• қазан 04, 2017

Арықтауға арналған 6 жаттығу

Арықтауға арналған 6 жаттығу

Арықтау үшін тек тамақты аз жеп, диетаға отырған жеткіліксіз. Сонымен қосы, қоса күнделікті арықтауға арналған жаттығуларды да жасап тұру керек. Дегенмен, құрамында дәрумендері мол, құнарлылығы аз тағамдарды да өз рационыңыздан шығарып тастамаңыз. Өйткені адам ағзасы өзіне қажетті нәрлі заттармен, дәрумендермен толығып отырмаса ауруды тез қабылдап, әлсіреп кетеді. Міне, арықтаудың осындай қағидаларын сақтай отырып, төменде берілген жаттығуларды жасап көріңіз.

1. Шынтақ пен тізе арқылы жасалатын жаттығу

Түрегеліп тұрып, қолды айқастырып мойынға салады, шынтақты мейлінше артқа жібереді. Осы қалыпта төмен иіліп, оң шынтақты сол тізеге, сол шынтақты оң тізеге тигізеді. Жаттығуды 10-20 рет қайталайды.

2. Бір жаққа иілу

Сол жағынан орындықтан бір қадам алшақ тұрып, сол аяқты орындыққа қойып, енді оң жаққа иіліп, қолдың ұшын оң аяққа, одан соң аяқтың басына тигізеді. Дем алуды ұмытпай, ұқыппен орындалады. 5-10 рет қайталанады.

3. Аяқты тасымалдау

Шалқадан жатып, қолды шынтақтан бүгіп, алақанмен тіреледі. Сол аяқты созып, ал оң аяқты тізеден бүгіп, сол жаққа жамбаспен толық бұрылып жерге тигізеді. Бұрынғы қалыпқа келеді. Енді оң аяқты асықпай созып жібереді. Сөйтіп осының бәрін сол аяқпен орындайды. 10-15 рет қайталанады.

4. Денені шыр айналдыру

Аяқты алшақ қойып, түрегеп тұрады, қолды мықынға тірейді. Денені алға, артқа, оңға, солға бұрып, шыр айналдырады. Екі жаққа алма-кезек 5-10 рет қайталайды.

5. Денені баяу бұру

Еденге отырып, екі аяқты екі жаққа жіберіп, қолды иық тұсында алға созады. Енді денені баяу сол жаққа, одан соң оң жаққа толығымен бұру керек. Осындай 6 жаттығу жасаған соң шалқадан жатып денені босаңсытып, қалыпты дем алады. 3-4 рет қайталайды.

6. Бір қырымен жатып орындалатын жаттығу

Бұл өте қиын және күрделі жаттығу, бірақ тыңғылықты орындаса «екі жеп биге шығады», өйткені ол белдің жіңішкеруі мен мықынның арықтауына қолайлы әсер етеді.
Сол аяқты бүгіп, сол қырымен жатады, ал оң аяқты оның толарсағына салып қояды. Алақанды бірінің үстіне бірін қойып, маңдайды соған тіреп, төмен қарап жатады. «Бір» дегенде отырып, сол аяғын көтереді, оң қолымен толарсағынан ұстайды. Оң аяқ түзу қалпында қалады. Егер бірден толарсаққа қол жетпесе – қапаланбаңыз. Бірнеше күннен соң өзі-ақ жетеді. «Екі» дегенде қайта жатады. Дұрыс тыныс алуды ұмытпау керек. Бұл жаттығуды әуелі 3 рет, кейін 10-ға дейін ұлғайтады. Одан соң оң жаққа ауысып бәрін қайталайды.
Бұл жаттығу бел мен мықынның жіңішкеруіне ғана емес, жалпы дененің иілгіштік қасиетін арттырады. Соған орай таңертеңгілік гимнастика құрамына ойланбай-ақ қосуға болады.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Яндекс.Метрика