• тамыз 28, 2017

Жөтелдi жеңудiң жолдары

Жөтелдi жеңудiң жолдары

Жөтел – тыныс алу жүйесi ауруларының ең жиi кездесетiн белгiлерiнiң бiрi. Жөтел өкпе қабынуы, туберкулез, тыныс жолының (көмекей, кеңiрдек, т. б.) қабынуы кезiнде, сондай-ақ тыныс жолдарына шаң-тозаң, улы газ, темекi түтiнi енгенде, суға шашалғанда, негiзiнен, тыныс органдарының iшкi қабатына орналасқан сезiмтал жүйке талшықтарының тiтiркенуiнен болады. Жөтел кезiнде тыныс жолдарына жиналған қақырық сыртқа шығады.

Жөтел қақырықты және қақырықсыз, жиi және қатты деген бiрнеше түрге бөлiнедi.

Қақырықты жөтел бронхит (тыныс жолдарының қабынып қызаруы), пневмониямен (өкпе қабынуы) ауырғандарда болса, ал қақырықсыз жөтел фарингит (жұтқыншақтың қабынуы), трахеит (кеңiрдектiң iшкi кiлегей қабығының қабынуы), ларингит (көмейдiң талаурауы, тамақ қарлығу) аурулары кезiнде болады.

Жиi және қатты жөтел кезiнде кеудеге шаншу қадалып, адамның тынысы тарылып, ұйықтай алмай қиналады.

Жөтелдi тоқтату үшiн алдымен соған себеп болған негiзгi ауруды емдейдi және оны тоқтатуға көмектесетiн дәрi-дәрмек қабылдау керек.

Жөтел қалай пайда болады?

Жөтел тыныс алу жолдарының кез келген тiтiркену, қабыну өзгерiстерiн аңғартатын ағзаның қорғаныш реакциясы болып табылады. Жөтел мұрын, көмей, жұтқыншақ, кеңiрдек және кеңiрдек тарамдарының қуысындағы жөтелдiк рецепторлар тiтiркенген кезде пайда болады. Сондай-ақ, дәрi-дәрмек заттарының керi әсерi кезiнде де басталады. Мысалы, тамырды тарылтатын мұрынға тамызылатын сұйық дәрiнi ұзақ уақыт қолданса, соңы құрғақ жөтелге әкелуi ықтимал. Себебi, бұл препарат мұрынның шырышты бөлiгiн құрғатып жiбередi. Асқазан ауруынан да жөтел пайда болады. Мұндай жағдайда жөтелмен бiрге асқазанның қыжылдауы, астың сiңбеуi орын алады. Сонымен қатар, қан қысымын түсiруге арналған дәрi-дәрмектер де жөтелге жетелейтiн кездерi кездеседi.

Жөтел қандай дерттен дерек бередi?

Жөтел сипатына қарай ылғалды және құрғақ болып екiге бөлiнедi. Яғни, мұндай түрлер жөтелу кезiнде қақырықтың бөлiну-бөлiнбеуiне тiкелей байланысты. Негiзi құрғақ жөтел өте ауыр болады, ал ылғалды жөтел кезiнде қақырық бөлiнедi. Қақырықтың түрiне, сипатына баса көңiл бөлудiң маңызы зор. Себебi, оның түрiне қарап, жөтелдiң себебiн анықтауға болады.

Мәселен, қақырықтың түсi әйнек тәрiздi мөлдiр болса, онда мұндай жөтел демiкпе дертiнен сыр бередi екен. Егер тотық түстi болса, онда жүрек сырқатының белгiсi болуы мүмкiн. Ал егер қақырық қан аралас болса, онда туберкулез немесе өкпенiң рагi болуы әбден мүмкiн. Қақырық сары, сары-жасыл түстi болса, онда сырқатқа бактериалды инфекция себеп болды дегендi бiлдiредi. Қақырық iрiңдi әрi иiсi сасық болуы, жөтелу кезiнде көп көлемде бөлiну жағдайы науқастың өкпесiнiң немесе бронхэктазияның iрiңдi iсiгiнен ақпарат бередi.

Жөтелдiң ұзақтығына байланысты қысқа мерзiмдi, тұрақты, эпизодикалық және ұстамалық түрлерi бар. Ал жөтелдiң ағымы бойынша өткiр және созылмалы екi түрi болады. Өткiр жөтел 3 айға дейiнгi мерзiмге созылса, созылмалы түрi үш ай және одан да көп уақыт науқасты мазалайды.

Өткiр жөтел, негiзiнен, суық тиiп сырқаттану кездерiнде, яғни, өткiр респираторлық вирустық инфекция, пневмония, өткiр бронхит, көкжөтел ауруларында жиi кездеседi. Ал созылмалы жөтел өкпенiң созылмалы аурулары, демiкпе, кеңiрдек тарамдарының iсiгi, туберкулез, өкпенiң iсiгi кезiнде пайда болады. өткiр бронхиттi дұрыс емдемесе науқастың жөтелi созылмалы түрге ұласады. Тiптi, шылым шегу де ауыр сырқаттарға душар ететiнiн ескере кеткен жөн.

Жөтелден жазылудың әдiстерi

Жоғарыда айтып өткенiмiздей алдымен жөтелдiң шығу себебiн анықтап алуымыз керек. Ал емдi сосын бастасақ, оның оң әсерiн тез байқайсыз.

Мәселен, тұмаудан болған жөтелдi асқындырып алмай тұрғанда үйде емдеуге болады. Жиi-жиi жылы сұйықтық iшiп, түрлi шөп шайлармен тамақты шаю қажет. Бұл емдеу тәсiлi құрғақ жөтелдi ылғалды жөтелге айналудан сақтайды.

Дәрігердің нұсқаған дәрілерін қабылдап, кеңесін орындау керек.

Ал демiкпе мен өкпенiң созылмалы ауруында жинақталған емдi қолдану қажет. Ал туберкулезден болған жөтелдi мiндеттi түрде ауруханаға жатып емдеу керек.

Жөтелдiң жиi кездесетiн түрi аллергиялық болып келедi. Аллергиялық жөтелдi ингаляция, компресс және уқалау әдiсiмен үй жағдайында да емдеуге болады.

Аллергиялық жөтел кезiнде таза ауаға жиi шығып тұрыңыз. Сонымен қатар, үйiңiздi, жұмыс бөлмеңiздi шаңнан тазартып, жағымсыз иiстен арылтыңыз.

Жөтелдi үйде емдеңiз

* 500 гр. қабығынан аршылған пиязды ұнтақтаңыз. Оған 2 ас қасық бал, 400 гр. қант ұнтағын қосыңыз. Сосын оны 1 литр суға салып, баяу отта 3 сағаттай қайнатасыз. Белгiленген уақыттан соң оттан аласыз. Салқындаған соң сүзiп алып, қақпағы берік жабылатын ыдысқа құйып, тоңазытқышқа саласыз. Емдiк сусынды 1 ас қасықтан күнiне 4-6 рет iшесiз.

* Сары майға қуырылған пиязды, балды араластырып жесеңiз де жөтелден бiржолата құтыласыз.

* Iрi пиязды майдалап тураңыз. Сосын оны 2 ас қасық қаздың майымен араластырыңыз. Дайын болған қоймалжыңды жатар алдында көкiрегiңiзге, мойныңызға жағасыз. Оның сыртынан жылы орап қоюды ұмытпаңыз. Ал таңертең осы қоймалжыңның 1 ас қасығын жеңiз. Бұл емдi бiрнеше күн жүргiзiңiз.

* Бiрдей көлемде бал мен ешкiнiң майын араластырыңыз. Сосын оны терiңiзге, көкiрек айналасына сiңдiрiп отырып жағасыз. Сыртынан қағаз қойып, жылы орамалмен ораңыз.

* 10 бас пияз бен 1 бас сарымсақты қабығынан аршып, майдалап тураңыз. Сосын оны сүтке салып қайнатасыз. Пияз бен сарымсақ жұмсарған соң оған жаңадан сығылған барқыт жалбызының шырыны мен балды араластырасыз. Дайын болған емдiк қоспаны 1 ас қасықтан әр бiр сағат сайын қабылдаңыз. Бұл қоспа қақырықты жiбiтiп, жөтелдi жұмсартады.

* Шамамен 15 минуттай балғын пиязды иiскеңiз. Емдi жамылғының астында жүргiзесiз. Ал егер кiшкентай баланың жөтелi жазылмай қойса, онда түнде кереуетiнiң бас жағына кiшкентай тәрелкеге балғын пиязды турап салып қойыңыз. Бұл ем жөтелдi жазады.

* Ұзаққа созылған жөтелден арылу үшiн сiзге бiрдей көлемде қайың шырыны мен сүт, ұн немесе крахмал керек. Бәрiн бiр ыдысқа салып, жақсылап араластырыңыз. Дайын болған қоймалжыңды жөтелден арылу үшiн жейсiз.

* Бiрдей көлемде қабығынан аршылған жаңғақ пен балды араластырыңыз. Оны 1 шай қасықтан күнiне 4-6 рет қабылдайсыз. Емдiк дәрiнiң соңынан жылы сүт iшудi ұмытпаңыз.

* Картопты кеңдеу ыдысқа салып, қайнатыңыз. Пiскен соң ағаш қасықпен езесiз. Сосын оған 1 ас қасық өсiмдiк майы мен 3 тамшы йод қосыңыз. Жақсылап араластырыңыз да, мақта матаға жайып салыңыз. Сосын матаны көкiрегiңiзге қойыңыз. Оның сыртынан жүн көрпе жамылыңыз. Картоп салқындаған соң компрестi аласыз. Емдi жатар алдында жүргiзесiз.

* 3 литр суды кастрөлге құйып, қайнатыңыз. Сосын оған 500 гр. бидай немесе қара бидай кебегiн салып, 10 минут қайнатасыз. Сосын сүзiп алып, қуырылған қант қосасыз. Дайын болған тұнбаны жылыған соң iшiңiз.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Яндекс.Метрика