• шілде 12, 2017

Асық ойыны баланың көру қабілетін жақсартады

Асық ойыны баланың көру қабілетін жақсартады

Асық ойыны-қазақ халқының ұлттық ойындарының бірі. Ойынның бұл түрі түнде де, күндіз де ойналады.Күндіз ойналатын асық ойыны баланың көру қабілетін жақсартып, мергендікке баулыса, түнде ойналатын түрі епті, жігерлі болуға үйретеді екен. Сондай-ақ баланың күш-жігерін арттырып, қол бұлшықеттерін шынықтырады.

Асықты ойнағанда иіріп, тастағанына қарай «алшы», «тәйке», «бүк», «шік» деп, ал атуға арнап арнайы қорғасын құйылып жасалғаны «сақа», жақсы түрі «оңқай» деп аталады. Қазақ халқының ұлттық ойындарының бұл түрінің мынадай түрлері бар:

«Құмар»;

«Тәйке»;

«Алшын»;

«Ханталапай»;

«Қақпақыл» және т.б.

Мысалы, құмар ойынға екі-төрт адам қатысады. Олардың жақсы жонылып, табаны қайралған төрт асығы болуы керек. Ойыншылар өзара келісіп, жеңімпазға жүлде тағайындап алады да кезек-кезек төрт асықты иіреді. Егер иіруші төрт рет бүк немесе шік, сондай-ақ төрт рет алшы немесе тәйке түсірсе жүлденің жартысын алады. Егер де төрт асық төрт түрлі түссе онда жүлде толығымен жеңімпазда болады. Осылайша ойын жалғаса береді. Асықты мұртынан немесе жамбасынан тұрғызуды «омпы» дейді. «Омпы» ойыны тегіс алаңда, жазық жерде, тіпті, кең бөлмеде де ойнала береді. Ойыншы саны неғұрлым көп болса, ойын да соғұрлым қызықты өтеді. Мақсат-көп асық ұтып алу.

Ойнаушылар арасы 20 қадам екі көмбе сызады да, көмбенің тең ортасына сызық бойына әрқайсысы екі асықтан тігеді. Тігілген асықтардың тап ортасына бір асықты омпысынан тұрғызады. Балалар кезек-кезек сақаларымен он қадам жердегі омпыны атып түсіріп, асық ұтып алуға кіріседі. Егер атушы омпыға бірден тигізсе, онда тігілген бар асықты сол алады. Егер омпыға тигізе алмай, тұрған асықтардың біріне тигізсе сол асықты ғана алады.

Ал үй ішінде ойналатын асық ойындары «қақпақыл», «бес асық», «ханталапай» деп бірнеше түрге бөлінеді. Қақпақылдың ережесі мынадай: бір асықты алақанға салып алып, жоғарыға жәймен лақтырып, асық қайтып түскенше алақанды төңкеріп, қолдың сыртымен қағып алу керек. Содан соң қолдың сыртындағы асықты қайта лақтырып, төмен түсіп келе жатқанда алақанды ашып қағып алу керек. Осылайша уысын бір ашып, қолдың сыртын бір тосып асықты қағып алуды «қақпақыл» деп атайды. Қол қимылдарын меңгерген бала кейін епті болады. Жылдам қимылдауға, шапшаң әрекет жасауға үйренеді.

«Ханталапай» ойыны бүкіл қазақ жеріне кең тараған. Ойынға екеуден он адамға дейін қатысады. Асықтың көп болғаны жақсы. Көп асықтың ішінде біреуін қызыл түске бояйды. Сол асық «хан» деп аталады. Ойынды бастайтын бала асықтың бәрін қос уысына жинап алып, отырған балалардың алдына шашып жібереді. Балалар «ханның» қалай түскенін бақылап отырады. Егер «хан» бүк, шік немесе тәйке түссе ойын бастаушы бала «ханның» түсуіне қарай жақын жатқан асықтарды бас бармақтың көмегі арқылы сұқ саусақпен итере ыршытып бір-біріне дәл тигізуі керек. Яғни, шерту арқылы. Тигізген асықтарды ол өзіне алады. «Ханды» жатысы «хандыкіндей» ең соңғы асықпен ғана атып алады. Сондықтан, асықтарды атқан кезде есепке, дәлдікке, мергендікке жүгінуге тура келеді. Ойын бастаушы баланың қолы басқа асықтарға тисе сондай-ақ атқан асығы басқа асыққа барып тисе, ойынды келесі бала жүргізеді. Ал «хан» алшы түссе, балалар жарыса «ханталапай» деп дауыстап, «ханды» өз қолдарына түсіруге тырысады. «Хан» кімнің қолына түссе сол жеңіске жеткен болып есептеледі. Одан кейінгі ойынды қайтадан бастайтын сол жеңімпаз бала болмақ.

Өзіндік ойын ережесі бар асық ойыны тек қызық үшін ғана емес, баланы жүгіртіп, секіртіп, бүкіл денесін шынықтырып, шымырлыққа баулыйды. Жеңісте де, жеңілісте де баланың ішкі сезімін сыртқа шығарып, батылдыққа, шеберлікке, табандылыққа тәрбиелейтін спорттық ойын.


Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Яндекс.Метрика