• тамыз 28, 2017

Остеохондроз жазылатын ауру ма?

Остеохондроз жазылатын ауру ма?

Бұл тақырып егде жастағылар түгiлi, жастарды да елең еткiзетiн тақырыпқа айналғалы қашан?! Ө­йткенi арқа, мойын, бел ауруларымен үлкендер тұрмақ жастар да шағымданады. Арқасы, мойны, белi ауырса, массаж жасатып жеңiлдеп қалатындар жоқ емес. Десек те, белгiсi бiлiнбей келген ауруды асқындырып алудан абай болыңыз. Жалпы остеохондроз ауруы жайлы, одан жазылудың жолдары туралы арнайы маманның пiкiрiн бiлген артық болмайды.

Бұл сұрақтарымызға ОҚО, Шымкент қаласындағы №6 емхананың терапевт дәрiгерi Жусипова Динара Бекболатқызы жауап бередi:

- Арқа, мойын ауруын тудыратын басты себептер қандай?

- Бiзге келетiн науқастардың басым бөлiгi арқасының, белiнiң немесе мойнының ауыратынын айтып шағымданады. Қалай ауыратынын сұрасақ, «жауырыным ауырады», «желкем тартылады» деп жауап бередi. өкiнiшке орай мұндай сырқаттардың белгiсi жастарда да бiлiне бастауда. Сондықтан да бұл аурудың алдын алып, емдеу шараларын тұрақты жүргiзу дәрiгерлердiң басты мiндетi.

Арқаның ашып ауыруы, жауырынның тартылуы, желкесiнiң құрысуы сынды арқаға тән ауру бiр емес бiрнеше себептерден пайда болады. Оны медицина тiлiмен остеохондроз деп атайды.

Остеохондроз – сүйек және шемiршектердiң қабынуы, сүйектердiң буын араларына минералды тұздың жиналуынан орын алады. Остеохондроз туберкулез ауруынан немесе сүйектер мен буындарға iрiңдi инфекцияның түсуiнен пайда болады. Ауыр дене еңбегi мен шағын жарақаттар және салқын тиiп ауру факторлары остеохондрозды асқындыра түседi. Бұндай ауруға шалдыққан адамдардың сүйектерi мен буындары сырқырап ауырады. Науқастың жүрiп-тұруы қиындайды. Көбiнесе бұндай жағдай бел омыртқа остеохондрозында байқалады. Оны рентгендiк диагностика арқылы анықтайды. Сүйектiң пiшiнi өзгермес үшiн науқасты қозғалтпай тыныш жатқызу керек. Ауырсынуды азайту үшiн ауырған жерге жылу басып, қабынуға қарсы дәрi-дәрмектер берген жөн. Остеохандроз мойын, кеуде бел омыртқалар бөлiгiн қамтиды.

Мойын бұлшық етi жылдам шаршайды, иық, арқа, екi қолдың бұлшық етi салдырап тез талады. Ал күн ұзағына қозғалмай үстелде отырып жұмыс iстеу ауруды асқындырады. Иық немесе буыны ауырған адамдар оны көпшiлiкке танымал ревматизм немесе полиартрит ауруымен шатастыруы мүмкiн. Остеохондрозға шалдыққанда омыртқа арасынан шыққан жұлынның талшықтары қысылып қалса, жүрек тұсы шаншиды. Ал бұны бiреулер инфаркт немесе стенокардия ауруымен шатастырады. Мәселен, мойын омыртқа остеохондрозында миды қоректендiрiп тұрған қан тамырлары қысылып, мидың жүйелерi мен ми сүйегi зақымданады. Бұнда неше түрлi белгiлер байқалады. Бас пен желке тұсы ауырып, көз бен жұтқыншаққа да әсер етедi. Кейде адам лоқсып құсуы мүмкiн. Көзiнiң алды сағымданып, перде тұрғандай немесе ұсақ шыбын-шiркейлер ұшып жүргендей көрiнедi. Ауру асқынған кезде дауыс шықпай қырылдап қалады. Адамда әлсiздiк, тез ашулану, өкпелеушiлiк, қорқыныш, абыржу, ұмытшақтық пайда болып, ұйқы бұзылады.

Ересектер арасында бел омыртқаның зақымдануы, яғни радикулит жиi кездеседi. Алғашқы белгiсi – белдiң ауруы. Бұл күтпеген жерде кенеттен ұстап қалады. Бел бұлшық еттерiнiң бiрден қатты жиырылып, шымырланып қалуынан белiңiз ауырады. Ауру ұзаққа созылғанда ауыратын нүктенi табу қиын. Бұндай кезде арқаны тiк ұстау керек, сол кезде омыртқа жотасы жамбас сүйекке қатты кiрiгедi де оның арасындағы сақиналы дөңгелектерге күш бiрдей түседi. Сонда ешқандай қолайсыз әрекеттерге жол берiлмейдi. Аурудан айығудың ең тиiмдi жолы – дене жаттығуларын жасап, көбiрек суда жүзу керек.

Бұл аурудың белең алуының бiрнеше себептерi бар. Тiптi әйелдердiң үнемi биiк өкшелi аяқ киiм киюi де осы дертке алып келедi.

Аурудың алдын алу үшiн:

Бiрiншiден дұрыс отыруды үйренген жөн. Кеңседе, теледидар, компьютер алдында отырғанда еңсенi тiк ұстаңыз, омыртқаның қисаюына жол беруге болмайды. Ара-арасында иықтарыңызды қозғалысқа келтiрiп, қимылдап қойғаңыңыз жөн. Жүргенде де бүкiреймей, иықтарды тең ұстауға мән беру керек. Ал таңертең жаттығу жасауға үлгере алмасаңыз ештеңе етпейдi. Оны кешке жатар алдында жасаңыз. Бұл жерде мәселе омыртқаның жаттығуына қатысты болғандықтан оны тек таңертең жасау керек деген қатаң қағида жоқ.

Бұл ауру жасқа байланысты асқындай бередi. Көп қимылдап, көп жүретiндерде бұл дерт сезiлмейдi, ал қозғалыс азайған сайын ауру да қоза бастайды. Сондықтан да көбiрек қимылдап, дене жаттығуларын жиi жасап тұруға тырысыңыз.

Кез-келген ауыр жұмысты дем шығарып жасаса, қан қысымы көтерiлмейдi. Сондай-ақ, күнiне 2 литр су iшкен пайдалы. Бұл қою қанды сұйылтады, бұлшық еттердiң серпiмдiлiгiн сақтайды.

Арқа ауруларының алдын алу үшiн

1. Басыңызға үнемi аласа жастық жастаңыз, ол омыртқның қсаюына жол бермейдi, басқа баратын тамырды тарылтпайды;

2. Төсегiңiз қатты болуын қадағалаңыз;

3. Ешқашан ауыр зат көтермеңiз;

4. Отырғанда да, тұрғанда да омыртқа жотасын тiк ұстауға әдеттенiңiз;

5. Басты салбыратпай, тiк ұстап жүруге дағдыланыңыз;

6. Көбiрек қимылдап, дене жаттығуларымен айналысыңыз.

Арқа аурулары – созылмалы сырқат түрiне жататындықтан, денсаулығы сыр берген адамдар дер кезiнде дәрiгерге қаралғаны жөн. Емдеудi неғұрлым ерте бастаса, аурудан айығу да соғұрлым жеңiл болады. Омыртқа, бел ауруларын басатын арнайы жақпа майлар мен гельдердi алып, пайдалануларына болады. Айта кетерлiк жайт, арқадағы ауру аяққа түссе, ол – өте қауiптi. Мұның соңы адамның сал болып қалуына әкелуi мүмкiн. Сол себептi осындай жағдайға тап болған азаматтар салғырттыққа салынбай, бiрден ауруханаға келiп, емделулерi тиiс.

Осы кеңестердi жадыңыздан шығармасаңыз, аурудың алдын алатыныңызға сенiңiз.

Ауруды емдеу үшiн

Бұл ауруды бүгiнгi таңда терапевт дәрiгер қарайды. Егер асқынған түрiнде болса, невропатолог дәрiгерiне жолдаймыз. Бүгiнде бұл сырқатты емдеу үшiн түрлi әдiс-тәсiлдер қолданылып келедi. Алдымен науқастарға диагностика жасалып, рентгенге омыртқасын түсiруге жiберемiз. Содан кейiн сырқатының жеңiл немесе ауырлығына байланысты емдеу шараларын белгiлейдi. Сырқаттың жеңiл түрлерiне сақтану емi қолданылады. Нақтырақ айтқанда, науқастар дәрi мен физиотерапиялық емге жүгiнедi. Ал асқынған ауруға шұғыл ем тағайындалады. Ол хирургиялық жолмен жүзеге асады.

Остеохондрозды анықтауға МРТ (магнитно-резонансная томография) қолайлы. Бұл аппарат шемiршек, жұмсақ еттердегi өзгерiстердi жақсы көрсетедi. Ал компьютерлiк томография соққы, жарақат алған науқастарға тиiмдiрек.

- Арқа, мойын ауруы тұқым қуалай ма?

- Жоқ. Ол тұқым қуалайтын ауру емес. Оны адамдар өзiне дұрыс күтiм жасамағаннан, салауатты өмiр салтын дұрыс жүргiзбегеннен, қимыл-қозғалыстың аздығынан және дене жаттығуларын жасамағаннан болады.

- Арқа, мойын ауруының көңiл-күйге әсерi қандай?

- Ең қиыны, арқа аурулары адамда елеусiз басталады. Бiртiндеп жауырынның ашуы үдеп, ол желкенiң тартылуына, одан бастың қысып ауруына жол ашады. Мұндайда адамның көңiл-күйi нашарлап, ашуланшақ болады. Өйткенi арқа аурулары неврологиялық дертке жатады. Ол бiртiндеп адамның белiн, басын, аяғын, қолын, бүйрегiн, өзге де iшкi ағзаларын ауруға ұшыратуы мүмкiн.

Омыртқа аралық нервтер зақымдалып, басқа әсер етедi. Соның салдарынан депрессияға шалдығады. Ондай жағдайда невропатолог дәрiгерлер емдейдi.

Сұхбаттасқан - Құрманкүл Өмірзаққызы

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Яндекс.Метрика