• шілде 16, 2017

Сәбиде тістің шығуы жеңіл болсын десеңіз...

Сәбиде тістің шығуы жеңіл болсын десеңіз...

Сәбидің алғашқы тісі жарып шыққанда ыстығы көтерілу, ауыру, жөтел, мұрын бітелу, жүрегі айнып құсу сияқты ағзасында өзгерістер байқалады. Бұл балада тіс шыққанда болатын қалыпты жағдайлар болғандықтан түгел шығып біткенше мазасызданудың қажеті жоқ. Дегенмен, аналары мазасызданған балаға алғашқы көмек көрсетуге тиісті. Сондықтан да баланың тісі қай айдан бастап шығатындығы, алғаш тіс жарып шыққандағы нәрестенің жағдайы мен оған көмек көрсетуді біліп-үйрену жас анаға қажетті болады.

Нәресте тістерінің жарып шығу кезеңі

Алғашқы (ортаңғы) астыңғы күрек тісі – 6-9 айда;

Алғашқы (ортаңғы) үстіңгі күрек тістері – 7-10 айда;

Екінші (шеткі) үстіңгі сүйір тістері – 9-12 айда;

Екінші (шеткі) астыңғы сүйір тістері – 9-12 айында;

Бірінші үстіңгі кіші азу тістері – 12-18 айында;

Бірінші астыңғы кіші азу тістері – 13-19 айында;

Үстіндегі екінші үлкен азу тісі – 16-20 айында;

Астыңғы үлкен екінші азу тістері – 17-22 айында;

Үшінші астыңғы үлкен азу тісі – 20-33 айында;

Үшінші үстіңгі азу тістері – 24-36 айында жарып шығады.

Сәби ағзасындағы өзгерістер

Сәбидің алғашқы тістері жарып шығатындығын қызыл иектің қызаруынан, тістің томпайып аздап ағарып шыға бастағандығынан, беті және денесі ысып, қызаруынан білуге болады. Сондай-ақ, сәбидің алғаш тістері шыға бастаған кезде тістеніп, мазасызданып, жылап, түн ұйқысы бұзылып, асқа тәбеті болмай, аузынан сілекейі ағып, маңдай терісіне бөртпелер шығады. Сонымен бірге, мынадай жағдайларды да байқауға болады: ыстығы көтеріліп, іші өтіп, тамағы ауырып, жөтеліп, жүрегі айнып құсып, құлағы ауырады. Осы кезде міндетті түрде дәрігерге көрсетіп, ауруын жеңілдететін дәрі-дәрмектер беріп, тістің шығуы мен ауырғанын жеңілдету үшін қызыл иегіне арнайы гель мен майларды 3 күн 2-3 мезгілден жағып тұрған дұрыс.

Ыстығы қатты көтерілген жағдайда...

Тіс жарған кезде қатты ыстығы көтеріліп, сәби мазасызданады. Мұндай кезде ыстық түсіретін дәрі берген жөн. Егер де дәріден кейін ыстығы түспестен 39-40С-тан асып кетсе, онда бала ағзасында басқа аурудың бар екендігінен белгі береді. Мұндайда дертті асқындырып алмас үшін мінедетті түрде уақытында дәрігерге көрсетіп, кеңес алу керек.

Тіс түсі дерттен хабар береді

  • Тістің жаруы кешіксе жұқпалы, рахит, асқазан және ішек аурулары мен зат алмасудың нашарлауының белгісі.
  • Тістің тым ерте шығуы да дұрыс емес. Ол эндокринді бұзылыстарынан хабар береді.
  • Тістің жарып шығу ретінің бұзылысы (мысалы, бірінші сүйір сосын күрек немесе азу тістерінің шығуы) ағзадағы ауытқушылықтың немесе жүкті кезде анасының қандайда бір дертке шалдығып емделгендігінің әсерінен болады.
  • Тістің ретсіз, қисық шығуының себебі тістің дұрыс орналаспауынан болады.
  • Кейде тістері шығып қойған нәрестелер дүниеге келіп жатады. Ондай тістер баланың емуіне кедергі келтіреді. Сондықтан көп жағдайда оны жұлып тастайды.
  • Тістің сарғыш-қоңыр болып шығуы, ананың жүктіліктің екінші кезеңінде немесе баланың тісі шығар алдында антибиотик қабылдағанынан болады.
  • Сарғыш-жасыл болып шығуы қандағы эритроциттердің бұзылысын аңғартады.
  • Тістің қызғылт түсті болуы хлорофильдің, гемоглобиннің және басқа да биоқосылыстардың құрамына кіретін пигменттің бұзылысынан орын алатын порфирия дертінен хабар береді.


Тістің шығуын жеңілдету үшін...

  • Тіс тез әрі оңай жарып шығу үшін тістейтін жұмсақ затты тоңазытқышқа салып мұздатып беру керек. Снымен бірге қолды тазалап жуып, саусақпен қызыл иекке массаж жасап тұру қажет.
  • Тістің жаруы жеңіл болуы үшін шай немесе ас қасықты тоңазытқышқа салып мұздай күйінде тістеуге беруге болады.
  • Таза дәкені салқын суға малып, суын сығыңқырап берсе тістің шығуы жеңілдейді.
  • Қызыл иектің ауырғанын басу үшін нанды немесе бананды тістетіңіз.
  • Ауырғанын басу үшін түймедақ не болмаса ара балауызы тұнбасына саусаққа залалсызданған дәке орап салып сулап, қызыл иекке массаж жасау керек.
  • Сұқ саусаққа таза дәкені орап, 1 стакан қайнаған салқын суға 1 шай қасық ас содасын салып, дайын суға дәкені малып қызыл иекке массаж жасау да пайдасын береді.
  • Қызыл иекке бал жағыңыз.
  • Құрамында Д тобындағы дәрумені және кальций бар тағамдарды беріңіз.
  • Күннің көзінде көбірек жүрген сәбидің тістері жеңіл, ауырмай шығады.

Ескерту:

Таза сүлгімен ауыз қуысынан бөлінген сілекейді теріге зақым келтірмей сүртіп, суды көп беріп, жиі емізу керек.

Ырымдар:

  • Егер де тістің шығу барысында жөтел пайда болса онда тістің жаруы ұзаққа созылады.
  • Қыста не көктемде тіс жеңіл әрі тез шығады.
  • Жаз мезгілінде тістері шыққан бала аурушаң келеді.
  • Алғаш тіс жарғанда қатты таңқалуға болмайды.

Сүт тістерге де күтім қажет

  • Баланың тамақтанатын қасық және кесе, бөтелкелерін таза күйінде ұстап, оны ересектер аузына салып пайдаланбауы тиіс.
  • Сәбиге тәтті тағамдарды мен сусындарды беруге болмайды.
  • 1 жасар баланы тамақтан соң бір-екі ұрттам су ішуге, ал 2 жастан бастап әр тамақтанып болғаннан кейін ауыз қуысын шаюға әдеттендіріңіз.
  • Тіс дәрігеріне әр 6 ай сайын тексертіп тұрыңыз.
  • Тіс тез құрт түсіп құртылмас үшін, тіс эмалінің зақымданбауын қадағалап отырыңыз.
  • 2 жастан бастап тісті күніне 2 мезгіл тазалап тұруға үйрету керек.
  • Тісін қатайту үшін күніне 10-20 гр. ірімшік, 1 ас қасық теңіз қырыққабатын, 5 дана жүзім, қара және көк шай беріп тұру керек.

Ұқсас мақалалар

1 Пікір

  1. Асем

    Қызым 4 айдан асты астыңғы екі тісі жарып шығып жатр соған уайымдап жүрм. Ерте шыққан тіс дұрыс емес дид қандай кеңес айтасыз

Пікір қалдыру

Яндекс.Метрика