• шілде 26, 2017

Әпкеге құрмет – сіңліге міндет

Әпкеге құрмет – сіңліге міндет

Кітапты оқығанда, фильм көргенде немесе бiреу сырын ақтарғанда, онда сенiң өмiрiңе ұқсас «эпизод» бар болса, ерiксiз көзiңе жас келедi. Мен өз бауырымен, туған-туысқанымен дүрдараз боп жүргендер туралы естісем, бiр кездерi өзiмнiң де туыстық байланысты үзiп алғаным есiме түсiп тебiренемiн.

Бiз бiр ата-анадан әпкелi-сiңлiлi екi-ақ перзентпiз. Әпкем және мен. Мен әпкеден артық жанашыр болмайтынын, әпке – бұл анаңдай қамқор жан екенiн кеш түсiндiм. «Ештен кеш жақсы» демей ме, кеш болса да мен үзiлген туыстық байланысты қайтадан жалғай бiлдiм. Ал, өмiр бойы бауырларымен ренжiсiп, араласпай өтетiндер де бар ғой. Кеш те болса қателiгiмдi түзей алған мен осындай тасжүрек адамдармен салыстырғанда, өзiмдi ақылды әрi жүрегiнде иманы бар адамға жатқызамын.

Бiр дiнтанушы «...Асылында Құдайы бiр, пайғамбары бiр, Құраны бiр бiздердiң өзара алауыз боп бiр-бiрiмiзге өштесуiмiз Хақ Тағала алдында үлкен ұятты нәрсе. Себебi бiздi бауырмалдыққа үндеп, бiр-бiрiмiздi жақсы көруге шақырған қаншама аят-хадистi ысырып өзара қырқысуымыз мұсылман деген қастерлi атымызға сын...» деп ренiш бiлдiрсе, мен «Әкемiз бiр, шешемiз бiр бауырлардың бiр-бiрiмен араласпауы, ата-анамыздың алдында да, Жаратушы алдында үлкен ұят әрi сын» деген болар едiм. Бiр имамның аузынан «Туған бауырының көңiлiн қалдыру, ренжiсу қасиеттi Қағбаны жыққанмен бiрдей» дегендi де естiгенмiн. Рас, түрлi жағдайға, себеп-салдарға байланысты ағайын-туыспен, тiптi, туған бауырымызбен араласпай кететiнiмiз бар. Бiрақ, бауырыңнан артық ешкiм сенiң жан күйзелiсiңдi, шынында да қатты қиналып тұрғаныңды түсiнбейдi екен. Әрине, басыңа түспей оны ұқпайсың.

Мен де жалғыз бауырыммен араласпай кеткен едiм. Мен тұрмысқа шыққан соң бiр қалада тұрсақ та жалғыз әпкеммен ара-қатынасым тыйылған болатын. Әрине, бастапқыда әпкеммен де, қаладағы нағашы жұртыммен де жағдай сұрасып, бiр-бiрiмiздi қонақ етiп, бiр дастархан басында жиi жиналып тұрдық. Бiрақ, күйеуiм менiң туысқандарымның, тiптi, жалғыз бауырым – әпкемнiң үйге келгенiн жақтырмады. Өйткенi, олар мен менiң өмiрлiк жолдасымның тұрмыстық жағдайында, пайым-түсiнiгiнде үлкен айырмашылық болды. Ашығын айтқанда, күйеуiм менiң ағайын-туысқандарымды менсiнбедi. Және оның түсiнiгiнше мен күйеуiмнiң тапқан табысын тұрмысы қарабайыр әпкем мен жездеме, басқа да туысқандарыма үлестiредi екенмiн.

Әпке-сiңлiлердің көбісі өзiне кең боп қалған немесе симай қалған киiмдерiн, тұтынылмай тұрғанын бір-біріне бередi. Әпкем сыныптастарымен 15 жылдық кездесуге, тағы бiрде институтта бiрге оқыған группаласы ұлына сүндет той жасағанда менiң көйлегiм мен туфлиiмдi киiп, сөмкемдi ұстап, алтындарымды тағып барған еді. Гардеробымда киiм көп, аяқ киiм мен сөмке де жетерлiк. Бiр күнге, жо-жоқ, 4-5 сағатқа әпкем менiң киiмiмдi кигеннен ол тозып қалмайды ғой. Менiң түсiнiгiм осындай, ал күйеуiм менiң айтқаныммен келiспейдi. Мiне, үйдегi ұрыс-керiстiң себебi көбiне осындай болмашы жайттардан тұтана қалатын. Тiптi, «Мен бүгiн жұмыстан соң әпкемнiң үйiне бардым» десем, күйеуiм «тағы не апарып бердiң?» деп сұрайтын болды. Күйеуiме әпкем менiң жан құрбымдай екенiн, ешкiмге айта алмаған жан сырымды әпкеммен бөлiсетiнiмдi айтқанымда, ол «менiң достарымның әйелдерiмен жақын аралас, құрбы бол, олардың үйiне күнде барып, бiрге қыдырсаң да ешнәрсе демеймiн, бiрақ, әпкеңмен араласқаныңды қаламаймын» дедi. Өзiмшiл және өз қара басын ғана ойлайтын күйеуiме бауыр туралы айтып түсiндiре алмадым. Екеумiздiң арамыздағы ұрыс-керiс тыйылмай кеткен соң, мен әпкеммен ара-қатынасты үзуге мәжбүр болдым. Көп ойланып, отбасымды сақтап қалу үшiн, мен нағашы жұртыммен де, әкемнiң iнi-қарындастарымен де араласуды доғардым.

Әпкеммен, ағайын-туысқанмен араласуды доғарсам, күйеуiммен керiспей, тыныш та бақытты өмiр сүремiн деп ойлағанмын. Алғашқы бiрнеше жыл тату-тәттi болдық. Мен сәбилi болдым. Қуанышымыз да, бақытымыз да арта түстi. Алайда, адамның ойлағанындай әрдайым күн күлiп тұра бермейдi екен. Бiр күнi күйеуiмнiң бір қызбен кездесiп жүргенiн, тiптi, оған екi бөлмелi пәтер сатып әпергенiн де естiдiм. Сұрастыра келе ол қызды мен жақсы танитын боп шықтым. Үйiмiзге талай рет келiп, дастарханымыздан дәм татқан Орынғалидың қарындасы. Орынғали – күйеуiмнiң бала кезден араласып-құраласып келе жатқан досы. Естуiмше, Орынғалидың қарындасы оқушы кезiнен менiң күйеуiме ғашық болған екен. Әрине, күйеуiм ол кезде бойдақ жiгiт қой. Тiптi, араларында ғашықтық кездесу да болған көрiнедi. Кейiн ол қыз өзiнiң бiр группаласынан жүктi боп қалып, оған тұрмысқа шығып кетіпті. Ғашығынан айырылған күйеуiм сол аралықта қатты күйзелiске түсiп, тiптi бiрер ай iшiмдiкке салынған деседi. Ал, Орынғалидың қарындасы ажырасып келген соң, күйеуiммен байланысы қайтадан жалғасыпты.

Сенiп, құрметтеп, оның көңiлi үшiн туысқандарыммен де байланысты үзiп, не айтса да көнiп-көндiгiп, бетiне келiп бiр қарсы сөз айтпаған маған күйеуiм осылай опасыздық жасайды деп кім ойлаған? Досының ажырасып келген қарындасымен күйеуiмнiң бiрнеше айдан берi ерлi-зайыптыларша бiрге тұратынын естiгенде, талып қала жаздадым. Ал, күйеуiме бұл «ұрлығы» жөнiнде айтқанымда «Егер, саған менiң бұл жүрiс-тұрысым ұнамаса ажырасайық. Балама алимент төлеп тұрамын. Айқай-шу керек емес, одан да келiскен түрде ажырасуға келiс» дегенде, есiнен адасқан адамша аңтарылып қалдым. Шынымды айтсам, күйеуiм әйтеуiр бiр күнi менi осылай жарты жолда тастап кетедi деген ой ешқашан санама кiрiп-шықпаған екен. Өйткенi, мен өзгелерден ерекше сұлулығым мен келiстi мүсiнiме сенетiнмiн. Қашан да сезiм мен сұлулық тайталасса, сұлулық жеңедi деп ойлайтынмын. Ұрыс-керiсiмiз ұзаққа созылды. Соңында оның маған үйiнiң де, дүниесiнiң де қажет еместiгiн айтып, баламды жетектеп есіктен шықтым да кеттiм. Ең бiрiншi, жақын араласатын құрбыларыма бардым. Құрбыларым деп отырғаным, күйеуiмнiң достарының әйелдерi. Күлiп қарсы алған олар менiң күйеуiммен ажырасып жатқанымды естiген соң, өзгере қалды. Шынайы бейнелерiн анық көрсеттi. Жылап отырғанымда жұбатудың орнына, менiң тым аңғал, ақымақ екенiмдi айтып, «сұлу болғаныңнан не пайда, ақымақ болған соң» деген секiлдi сөздерiмен одан сайын еңсемдi төмендеттi. «Ендi қайтып менiң есiгiмдi қақпашы, бұдан кейiн қоңырау да соқпа. Сенiмен араласып жүргенiмдi күйеуiң бiлсе, маған ренжитiнi анық» деген құрбыларым да болды. Не керек, олардың осы уақытқа дейiн әншейiн күйеуiмнiң биiк лауазымы, байлығы үшiн ғана менiмен достасып жүргенiн түсiндiм.

Кiмдi паналарымды бiлмей, басым қатты. Ауылдағы қарт әке-шешеме барып, кәрi жүректерiне қаяу салмайын дедiм. Күйеуiмнiң басқаға кеткенiн айтып, олардың ажалын жақындатпайын деп, бұл жөнiнде ата-анама сыр бiлдiрмеуге тырыстым. Көп ойланып, жалғыз әпкемнiң есiгiн қақтым. Соңғы рет әпкем маған қатты ренжiп кеткен болатын. Ол былай орын алған едi. Бiрде әпкем маған жағдайын айтып, ақша сұрап келген. Бесiншiсiне екiқабат екенiн, бiрақ дәрiгерлер түсiк тастау қаупi бар екенiн ескерткенiн, емделуге қаражат қажеттiгiн айтып жыламсыраған. «Төрт балаңды асырай алмай жатқанда, бесiншiсiн туып не етпексiң? Жағдайың болмаса, жасанды түсiк жасат, алдырып таста баланы» дегенмiн сол кезде. Менiң осы сөзiмнен кейiн-ақ көз жасын дереу тыйған әпкем «не деген қатiгез адамсың?» деп, есiктi тарс жапқан. Содан кейiн бiз бiр-бiрiмiздi көрген емеспiз. Мен күйеуiмдi ренжiтпеу үшiн, ақша бермей әпкемдi ренжiткенiме ендi өкiнiп отырмын. Бәрiбiр күйеуiм менiң сол адалдығымды, одан жасырып ешнәрсе iстемейтiнiмдi бағалаған да жоқ қой. Сол кезде жылап келiп тұрған әпкеме сұраған ақшасын бергенде, оны күйеуiм бiлмес те едi. Әлде, «Тоқ бала аш баланы ойламайды» дегендей, өзiмде бәрi бар болған соң, әпкемнiң қиын жағдайын түсiнгiм келмедi ме екен?!.

Бiрақ, әпкем сол кездегi менiң сөздерiмдi де, ренiшiн де ұмытып кеткен сияқты. Түннiң бiр уағында есiгiн қағып ұйқысын бұзсам да ол қабағын шытпай қарсы алды. Түн ортасында дастархан жайып, жездемдi де оятты. Ұйқысынан оянып кеткен әпкемнiң қыздары мен ұлдары «Мама, бұл кiм?» дегенде, өзiмдi ыңғайсыз сезiндiм. Балалары танымайды, бiр қалада тұратын әпке мен сiңлi деп бiздi кiм айтады десеңiзшi. «Жанна әпкелерiң ғой» деген соң, «Сәлеметсiз бе, Жанна әпке!» деп, бiрiнен соң бiрi келiп амандасып жатты. Олар менi сырттай таниды екен. Тiптi, ұлымның есiмiн де бiледi. Ал, мен ше, бiр қалада тұратын туған әпкемнiң балаларының аты-жөндерiн бiлмеймiн. Үлкен қызы Әйгерiм «Жанна әпке, мамам сiздi қатты жақсы көредi, бiзге мақтап отырады. Сондықтан да мен сiзге ұқсағым келедi» дедi. Жүрегiм одан бетер шымырлап қоя бердi. Осы түнi ұйықтай алмай шықтым. Әпкемнен, оның есi кiрiп қалған балаларынан шынымен ұялдым.

Ертеңiне әпкеме жан азабымды айтып, жылап алдым. Жылаған сайын өзiмдi жеңiл сезiндiм. Әпкем сөзiмдi бөлмей, менен кiнә iздемей, үн-түнсiз соңына дейiн тыңдады. Бұл жөнiнде жездеме сездiрмеу керектiгiн ескерттi. Бiр әңгiменi күнде айтсам да, әпкем менi тыңдаудан, жұбатудан шаршамады. Менi жұбату үшiн бе, әлде, шынымен де естiгенi бар ма, әпкем бiр күнi «Күйеуiңнiң өркөкiректiгi болмаса, жап-жақсы адам. Оны отбасына қайтарғың келсе, шикi тауық жұмыртқасының бiр жағына оның есiмiн, ал екiншi жағына күйеуiң екеуiңнiң араларыңа түскен келiншектiң есiмiн жаз. Жұмыртқаны ол екеуiнiң сезiм байланысына теңе. Жұмыртқаны көшеге алып шық та, асфальтқа ұрып жар. Сынып жарылған жұмыртқадай олардың да сүйiспеншiлiк қарым-қатынасының быт-шыты шығып жатыр деп ойла және осы ырымға сен» дедi. Артынша күлiп «Мiне, тоңазытқышты жұмыртқаға толтырып қойдым, күнде шетiнен жара бер» дедi. Мен Күн ұясынан көтерiлер шақта және Күн батарда, әпкем айтқан әдiстi орындап отырдым. Күнде 2 дана жұмыртқадан жардым. Қанша жұмыртқаға күйеуiм мен оның ғашығының есiмiн жазып жарғанымды санамаппын, арада екi айдай уақыт өткенде, өмiрiм қайта қалпына келдi.

Күйеуiм кешiрiм сұрап келдi. «Адастым, шатастым, кешiр. Ұлымыз үшiн кешiр. Сенi бағалай алмаған екенмiн. Менің бақытым – балам екеуiң. Сендерсiз өмiр сүре алмайтынымды түсiндiм» дедi. Бұл кезде күйеуiме деген сезiмiм кәдiмгiдей суып қалған болатын. Бiрақ, ажырасқанымды ерте ме, кеш пе, ауылдағы ата-анам естiсе, қандай күйде болатынын елестетiп көрдiм. Әпкем мен жездемнiң де үйiнде қашанғы тұрмақпын? Оның үстiне ұлым да әкесiн қатты жақсы көредi. Қырсықтыққа салынып, кешiрмесем де болар едi. Бiрақ, жастық шағымды арнап, ол үшiн көптеген құрбандыққа барған мен 35 жастан асқанда неге жалғыз, қиналып күн кешуiм керек дедiм iштей. Әрине, өзiм секiлдi ажырасқан бiр еркек табылар, далада қалмаспын, бiрақ, балама ол жақсы әке бола ала ма? Сондай-ақ, «ескi жау атыспаққа жақсы» демей ме, күйеуiммен қайта қосылып, дұрыс шешiм қабылдадым деп ойлаймын. Кейiн күйеуiмнiң ғашығынан қатты көңiлi қалғанын, оның басқа еркекпен де байланыста екенiне анық көз жеткiзгенiн ұзын құлақтан естiдiм. Ол келiншек әр еркектiң ақшасын пайдаланып, әдемi өмiр сүруге үйренiп қалған екен. Шарапты да жақсы iшедi дейдi жұрт. «Әйел тура жолдан бiр тайса, оның қайтадан түзу жолға түсуi қиын. Ал, еркек адасса, ол қайта айналып қазығын табар» дегендi естуiм бар едi. Рас сияқты.

Кейде күйеуiмнiң сүйiктiсiнiң өзгемен де әуейi боп жүргенiнiң әшкереленуiне менiң «жұмыртқаларды жаруым» әсер еттi ме екен деп ойланамын. Ал, кейде бұл уақытша бақытсыздықты жалғыз бауырыммен татуластыру үшiн, бiр ата-анадан туған бауырдан артық ешкiм жанашыр бола алмайтынын маған ұқтыру үшiн, әдейi Жаратушы сол оқиғаны туғызғандай түйiледi. Кiм бiлсiн, бiрақ, Жаратушының шеберлiгiнде шек жоқ қой.

Осыдан бiрнеше жыл бұрын басыма түскен уақытша күйзелiс Алланың iсi ме, әлде, тағдырыма солай жазылған ба, не болса да сол қысқа ғана бақытсыз күндер менiң үлкен қателiгiмдi түзетуге себеп болды. Өмiрлiк сабақ бердi деп те айта аламын.

Көршiнiң немесе әрiптесiмнiң күйеуiмен, я болмаса қайынсiңлiсiмен, енесiмен ұрысып қалғанын әңгiме етуге уақыт арнағанша, өз күйеуiммен арадағы сүйiспеншiлiктi арттыруды ойлағаным әлдеқайда пайдалы екенін түсіндім. Басымнан осындай бір жағдай өткеннен кейін мен өзгелер әлдекiмнiң тәлкектi тағдырын талқылап жатқанда, өз пiкiрiмдi қоспайтын болдым. Иә, бiреудiң тағдырының оқырманы болғанша, өз тағдырыңның жақсы жазушысы болған пайдалы iс.

Мен бәрiнен бiр күнде айырылып қалғанымда, күнде қоңырау соғып, үйiне, серуендеуге, моншаға шақырып жүрген құрбыларым ара қатынасты үзгенiн айттым ғой. Күйеуiм де бала кезден ажырамай келе жатқан досымен оның қарындасынан көңiлi қалған соң араласпай кеттi. Бұл жерде Орынғалидың кiнәсi жоқ шығар, бiрақ онымен бiр-ақ күнде достығын үзген күйеуiмнiң әрекетiнен соң, «жан құрбым», «ең жақын досым» деген сөздердi естiсем, күлкiм келетiн болды. Шынымен де бақыт тiлейтiн, жаны ашитын құрбы-достың болатынына сенбеймiн қазір. Әрине, көпке топырақ шаша алмаймын, мүмкiн, шынында да айырылмас достар өмірде бар шығар. Ал, менің ойымша дос-құрбы бiр жатырдан шыққан, бiр ананың сүтiн емген туған бауырыңдай қамқор, қорған, ақпейiл бола алмайды.

Осыдан бiрнеше жыл бұрын мен «сананы тұрмыс билеген заман» деп, бауырыммен араласуға, ол ауруханаға түсiп қалғанда бара алмағаныма жұмысбастылығымды, уақыттың тапшылығын алға тартып, кiнәнi басқа нәрселерден iздеген болар едiм. Ал, басыма түскен қиындықтан соң, мен бауырыма тек мерекелерде ғана қоңырау шалып құттықтау түсiнiгiнен арылғанмын. Ал, сiз ше, оқырман, бауырларыңызбен тек өлiм-жiтiмде, той-томалақта ғана хал-жағдай сұрасып, көрiсiп тұрасыз ба? Бауырларыңызды қонаққа шақырып, өзiңiз де олардың шаңырағына жиi барып тұрасыз ба? Әрине, әр шаңырақтағы туысқан бауырлардың арасында нендей ренiш болғаны, ол дұрыс па, бұрыс па, олардың ара-қатынасы қандай жағдайда екенi әркiмнiң жеке шаруасы. Бiрақ, қаладан ауылға айына, жылына бiр рет те бармаған бауырыңыздың өлiмi туралы хабар жетсе, барлық шаруаңызды ысырып қойып, әп-сәтте жетiп барасыз ғой-ә?! Сонда «Неге жай күндерi бiр келмегенмiн бауырыма...», «Болмашы нәрсе үшiн неге осыншама уақыт араздасып жүргенмiн...» деп, өкiнiште қалмайсыз ба? Ол уақытта «бауырым, бауырым» деп жылағаныңыздан, ол қайтадан тiрiлiп келмейдi. Осыны да бiр сәт ойланып қойсаңыз екен, оқырман! Әрине, барлығыңыздың бауырыңызға ұзақ өмiр тiлеймiн. Дегенмен, «жаман айтпай жақсы жоқ», ешкiмнiң өмiрi мәңгiлiк емес, бәрiмiз де бұл пәниде қонақпыз. Сондықтан да, бұл бес күндiк жалған өмiрде бауырларымызбен тату-тәттi болайықшы. Бауырыңызбен араздасып жүрген болсаңыз, кешiрiңiз және кешiрiм сұраңыз!

ЖАННА,

Жамбыл облысы.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Яндекс.Метрика