• қазан 18, 2017

​Асүйіңіз кішкентай болса...

​Асүйіңіз кішкентай болса...

Қалағанға қашанда қол жеткізе бермейміз. Сондықтан, барымен базар етуге тура келеді. Бұл қағида баспана мәселесіне де қатысты. Тар бөлмені көрер көзге кеңейтіп көрсетіп, өзімізге қолайлы етіп алуға тырысамыз. Оны да ебін тапқан жасайды. Сондай бөлменің бірі - асүй.

Асүйді кеңейтіп көрсетудің, ас дайындауда еркін қозғалу үшін бос орындарды ұтымды пайдалана білудің әдістері қандай?


Кішкентай асүйдің қабырғасының түсі көрер көзге оны кең етіп көрсететіндей болып таңдалғаны дұрыс. Еденнен бастап, бөлменің төбесіне дейін ашық түстермен боялса кеңдікті байқатады.

Әдетте терезесі кішкентай асүйлер де көптеп кездеседі. Қандай бөлме болса да оның сәнін де, әрін де аша түсетін жарық екендігін ескере отырып, кішкентай асүйдің де терезесін үлкендеу еткен дұрыс. Терезеден бөлмеге түсетін жарық та тар бөлмені кеңірек көрсетеді.

Асүйге қажетті тұрмыстық техникалар бір-біріне кіріге, қуыстарға кіре орналасса онда бос жер көбірек қалады. Әрі бұлайша орналасатын техникалар асүй шаруасымен айналысатын адамға аса ыңғайлы. Өзі тар асүйдегі жиһаздың арасына кір жуғыш машинаны қоспай-ақ қойғаныңыз абзал. Көбінесе мұндай жағдай пәтерде тұратындарда кездеседі. Өйткені, жуынатын бөлменің тарлығынан кір жуғыш машинаны ас үйге қоюға тура келіп жатады.

Ал асүй мен «кір жуу» екеуі мүлдем сәйкес келмейтін ұғымдар. Сондықтан, мүмкіндігінше жуынатын бөлмеде орын қалмаса да ауызғы бөлмеге орналастырған дұрысырақ.

Орын болып жатса, асүйге тоңазытқышты қойған дұрыс, әрине. Егер ол "сұңғақ" бойлы әрі ені де тарлау болса, бұрыштан лайықты орын табады.

Әдетте тар асүйге аласа тоңазытқыш жарасымды. Бір жағынан, жоғарғы жағынан микротолқынды пешке де орын табылады. Аса биік емес тоңазытқыштың үстінен оған зияны тимейтіндей етіп қабырғадан арнайы сөре жасап, сонда қоюыңызға болады.

Асүйдегі жұмыс орны - бұл ең маңыздысы. Ас дайындайтын орынды түрлі асүй құрылғыларымен толтырып тастамай, қашанда бос ұстаған дұрыс. Бұл жұмыс істеуге кедергі келтіреді, жүйкеге де тиеді.

Пайдаланбайтын болсаңыз, құрбыңыз сыйлаған шәйнек немесе гүлсауыттың қажеті не? Ескіден қалған көз болса да оны қонақ бөлмедегі сөреге орналастырыңыз. Егер кофені оқта-текте ғана ішетін болсаңыз арнайы кофеқайнатқыш сатып алудың да қажеттілігі шамалы.

Осы сияқты пайдаланылмайтын, босқа тұрған заттың бәрінен арылсаңыз, тазарып қалған асүйіңіз кіргенде атшаптырым болмаса да еркін тыныс алатындай кең көрінеді.

Гүльвира ЖҰМАДІЛДАЕВА

Ұқсас мақалалар

1 Пікір

  1. Толғанай

    Маған керек кеңес екен)

Пікір қалдыру

Яндекс.Метрика