• қазан 04, 2017

Көкірегіңіздің әдемі болғанын қалайсыз ба?

Көкірегіңіздің әдемі болғанын қалайсыз ба?

Әдемі әрі тартылған кеуде қай еркекке де ұнайтыны белгілі. Сондықтан да бұл жаттығуды өз сүйіктісіне ұнамды әсер қалдырғысы келетін әрбір әйелдің жасағаны дұрыс. Мұндай жаттығуларды көбіне фитнес-клубтарда жасап жатады. Дегенмен, керекті заттар болса, кеудеге арналған жаттығуларды үй жағдайында да жасауға мүмкіндік бар. Олай болса төмендегідей жаттығулардың бірін де жібермей жасауды бүгіннен бастаңыз.

1-жаттығу

Еденге етбетіңізден жатып, қолыңызбен жер тіреңіз де, кеудеңізді көтеруге тырысыңыз (отжимание). Әрине бұл жаттығуды әйел адамдарға жасау оңайға соқпайды. Сонда да қолыңыздан келгенше тырысып көріңіз. Алдымен 3-4 рет жай қимылдап, кейінен 10-15 рет тез жасауға көшу керек. Ал, соңында қолыңызды сәл бүгіп, денеңізді көтеріп бірнеше секунд тұруға тырысыңыз.

2-жаттығу

Екінші жаттығуда да дәл солай жату қажет. Бірақ та, екі қолдың арасын ашыңқырап, алақаныңызды жаныңызға қаратып, еденді тірейсіз. Осылайша тағы да кеудені көтеру жаттығуын жасайсыз.

3-жаттығу

Әдеттегідей еденге етбеттеп жатып, қолдарыңызды денеңізге жақын ұстайсыз. Сөйтіп, кеудеңізді көтеруіңіз керек. Ал, қолыңызды бастапқы қалыптағыдай ұстайсыз.

4-жаттығу

Бұл жаттығуды жасау үшін сізге екі гантель керек болады. Бастапқы қалып: Еденге шалқаңыздан жатасыз. Сосын тізеңізді бүгіп, арқа мен жамбасты еденге тигізесіз. Ал, екі қолыңызға екі гантельді алып, шынтағыңызды бүгіп ұстауыңыз қажет. Содан соң жаттығуды жасауға кірісе беруге болады. Екі қолыңызды жоғарыға қарай тік көтеріп, гантельді біраз ұстап тұрасыз. Демалған уақытта қайтадан шынтағыңызды бүгіп, бастапқы қалыпқа келесіз.

5-жаттығу

Бесінші жаттығуды жасарда да алдыңғы жаттығудағыдай жату керек. Бірақ, қолды екі жаққа жайып, содан кейін ғана жоғарыға көтересіз. Осылайша жаттығуды бірнеше рет жасауға тура келеді.

6-жаттығу

Еденге шалқаңыздан жатып, тізеңізді бүгесіз. Ал, қолыңыздағы екі гантельді алдымен жоғары көтеріп, сосын біріктіресіз. Кейіннен қолыңызды біріктірген қалпында басыңыздан асырып, еденге жеткізуіңіз керек. Жаттығуды жасағаннан кейін бастапқы қалыпқа келіп, тағы да 5-6 рет қайталайсыз.

7-жаттығу

Бастапқы қалып: еденге арқаңыз бен жамбасыңызды тигізіп жатасыз да, тізеңізді бүгесіз. Содан соң екі қолыңызға гантельді алып, бір-біріне параллель ұстап, жоғарыға көтересіз. Артынша қолды аяққа қарай жақындату қажет. Қолды осылайша төмен түсіргеннен кейін, қайтадан жоғарыға көтереді.

Ары қарай дәл осы қалыпта жалғастыра беруге болады.

8-жаттығу

Бұл жаттығуды жасау үшін сізге гантельдер қажет емес. Тек еденге шалқалап жатып, бар күшіңізбен кеудеңізді жоғары көтеріп көріңіз немесе қолыңызға ұзындау таяқ ұстап алып жасасаңыз да болады. Кеудені жоғары көтеріп, қайтадан бастапқы қалыпқа келесіз.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Яндекс.Метрика