• қазан 18, 2017

​Шала туылған баланы қалай күтеді?

​Шала туылған баланы қалай күтеді?

Ай-күні жетпей дүние есігін ашқан нәрестені "шала туылды" деп жатамыз. Қалыпты жүктілік уақыты 38-40 аптаны қамтыса, ал жүктіліктің 28-ші аптасы мен 36-шы апта арасында туылған балалар шала туылған болып саналады. Мұндай сәбилердің салмағы 2500 г-нан аз, бойының ұзындығы 45 см-ден төмен болады. Уақытынан бұрын, яғни 37 аптаға жетпей туылған балалардың ағзалары мен жүйелері толық жетілмегендіктен олар айрықша күтім мен қамқорлық қажет етеді.

Шала туылған балалардың терісі жұқа, мойны жіңішке әрі ұзын, басы үлкен, еңбегі кішкентай, тыныс алуы және дыбыс шығаруы нашар, емшек сора алмау, дұрыс жұтынбау сынды көптеген белгілері болады. Әлсіздігі себепті бала арнайы бапты қажет етеді. Мұндай жағдайда үйдің температурасы, ылғалдылығы, тамақтандыру бәрі-бәрі тәртіппен және толық түрде жүзеге асуы керек. Күтіп-баптауда аса ыждаһаттылық танытсаңыз балаңыз көзді ашып-жұмғанша өзі қатарлы балаларды қуып жетеді. Дені сау, сүйкімді болып көз қуанышыңызға айналады. Керісінше, дұрыс қамқорлық жасамасаңыз қайғылы жағдай орын алуы мүмкін екендігін қаперіңізде сақтаңыз.


Дене қызуын бақылау

Орталық жүйке жүйесінің нашар дамуы бала денесінің жылуына әсер етеді. Сол себептен де шала туылған баланың дене қызуын үнемі бақылап әрі оны 36,5-37,5 °С-тің көлемінде бірқалыпты болуын қадағалап отыруы қажет. Нәрсетеге киім кигізгенде өзіңіздің сезу жүйеңізге сенуге болмайды. Себебі сізге жылы болғанымен балаңызға салқын болуы мүмкін. Киіндіргеннен жарты сағаттан соң баланың температурасын өлшеңіз. Осылай сіз оны дұрыс не бұрыс киіндіргеніңізді анықтай аласыз. Шала туылған балаға міндетті түрде шұлық, арнайы қолғап пен баскиім кигізген жөн. Дәрігерлер «шалабайларға» салқын тиіп қалмауы үшін олардың киімі мен жөргектерін жиі ауыстырып тұруға кеңес береді. Үй ішіндегі температура алғашқы айларда 22-25 °С, ал ауа ылғалдылығы 40-70 % болуы ескерілуі қажет. Әр 3 сағат сайын 15-20 минутқа бөлменің ішін желдетіп алуды да ұмытпаңыз.

Бір айдан соң ғана шала туылған баланың температурасы қалыпты бола бастайды. Осы кезден бастап оның дене қызуын күніне екі рет, таңертең және кешкі уақытта ғана тексеріңіз.


Тамақтану тәртібі

Шала туылған бала үшін (жалпы, барлық нәресте үшін) ана сүтіне жететін ештеңе жоқ. Егер бала емшек сүтін сора алатындай болса, онда алғашқы бір айда 2-2,5 сағат сайын, 15 минут емізу қажет. Емізер алдында емшек үрпісін жылы сумен жуып, кейін құрғатып алғаныңыз абзал. Шала туылған бала тек төрт айға толған соң ғана өз мерзімінде туылған балалар секілді тамақтануға көше алады.

Кейде, салмағы 1000-1200 грамм болып туылған шақалақтар мүлдем сора алмайды. Ондайда балаға берілетін тамақты дәрігерлер белгілейді. Егер қажет болса, дәрігерлер ана сүтін байытушы қоспамен тамақтандыруға кеңес береді. Қоспа арқылы бала өзіне қажетті микроэлементтер мен құнарлы заттарды алады.

Шала туылған балалар жиі құсады. Ал баланың құсуын азайту үшін мынадай тәсілдерді қолдану қажет:

  • бала тамақтанып болған соң оны 20 минут тік ұстап тұру;
  • тамақтану арасында етбетінен жатқызу.

Шала туылған балалардың салмағын да үнемі бақылуда ұстауға тиістісіз. Егер салмағы артпаса оның себебін анықтауға тырысыңыз. Міндетті түрде педиатрдың қабылдауында болып, кеңесіне құлақ түріңіз.

Айына жетпей туылған сәбиге сырқат, әсіресе, тұмауратып жүрген жандарды жақындатуға болмайды. Сонымен бірге, сүт берер алдында әртүрлі аурулардың алдын алу үшін бөтелкесі мен емізігін міндетті түрде қайнатып алу қажет.


Шомылдыру шарттары

  • баланы тек дәрігердің рұқсатынан соң ғана шомылдыру керек.
  • алғашқы бір айда тек қайнаған (суытылған) суға ғана шомылдыру шарт. судың температурасы 37 °С-тан төмен болмауын қадағалаңыз.
  • баланы сабынмен аптасына 1-2 рет шомылдырсаңыз жеткілікті.
  • шомылдырып болған соң оны жылы сүлгіге орау керек. Баланың денесін сүрткенде терісіне зақым келтіріп алудан абай болыңыз.
  • күнделікті баланың беті-қолдарын, мұрны мен көзін тазалап тұру қажет.


Серуен

Сәбимен серуенге шыққанда алдын ала ауа райын біліп алыңыз. Өйткені температураның күрт өзгеруі бала денсаулығына кері әсер етеді. Дене салмағы 1,5 кг және одан жоғары болып туылған нәрестелер 2 аптаға толған соң жаздың 25-26 градус ауа температурасында серуендей алады. Бірақ серуен уақыты 10-15 минуттан аспауы тиіс. Уақыт өте келе таза ауаға шығу мерзімін (20 минут қосып отырып) 1-1,5 сағатқа дейін ұзартыңыз. Күз бен көктем мезгілдерінде (10 градусқа дейінгі температурада) 1-1,5 айлық, салмағы 2500 г-нан жоғары нәрестелермен серуенге шығуға болады.


Медициналық бақылау

Мерзімінен бұрын дүние есігін ашқан балалар 7 жасқа дейін диспансерлік бақылауда болады. Алғашқы екі жыл кардиолог қадағалап тұрады. Сонымен бірге, өз уақытында невропотологқа қаралып тұру да маңызды.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Яндекс.Метрика