• қазан 14, 2017

​Балаға ерекше ат қоюдың сыры неде?

​Балаға ерекше ат қоюдың сыры неде?

Жаңа туылған нәрестеге ат қою ‒ әрбір ата-ана үшін жауапты іс. Кейбірі сәбиі дүние есігін ашпастан бұрын есімін таңдап қойса, енді бірі шақалақ өмірге келген соң ғана оған лайықты ат таңдауға кіріседі. Балаға ат қою құқығы көбінесе әулеттің үлкендеріне, ата-әжелерге бұйырады. Қариялар жағы немересі немесе шөбересіне өздеріне ұнайтын, бұрыннан құлақтарына қанық есімдерді лайық тапса, ал жастар заманауи есімдерді құп көреді. Сәбиге қандай есім қойылса да, маңыздысы оның мағынасының болғаны. Себебі, есім адам өмірінің соңына дейін онымен бірге болады. Сондықтан балаға мағынасы жақсы әрі құлаққа жағымды естілетін есімдерді қойған жөн.

Ғалымдар есім адам тағдырына, оның болмысына айтарлықтай әсер ететінін айтады. Балаға қойылған есім қаншалықты көркем болса, оның өн бойына соншалықты көркем қасиеттер жиналады екен. Дегенмен, ата-бабаларымыз кей жағдайларда аттың көркемдігіне аса мән бермеген. Балаларының есімдерін ырымдап қоятын болған. Ырымдап қойылған есімдерді қазір де құлағымыз шалып жатады. Мұндай есімдерді беруде ерекшеліктер де бар. Олар мыналар:

1. Балаға артық саусағына қарай Артық, Артықәлі, Артықбай, Қосекен есімдері қойылады.

2. Балаға тіл-көз тимесін деген ниетпен Жаманбай, Тезекбай, Итбай, Қойшыбай, Ошақбай есімдері таңдалынады.

3. Баланың дені сау, тәні берек болсын деп Тасболат, Шымырбай, Болат, Тастемір есімдері беріледі.

4. Ал баласы шетіней беретін шаңырақта Аман, Тұрды, Амангүл, Есен, Жүрсін, Тұрсынкүл, Тоқтар, Тоқтасын деген есімдер кездеседі.

5. Жаңа туған шақалақ өмірінің ұзақ болуын тілеген ата-ана Мыңжасар, Жүзжасар, Өмірбек, Ұзақбай, Жанұзақ деген есімдерді таңдайды.

6. Бағзы заманда қолданылған қару-жарақ аттарына байланысты Шоқпарбай, Қылышбай, Мылтықбай, Садақпай, Найзабек есімдері қойылады.

7. Сәбиге ауыл-аймаққа беделді, елге сыйлы азаматтардың, қаһарман, батырлардың есімін қою да жиі кездеседі. Мысалы, Абылай, Жәнібек, Шыңғыс, Махамбет, Исатай, Абай, Сәбит сынды есімдер осының көрінісі.

8. Көзге түсетін ерекше белгілеріне қарай Сүндет, Қалдыбек, Анаргүл, Меңдеш, Меңдігүл, Нышан есімдері таңдалып алынады.

9. Мұсылманша есімдер Әдбіғали, Зылиха, Хадиша, Оспан, Омар, Әли, Жамал, Иса, Мұхаммед, Сүлеймен де балаларға қойылатын аттар тізімінен табылады.

10. Қыз балаға қойылатын есімдер арасында Айсұлу, Күмісай, Райхан, Шолпан, Жұлдыз, Жібек, Мақпал, Меруерт, Қарлығаш, Құралай сынды аспан әлемінің, аңдар мен құстарды, асыл тастар, қымбат маталардың, гүлдердің аты жиі ұшырасады.

11. Ал ұл балалардың есімдерінде табиғат құбылыстары, төрт-түлік, аң мен құс аттары кездеседі. Мәселен: Тасқын, Боранбай, Дауылбай, Арыстан, Жолбарыс, Бүркіт.

12. Мерзімінен бұрын дүниеге келген баланы Шалабек, Шалабай деп атайды.

13. Сирек кездесетін есімдер қатарында әкесінің жасына қарап қойылатын аттар бар. Олар: Жетпісбай, Алпысбай, Тоқсанбай, Қырықбай, Елубай.

14. Узақ уақыт бойы бір перзентке зар болып, бала сүюуді армандаған ата-ана ‒ Құдайберген, Аяпберген, Тілеуқабыл деп, арман-мақсатыма жеттім деп ‒ Арман, Мұрат, Мақсат деген есімдерді таңдайды.

15. Кенже бала болсын деп Кенжебек, Кенжегүл, Еркебала есімдері қойылады.

16. Келесі туылған бала ұл болсын деп қыздарға Ұлбосын, Ұлжан, Ұлжалғас есімдер қойылған.

17. Сәби дүние есігін ашқан сәтпен байланыстырып оған Наурызбай, Құрбанкүл, Таңат, Таңшолпан, Рамазан есімдері берелген.

Халқымыздың ғасырлардан жеткен ырымдарында есім қоюдың өзіне тән осындай ерекшеліктері сақталған. Бүгінгі күні заман талабына сай бұлардың көбі қолданыстан шығып, оның орнын басқа халықтардан енген есімдер толтыруда. Әсел («бал»), Әмина («сенімді»), Мәлік («патша»), Рәзия («сүйкімді, тартымды»), Жәния («нәзік жанды»), Рүстем («батыр, ержүрек») сынды жақсы мағына беретін есімдер қазіргі күні бөбектер арасында кең таралған. Кім білсін, мүмкін болашақта айтылуы да, естілуі де әдемі мұндай ерекше есімдерді еншілеген бүлдіршіндердің аты ғана емес, заты да сондай ерек болар.

Дайындаған: Нұргүл Налтай

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Яндекс.Метрика