• тамыз 21, 2017

Әке-шешесiн сыйламаған перзенттен без!

Әке-шешесiн сыйламаған перзенттен без!

Мен күйеуiммен ұнатып, бiрге оқып, қатар жүрiп танып-бiлiп тұрмысқа шыққанмын. Бiрақ күйеуiмнiң барлық мiнезiн жақсы бiлемiн деп қателесіппiн. Адамды толық танып-бiлуге екi жыл уақыт аздық етедi екен. Ең бірінші, жігіттің, я болмаса бойжеткеннің ата-анасымен қарым-қатынасын байқап көру керек сияқты. Өз ата-анасын сыйламаған адам басқа ешкімді де сыйлап жарытпайды. Өз әке-шешесін тыңдамаған адам ешкімді де тыңдамайды. Жар таңдап жүрген жастар осы жағына көңіл бөлсе шатаспайды деп ойлаймын.

Қыз күнiмде күйеуiмнiң жасаған сый-сыяпатын, құрметiн жоғары бағалап, мәдениеттi жандардың қатарына қосқанмын. Күйеуiм бойдақ кезiнде бар тәттiнi алдыма әкелiп, барлық жақсы мiнезiн көрсетiп едi. Оның бетперде киіп алғанын қайдан білейін?!

Бiз үйленбей тұрғанда күйеуiм iшiмдiкке әуестеу едi. «Менi шын сүйсең iшiмдiктi тасташы» деп қойдырғандай болып едiм. Ендi бiлсем Сержан менi сүйсе де iшiмдiктен бас тарта алмаған. Сондықтан менiмен кездеспеген күндерi ұрттап алады екен. Менi некелi жары етiп алғаннан кейiн «қуанышымды достарыммен бөлiстiм» деумен басталған iшiмдiк үш жылдан берi тоқтаусыз жалғасып келдi. Оның араққа тәуелдiлiгiн көрiп, болашағымнан үмiт үзгенмiн. Үш жылдан берi перзенттi болуды армандап, Алладан тiлеп келе жатқанымда күйеуiмнiң маскүнемдiгi қайғыма қамшы болып тиетiн. Өмiрiмдi жаңа арнадан бастаймын деп күйеуiммен ажыраспақ болып кетiп қалғанмын. Арадан бiр ай уақыт өтер-өтпес күйеуiмнiң жағдайына алаңдай бастадым. Маскүнем болса да бiр жастыққа бас қойған, өзiм таңдап тиген өмiрлiк серiгiм ғой. Қимадым. Сонда да оны ұмытуға тырысып көргенiммен өзгерiс байқамадым. Керiсiнше, өзiмдi күйеуiме керек жан деп есептеп, қателiктен сақтандырсам, iшiмдiктi қойдырсам, бақытты өмiр сыйласам екен деп жүрегiм құлшынды. Мен оны жан-жүрегiммен берiле сүйген екенмiн. Бiрақ ол менiң махаббатымды бағаламады.

Кеткен iзiммен қайта келiп, күйеуiммен табыспақ болғанымда бiр айдың iшiнде өзгерiп сала берген күйеуiмнiң дөрекi сөздерiн көтере алмадым. «Неге келдiң? Бiр перзент сыйлай алмай тұрып, маған iшпе деп ақыл үйретесiң бе? Мен сенiң кеткенiңдi баяғыда қалағанмын. Саған үш жылдан берi шыдағаныма рахмет деп айт. Менiң басқа әйелiм мен қызым бар. Мен оларды осы үйге алып келемiн» деді. Бiздiң әңгiмемiздi естiген енем ұлының бетiне шапалақпен салып қалды. «Осы келiндi өзiң қолынан ұстап ертiп келген жоқсың ба? Ендi қалай ғана дәтiң барып, оны бұл үйден қуып шықпақсың? Басқа әйелiң болса өзiң кет. Сендей ұлым болғанша, түсiнiгi бар келiнiм жанымда қалғаны жақсы. Анау әйелiң мен тексiз қызыңды мен ешқашан мойындамаймын, бұл үйге кiргізбеймін» деп ұрысты. Күйеуiм ұрсып өзіне төнген анасын бар пәрменімен итерiп жiбердi. Туған анасына қол көтерген мұндай перзенттi алғаш көруiм едi. Күйеуiм жаман адам болса да одан ешқашан мұндай қасиетсiздiктi күтпеген едiм. «Маңдайыма бiткен сор болдың-ау» деп жылаған енемдi қалай жұбатарымды бiлмей әлекке түстiм. Сөйтсем, бұл күйеуiмнiң ата-анасына көрсеткен бiрiншi қорлығы емес екен.

Күйеуiм осы кеткеннен кейiн үйге ұзақ уақыт келмедi. Жаман болса да күйеуiм ғой, қайда жүргенiне алаңдадым. Бiреу ұрып кетпедi ме, мас болып ессiз жатқан жоқ па деп түрлi ойға берiлдiм. Көңiлiм тыншымай ұялы телефонына хабарласқанмын. Бiр келiншек тұтқаны көтерiп, «Сiз кiмсiз? Менiң күйеуiме неге хабарласып тұрсыз?» дедi. Төбемнен мұздай суды құйып жiбергендей, тұла бойым мұздап кеттi. Екеумiз телефонда жанжалдасып алдық. Ол әйелге «Өз ата-анасын, бауырларын сыйламаған еркек сенi алақанына салып аялайды дейсiң бе? Сен одан қорлықтан басқа ешнәрсе көрмейсiң. Оданда өз теңiңдi тауып, отбасылы еркектiң басын босат» дегенімді ол тыңдағысы келмеді. Тұтқаны қоя салды. Одан кейiн әлгi әйелдiң күйеуiме не айтқанын бiлмеймiн, кешке үйге жұлынып келген ол арыстанша ақырды. Жанында менiмен телефонда сөйлескен келiншек пен оның қызын ертiп келiптi. Күйеуiм есiктен енiсiмен «Мен сенiмен бiрге тұрмайтынымды айтқанмын. Соңғы рет мүмкiндiк беремiн. Кет, бiз ажырасамыз. Бұдан былай мына әйел осы үйде тұрады» дедi. Ең болмаса қызы өз қанынан жаралған болса мейлi, әкесiнiң кiм екенiн бiлмейтiн тексiз ұрпақты бауырына басыпты.

Баласының райынан қайтармақ болып, менi жақтаған енем тағы да арамызға түстi. Менiң перзенттi болмағанымды күйеуiм бетiме басып жатқан едi, енем сол сәтте «Келiнiмнiң ешқандай айыбы жоқ, денсаулығы да орнында. Бiр емес, бiрнеше баланы өмiрге әкелуге шамасы келедi. Барлық пәле өзiңнен, қыз-қырқынға баруыңды тоқтатпаушы едiң, бiр пәлеге ұрынғансың да. Мына әйелдi менiң үйiмнен шығарып таста» дедi. Күйеуім анасын көз алдымда тағы да жұлмалап, итерiп жiбердi. Енемнiң бiр жерi майып болып қалмады ма деп алаңдаулымын. Ал, күйеуімнің ешкiмге жаны ашымады. Жүрегiнде аздап иманы болса жерде құлап жатқан анасына бұрылып қарар едi.

Күйеуiм сол кеткеннен қайтып оралмады. Оны iздеуге енем де талпынбады. Қайтыс болған қайын атамды қайта-қайта есiне алып, жылап алады. Алыстағы ұл-қыздарын сағынып жүр, оларды көргiсi келедi.

Енемнiң соңғы кездерi айтқан сөздерi менi қорқыта бастады. Өлiмге дайындалып жүрген адамдай, барлық туған-туыс, бала-шағасын аралап көрiп, қоштасқысы келетiндей көрiндi маған. Менің де жағдайым мәз емес. Сеніп, сүйген адамым керек етпей тастап кетті. Әттең, күйеуiм арақтың құлына айналмағанда бiз жап-жақсы отбасы болып, балалы-шағалы болып отырар едiк.

Менiңше, күйеуiмнiң мейiрiмсiздiгi оның бала кезде алған тәрбиесiнен. Кiшкентайынан жүрегiне имандылық пен адамгершiлiк дәнi егiлсе, мұншалықты жаман адам болмас едi ғой. Кенжетайым деп тым еркелетіп, бетімен жіберген. Тіпті, ағашты баптап, артық бұтақтарын қырқып отырмаса, ол қанша су құйғанмен аз жеміс салады, не берген жемiсi шiрiк болады. Дәл сол сияқты баланы да бақылап, жаман мінез-қасиеттерін «қырқып» отыру қажет-ақ.

Өмірге бала әкелу бір басқа, оны тәрбиелеу басқа. Ал, бала тәрбиесі тек тамақтандырумен, киiндiрумен, қажеттімен қамтамасыз етумен шектелмейді. Көп ананың қателігі осында.

ЖАНСҰЛУ,

Қостанай облысы, Арқалық қаласы.

Ұқсас мақалалар

1 Пікір

  1. анон

    жақсы мақала

Пікір қалдыру

Яндекс.Метрика