• қазан 03, 2017

​Құлақ неге естімей қалады?

​Құлақ неге естімей қалады?

Құлақ аурулары – құлақтың сыртқы, ортаңғы және ішкі бөліктерінде кездесетін дерттер. Құлақ аурулары жедел және созылмалы деп бөлінеді. Жиі кездесетін сыртқы құлақ ауруларына отит, перихондрит, отогематома, құлық жатады. Әсіресе, балаларда жиі кездесетін түрі – сыртқы есту жолына бөгде дененің түсуі. Бұл кезде баланың құлағы қышып, есту қабілеті төмендейді. Осының салдарынан есту жолы терісі қабынып, сұйық зат бөлінеді. Емдеу үшін бөгде денені жою мақсатында спиртті тамшы тамызады, стерильді жылы ерітіндімен есту жолын тазалайды. Ауру асқынып кетсе хирургиялық ота жасалады. Ішкі құлақ ауруларынан есту жүйкесінің невриті мен отосклероз жиі кездеседі. Есту жүйкесінің невриті түрлі жұқпалы аурулардың (тұмау, қызылша, қызамық және т.б.) асқынуынан және құлаққа түрлі инфекциялардың түсуінен болады.

Бұл аурудың белгісі: құлақ үнемі шуылдап тұрады, адамның естуі төмендеп, тіпті сөйлеудің өзі қиындайды. Науқасты емдеу үшін мидың қан айналысын жақсартатын препараттар, В, С тобының дәрумендерін ішкізеді, кейде лазерлі және төмен жиілікті магниттік терапия қолданылады.

Отосклероз – екі құлақтың да есту қабілетінің төмендеуі. Әдетте дыбыс толқыны дабыл жарғағынан және есту сүйекшелерінен өтіп, есту жүйкелерін тітіркендіреді. Ауру кезінде ортаңғы құлақты ішкі құлақпен жалғастыратын үзеңгі, төсше және балғашық сүйекшелері қозғалғыштық қабілетінен айырылады. Соның нәтижесінде дыбыс есту жүйкелеріне жетпейді. Аурудың белгісі бірден байқалмайды, адамның естуі бірте-бірте төмендейді. Дәрі-дәрмекпен емдеу көп нәтиже бермейтіндіктен, көбіне есіттіргіш аппараттардың көмегіне жүгінесіз немесе хирургиялық ота жасатасыз.

Құлақ мүкістігі – есту органының дерті. Құлақ мүкістігі әр түрлі құлақ аурулары (отит, отосклероз, т.б.) салдарынан, қабыну, мұрын, жұтқыншақ ауруларының, сондай-ақ, қызылша, тұмау, қызамық, т.б. жұқпалы аурулардың асқынуынан пайда болады. Кейде ұрықтың дамуы кезінде ортаңғы, ішкі құлақтың жетілмеуінен бала іштен туа естімейтін болуы мүмкін. Мұндайды туа пайда болған құлақ мүкістігі деп атайды. Бұл баланың дұрыс сөйлеуіне де әсерін тигізеді.

Құлақ қандай жағдайда естімейтін ауруға шалдығады?

* Айқай-шудың ұзақ уақыт әсер етуінен;

* Есту жүйкесі қызметінің бұзылуынан;

* Уланудан;

* Дәрі-дәрмектерді шамадан тыс ішуден пайда болады.

Ал құлаққа құлық қатқанда немесе құлақ ішіне іріңді жара шыққанда адам уақытша естімей қалуы мүмкін. Сондықтан да бұл дертті емдеу кезінде нақты әрі дұрыс диагноз қою керек. Ал іштен туа біткен кемістікке кей жағдайда хирургиялық ота жасайды.

Құлақ ауруы естуінің нашарлауы түрлі жағдайлардан болуы мүмкін. Құлақтың әр түрлі бөлімдері қабынып ауырады. Сол кезде адам естімей қиналады. Мұрын мен мұрын-тамақ жолдары сырқаттануының салдарынан дабыл қуысына ауаның келуі қиындап, дыбыс өткізгіштік бұзылады. Бұл қабыну ұзаққа созылса, ортаңғы құлақта жапсырма және тыртық пайда болады. Соның салдарынан құлақ көмескі естиді.

Аурудың алдын алу үшін

Есту мүшесінің қалыпты жұмыс істеуі алдымен тазалық сақтауға байланысты. Ол үшін құлақты сабындап жылы сумен жуып тұру керек.Әдетте, құлақтың сыртқы дыбыс жолының бездерінен құлық бөлінеді. Құлық шаң-тозаң мен зиянды микробтарды ішке өткізбей корғаныштық кызмет атқарады. Дегенмен, құлақта құлық көбейсе, адам естімей, керең болып қалуы мүмкін. Сондықтан құлықты ауық-ауық тазалап тұрған жөн. Құлықты тазалағанда қатты, үшкір заттарды пайдалануға болмайды.

Оны қалай емдейді?

Бұл ауруға шалдыққан кез келген науқас дер кезінде дәрігердің қарауында болып, ұсынылған емді үзбей қабылдауға тиіс. Сонымен қатар сурдологиялық орталықтарда клиникалық аудиометр, темпанометр сияқты аппараттар бар. Мұнда 5 жастан бастап құлағы ауыр еститін балаларды қарап, оларға диагноз қойылады. Ем-дом жолдарына кеңес беріледі. Темпанометрдің көмегімен есту қабілеті бұзылған жағдайда және орталық құлақтың сырқатын анықтай алу мүмкіншілігіне ие.

Бұл ауру көбінесе аденоидтен, тамақ-мұрын бездерінің ұлғаюы салдарынан орын алады. Бас сүйек жарақаттанғанда, ми қыртысы қабынса да, қан тамыры склерозға ұшыраса да есту қиындайды.Құлаққа құлық қатып, тесігін мүлдем бітеп тастаса да естілмейді. Бас шайқалса да құлақ естімей қалады. Құлақ ауырғанда, есту нашарлағанда дәрігерге қаралу қажет, олардың кеңесімен есту аппаратын сатып алып, пайдаланған жөн.

Құлақ ауруын халық емі де жазады

* Құлаққа бір тамшы қара зире майын тамызу керек. Ол құлақты тазалап, ауруын басады. Жарты шай қасық қара зире майын күніне бір рет ішу керек.

* Егер құлағыңызда қандай да бір шу пайда болып, естуіңіз нашарласа, онда күніне 1 рет 1 стақан ыстық құлмақ ішіңіз.

*Құлақтың естімей қалуына лимон да жақсы көмектесе алады. Ол үшін күніне 1 рет 1/4 бөлігін қабығымен жеңіз.

* Күніне бір рет 3-4 тамшыдан құлағыңызға бадам майын тамызыңыз. Бұл емді жүргізудің өзіндік ережесі бар: бірінші күні бір құлағыңызға, екінші күні екінші құлағыңызға тамызасыз, емделу мерзімі – 30 күн.

* Лавр жапырағын ұнтақтаңыз. Оның 2 ас қасығына 1 стақан қайнаған су құйып тұндырыңыз. Шамамен 2 сағаттан соң сүзіп алып, әр құлағыңызға 3-4 тамшыдан тамызасыз. Емді күніне 2 рет жүргізіңіз. Емделу мерзімі – 14 күн.

Құлақ ауруы кезінде оқылатын дұға

Фәләқ сүресін бір рет оқып, қыша дәндерінен дайындалған жылы майға үшкіріп, науқастың ауру құлағына бірнеше тамшы тамызыңыз.

"Бисмиллахир рахманир рахим!

Қул ә”узу би раббил фәләқа мин шарри ма халақа, уә мин шарри ғасиқин изә уақаба, уә мин шаррин нәффәсәти фил “уқади, уә мин шарри хасидин изә хасад".

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Яндекс.Метрика