• шілде 12, 2017

Баланың тістері сау болсын десеңіз

Баланың тістері сау болсын десеңіз

Адамның денсаулығы оның тістеріне тікелей байланысты. Тістің адам ағзасының дұрыс қалыптасуында алатын орны ерекше екендігін еске алсақ, онда баланың тісі шыққаннан бастап мұқият болуыңыз керек-ақ. Тіпті, бала құрсақта жатқанда ол туралы ойланғаныңыз дұрыс. Баланың тісі шыққаннан бастап күтім жасауды қажет етеді.

Кейбір ата-ана балаларының сүт тістері түсіп, орнына тұрақты тістері шыққанға дейін ауыз қуысына кутім жасаудың маңыздылығын естен шығарады. Ата-ананың қателігі де осы. Себебі, сәбидің мықты әрі сау сүт тістері оның ағзасының дұрыс қалыптасуының маңызды факторларының бірі. Сау сүт тістері баланың әріптерді дұрыс дыбыстауына көмек беріп, тамақты дұрыс сіңіруін қамтамасыз етеді. Және тұрақты тістерге орын әзірлейді. Сүт тістері қалай біткен болса, тұрақты тістер де солай өседі.

Тұрақты тістердің сапасы осы сүт тістерінің сапасына байланысты болады. Көптеген сүт тістерінің аурулары тұрақты тістерге өтіп, тіс шығып келе жатқан уақытта ауруларды жұқтырып үлгереді.

Тістің ең басты жауы - тіс жегісі екені белгілі. Ол тіс арасында тұрып қалған тамақ қалдықтарына зиянды бактериялар жиналып, өзінен көп мөлшерде қышқылдар бөледі. Сол қышқылдар тіс эмалін ерітіп, тістердің бұзылуына әкеліп соқтырады. Ал бұл жағдай үлкендерге қарағанда балаларда екі-үш есе жылдам жүреді. Сол үшін де тіс тазалауды бала күннен әдетке айналдырған абзал.

Негізінде ауыз қуысының күтімін нәрестенің тісі енді шығып келе жатқан сәттен баста жүргізген дұрыс. Әр емізген сайын баланың аузын қайнаған суға батырылған мақтамен сүртіп тұру керек. Ал сәбиіңізді ауыздың уылуынан сақтау үшін аз мөлшерде ас содасы қосылған сумен шаю керек. Бала екі жасқа толғанға дейін оның тіс щеткасының орнына анасының саусақтары жұмыс жасайды.

Сәбидің жалғыз тісі болса да оған күтім қажет.

Ал, екі жастан асқан балаға тістерін тазалауды үйрету керек. Әрине, балаға үлкендерге арналған тіс пастасы мен тіс щеткасы дұрыс келмейтіні анық. Балаларға арналған құрамында фтор деңгейі өте төмен, есесіне минералды қоспалары мол арнайы тіс пасталары мен жұмсақ тіс щеткаларын беріңіз. Ауыз шаюға арналған спиртсіз сұйықтықтар да баланың тістерін жақсы сақтайды. Балалар тіс пастасын таңдау аса ұқыптылықты, мұқият болуды талап етеді. Ең бастысы, паста құрамында фтор деңгейі төмен немес мүлде болмағаны дұрыс. Балалар тіс тазалағанда пастаның 70 пайызын жұтып қояды. Ал бала ағзасына фтор көп мөлшерде енсе денсаулығына кері әсер етіп тіс эмалін жұқартады. Тістері сынғыш болып, түсі де өзгеріп кетуі мүмкін.

Баланың сүт тістері 6-7 жасынан бастап түсіп, тұрақты тістері шыға бастайды. Осы кезде тістер ерекше күтімді қажет етеді. Өйткені, сол кезеңде тұрақты тістердің қорғаныш эмалі қалыптаса бастайды. Сол үшін балаларды тістерін тұрақты түрде тазалауды үйретумен қатар оларға тістерінің дұрыс жетілуіне көмектесетін тағамдар беріңіз.

Құрамында сілтісі көп тағамдар, яғни, көкөністер мен жемістерді жеген өте пайдалы. Сілті сүйектерді қатайтып, сау болуына көмектеседі, тіс жегінің пайда болуының алдын алады. Әсіресе көкөністерді шикілей жегеннің пайдасы мол. Отқа тиген көкөністер құнарынан айырылып, жасушаларға пайдалы дәрумендері кеми түседі. Үнемі болмаса да арасында көкөністерді шикілей беріп тұрыңыз. Күнделікті тіс пастасымен қатар, тісті шай ағашының майымен тазалап тұру ауыз қуысындағы барлық бактерияларды жойып, тістердің сау болуына зор үлес қосады.

Мейлінше көбірек су ішкен дұрыс. Судан сілекей құралады. Сілекейде ауыз қуысының саулығына әсер ететін маңызды ферменттер бар. Сонымен қатар, тістерді микробтардан қорғайды.

Қанты көп және аса қышқыл тағамдарды мейлінше аз қолдану керек. Егер ағзада қышқыл мөлшерден артып кетсе сүйектердің саулығына тікелей әсер ететін кальций деңгейі төмендеп кетеді де, тісіне жегі түсуі мүмкін.

Сондықтан, балаңыздың тістері сау болсын десеңіз, жоғарыда келтірілген кеңестерді орындауға тырысыңыз.


Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Яндекс.Метрика