• қазан 13, 2017

​Бір айда нәтижесін көресіз

​Бір айда нәтижесін көресіз

Көп нәрсені дұрыс жасамаймыз... Сөйтеміз де, "толысып кеттім, терім құрғады, шашым түсе бастады" деген сияқты шағымымыз көбейеді. Одан бөлек, асқорыту жүйесіндегі "ақаулар" мен көңіл-күйдің жайсыз жаққа қарай өзгеруі тағы бар. Өзімізді өзіміз "жақтырмай" жүретін сәттер болады. Соның барлығы неден? Әрине, "бұрыс" өмір сүруден де?!

Ал дұрысы қайсы? Олар - ең қарапайым әрекеттер. Оны төменнен оқып біле аласыз.

Дұрыс тамақтану

Тамақты уақытылы ішудің өзі дұрыс тамақтануға апаратын жол деп білген жөн. Өйткені көп адамдар таңғы асты ішпей, түскі уақытта молынан тамақтанып жатады. Бұл үлкен қателік болып саналады. Ал енді біреулер түскі асты ішудің орнына кешке іше салғанды жөн көреді. Содан барып асқазан жұмысы бұзылып, басқа да аурулардың пайда болуына себеп болады. Дұрыс тамақтануды үйрену үшін таңғы асты ерінбей ішкен жөн. Ол үшін өзіңізге ұнайтын ботқаны жасап, соны жеуден бастаңыз. Бірнеше аптадан кейін сізге таңғы ас ішу әдетке айналады.

Күн сайын көкөніс жеңіз

Адам күн сайын кемінде 300 гр көкөніс жеуі тиіс. Егер де қалап тұрсаңыз, 900 грамға дейін жеуге болады. Көкөністі көбірек жеген пайдалы. Мысалы үшін, 2 шай қасық майда қанша қуат берсе, 1 келі қиярдың бойында сонша энергия бар. Осыдан-ақ көкөністердің пайдалылығын аңғара беріңіз. Оның үстіне көкөністер асқазан-ішек жолдарының жұмысын реттеп, іштің қатуына жол бермейді. Бірақ та жұмыртқаға аса әуес болудың қажеті жоқ. Өйткені жұмыртқаның құрамында майлар мен холестерин көп. Күніне екі жұмыртқадан артық жеуге болмайды.

Қантсыз шай ішу

Қантты барынша аз жеуге тырысыңыз. Оның орнын балмен алмастыруға мүмкіндік бар. Қанттың құнарлылығы тым жоғары әрі құрамында пайдалы бірде-бір зат жоқ. Бұдан бөлек, қант иммундық жүйенің жұмысын бұзып, адам денсаулығына кері ықпал етеді. Сонымен қатар, балық та салмақты бірқалыпты ұстап тұруға көмектеседі. Себебі балықтың құнарлылығы аз болғанымен, А және В дәрумендеріне бай. Сондай-ақ, Омега-3 майлы қышқылын да балықтың бойынан табуға болады.

Көп жүріңіз

Жаяу жүру адам денсаулығына өте пайдалы. Бұл айда алдыңызға мақсат қойып, соған жетуге талпыныңыз. Бір күнде 35-40 минут бойы жаяу жүруді әдетке айналдырсаңыз, барлық ағзаңызға жағымды әсер еткенін байқайсыз. Оның үстіне жаяу жүрген адамның денесі шымырланып, мүсіні сымдай тартыла бастайды. Сондай-ақ, адамның көңіл-күйі көтеріліп, стрестен арылады. Ең бастысы, жаяу жүргеннен денедегі майлар жиырылатыны сөзсіз.

Әр сағат сайын су ішкен адам жасарады

Күн сайын 1-2 литр су ішуді әдетке айналдырыңыз. Адам ағзасы 70 пайыз судан тұрады. Сондықтан да ешқашан судан бас тартпаған жөн. Судың көңіл-күйді көтеретін, ішектерді тазартатын қасиеті бар. Әр сағат сайын бір стақан су ішкен адам жасарып, іштегі шлактар мен токсиндерден арылады екен. Күнделікті ішіп жүрген суымыздың осындай баға жетпес қасиеттері бар екенін біріміз білсек, біріміздің білмейтініміз анық. Егер де денсаулығыңыздың мықты болғанын қаласаңыз, күніне 2 литр су ішуді әдетке айналдырыңыз.

Тыныш ұйқы

Адамға күш-қуат беріп, тынықтыратын – тыныш ұйқы. Ұйқы тыныш болмаса адам мең-зең күй кешіп, бір күндік жоспарын да түзе алмайды. Ұйқысы бұзылып, төсекке аз жантаятын жандардың өмірі күрделеніп, кез келген ауруға бейім тұрады екен. Сондықтан да ғалымдар күніне 8 сағат ұйықтаған жөн дейді. Сонда адамның иммундық жүйесі де қалыпты жұмыс жасап, вирустарға қарсы тұра алады.

Осы айда тым құрығанда осындай жәйттарға көңіл бөліп, орындай алсаңыз денсаулығыңыз жақсарып, өміріңіздің жақсы жаққа қарай өзгергенін байқайсыз.

Дайындаған: Қ.Әти

Ұқсас мақалалар

1 Пікір

  1. Асеке

    Жұмыстарыңа шығармашылық табыс тілеймін!!!

Пікір қалдыру

Яндекс.Метрика