Әсіресе ас шайнап отырып сөйлеу әдепсіздікке жататынын балаға жәй сөзбен айтып түсіндірген жөн. Оның орнына тамағын асықпай ішу керектігін айту керек.

3. Сондай-ақ, қай тағамды қалай жеу керектігін де айтып түсіндіру керек. Мәселен балаға арнайы дайындалған ботқаны қолмен жеуге болмайтындығын, он тек қасықпен жейтінін түсіндіріңіз. Сусынды немесе шәйды төгіп-шашып, үрлеп ішудің де дұрыс еместігін түсіндіру қажет. Осындай ескертпелерді баланың кішкентай күнінен бастап құлағына құя берсе, есіне жиі-жиі салып тұрса, бала оны ұмытпайтын болады.

4. Ал нанды қолмен үзбей, ауызбен тістеп алу мүлде әдепсіздікке жататынын дер кезінде үйретпесе, одан арылуы да қиындай түспек. Сондықтан да нанды алдымен үзіп алып содан кейін ғана кішкентай бөлігін ауызға салудың дұрыстығына баланың көзін жеткізу керек.

5. Әрбір бала сол отбасының бір мүшесі екендігін біліп, өзін де, өзгені де құрмет тұтуы тиіс. Осы ретте отбасы мүшелерінің барлығы тамақтанып болмайынша дастарханнан тұрып кетудің әдепсіздікке жататынын да ұғындыру ата-ананың міндеті.

6. Соңында бала тамақтанып болған соң рахмет айтып, орнынан тұра берсе болады.


Балаға дастархан басында дұрыс отыруды ойын түрінде көрсетуге болады

Бұл ойын үш-төрт жастағы балаларға арналған. Ол үшін көп ойыншықтар керек. Дастарханды дәмді тағамдарға толтырып, үстелді айналдыра ойыншықтарды қонақ ретінде отырғызып қойыңыз. Ал балаңызды алдымен қол жууға үйретіңіз. Бұл маңызды мәселелердің бірі. Сонда ғана баланың ойында жақсы сақталып, үлкейгенде де есте сақтайтын болады.

Қолды жуып болған соң, балаңызды да үстел басына жайғастырыңыз. Сөйтіп, дастархандағы әрбір тағамның денсаулыққа пайдалы екенін айту керек. Осылайша тамақтанып отырған кезде ойыншықтарға қарап, дастарханның жиегімен тартып ойнауға, үстел үстіндегі ыдыстарға құйылған сусындарды төгуге болмайтынын ескертіп отырыңыз. Мұны балаңыз міндетті түрде тыңдайды. Егер де өзі сол мезетте осы қылықтарды жасап отырған болса, дереу қолын тартып ала қояды. Ал, бұлай болмаған жағдайда келесі ойында да осы сөзді қайталаудан жалықпаңыз. Сонымен қатар, дастархан басында отырған қасындағы адамның мазасын алмау керектігін де осы кезде айтуға болады. Әсіресе, үлкен кісілірдің сөзіне араласпағаны жөн.

Баланың дастархан басында дұрыс отыруды үйренуімен қатар, ондағы заттарды қалай қолдануды да білуі тиіс. Еш уақытта асханалық керек-жарақтармен, яғни, қауіпті құралдармен ойнауға болмайтындығын түсіндіріңіз. Мысалы, бала пышақты ұстап немесе шанышқымен ойнауы мүмкін. Бұл аса қауіпті жағдай. Сондықтан, оны балаға түсінікті тілмен айтып, екінші рет қайталамайтындай әрекет етуіңіз керек.

Қандай тағамды болсын, асықпай төкпей-шашпай ішіп-жеуге үйретіңіз. Сонымен бірге ауызға түскен тағамды бірден жұта салмай, көбірек шайнап жеу өзінің де денсаулығына жақсы болатынын ескертіңіз. Тағы бір айта кетерлік жайт тағамды шайнағанда немесе сусын ішкенде ұнамсыз дыбыстарды шығармай, жан-жағындағы адамдарға ыңғайсыздық туғызбайтындай етіп тамақтануы шарт.


Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Яндекс.Метрика