• шілде 12, 2017

Қайын жұртпен қарым-қатынасың қандай?

Қайын жұртпен қарым-қатынасың қандай?

Мынау бес күндік жалғанда айналаңа әдемі сөзіңмен, жылы қарым-қатынасыңмен сыйлы бола білгенге не жетсін! Көзді ашып-жұмғанша зырлап өте шығатын қамшының сабындай қысқа өмірде ешкімді ренжітпеу, ешкіммен ұрыспау басты ұстанымдарымның бірі еді. Жақын адамдарыма сыйлы болуды және сыйлауды көп ойлайтынмын. Бойдақ кезімде «қайын жұртқа ұнамды күйеу бала боламын» деп, өзіме-өзім сенімді едім. Бірақ...

...Қайын енемді құрметтейтінмін, сыйлайтынмын. Алақанына салып өсірген аяулы қызын берген ананы қай азамат жақсы көрмейді, айтыңыздаршы? Бірақ, күндердің күнінде сол қадірлі ананың алдына барғың келмейтін кез болады екен. Оған себеп – өзінің туған қызы, яғни келіншегімнің іс-әрекеті.

Отбасылы болғаннан кейін үйдегі болған нәрсенің бәрін неге анасына жеткізіп отыратынын түсінбеймін. Менің бала күнімнен есімде қалғаны, анам ата-анасына қайғысын ешқашан білдірмейтін. Талай рет әкемнің соққысынан көзі көгеріп, денесін ала алмай жүрген кезінде үйге нағашыларымыздың бірі келе қалса ештеңені сездірмейтін. Орамалын көзіне түсіріп байлап, бетіне опа жағып, көзінің көгергенін білдірмей екеуін бірдей етіп бояп алатын. Бір күн алдын көңілі қалса да, нағашыларымның алдында білдірмеуге тырысып, әкеммен түк болмағандай күліп сөйлесетін. «Біздің Жәкең» деп оның жұмысы жайлы, жақсылықтары туралы әңгімелеп қоятын. Сол күлімдеген, көңілді қалпынан айнымай, қонақтар қайтқанша сыр алдырмайтын. Сонда нағашыларым көңілі толып қайтатын. Ал кісі қайтқаннан кейін анам баяғы өкпе-ренішін қайтып есіне де алмайтын. Әкемді сол сыйлаған күйде құрметтеп, бізге де сондай тәрбие беруге тырысатын. Үйдің үлкені болып, әкемнің анама қол көтергенін талай көзбен көргендіктен оған өкпем қара қазандай болатын. Анам соны байқап, «Әкеңе мен ренжісем себебі бар, ал сенің әкеңе өкпелейтін хақың жоқ. Перзент ата-анасының алдында мәңігі қарыздар болып қалады» деп ақылын айтатын. Сонда да жұғыспай жүрсем, ебін тауып «Мынаны әкеңе апарып бер», «Әкеңді тамаққа шақыр» деп жұмсайтын. Кейде әкеме өтініп бір жұмысты жасатады да, жанына мені қосып қоятын. «Ары тұр», «балғаны былай ұста» деп жүріп, әкем екеуміз қайтадан тіл табысып кететінбіз. Нағашыларыма қыдырып барғанда да анам нағашы апаммен түн бойы әңгімелесіп шығатынын білемін. Бірақ таңға дейін әңгімелессе де ұйықтап қалған болып тыңдаймын ғой, анамның әкемді бір рет жамандағанын естімеппін. Сондықтан болар, нағашыларымыз әкемді көрсе шын қуанып, құрақ ұшып күтіп алатын. Біздің отбасында қуаныш бола қалса, бар тапқанын арқалап келіп, аста-төк дастархан жасап, мәре-сәре болып қалатынбыз.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, анам мақтауға тұрарлық жан. Ал келіншегімді жаман демеймін, бірақ ақымақ деп айтуға болады. Ол үйдегі болып жатқан жағдайдың бәрін анасына бүге-шүгесіне дейін баяндап отырады. Жақсысын да, жаманын да. Ертеңгі күнге жоспар құрсақ, соны түн болғанына қарамай анасына хабарлайды. Тіпті, енеме тосынсый жасайтын болсам да хабарлап үлгереді ғой.

Әр отбасының өзіндік тыныс-тіршілігі болады, әркімнің қалауы әр түрлі. Осыны келіншегім де, енем де түсінбейді. Мен өзіме ұнаған затты емес, қайын енемнің көңіліне жаққанын сатып алуға мәжбүр болатынмын. Әйелімнің анасы біздің отбасылық мәселелерге араласа береді. Әжептеуір ерлі-зайыпты болып, өзара келісіп жиһаз сатып алуды жоспарлаймын. Бір ай бойы жиһаздар каталогтарын ақтарып таңдаймын, бірақ енемнің таңдауымен келісуге тура келеді. Үйдің ішкі жағдайын да сол кісілердің қалауы бойынша өзгертіп отырамыз. Оның бәріне талай жылдан бері үйреніп кеттім ғой. «Болмайтын нәрсеге қыңырлық танытпай-ақ қояйын, мейлі» деп онша-мұншаға араласа бермеймін. Анасымен ақылдасып жасағаны деп қабылдауға тырысатынмын. Дегенмен, «ыдыс-аяғы сылдырламайтын отбасы болмайды», кейде келіншегіммен ренжісіп келісе алмай қаламыз. Сондайдың бәрін сөзбе-сөз жеткізетін келіншегім соның ақыры не боларын ойламайды. Енем үйдегі тірлігіме араласқаны аздай, маған ақыл айтып, мені тәрбиелегісі келеді. Ол кісіні ренжіткім келмейді. Бірақ қалай? Түймедейді түйедей етіп жеткізетін келіншегім ананы да, мынаны да қалдырмай сөз етеді де, соңында мен кінәлі болып шығамын.

Бірде екінші қызым ыстығы көтеріліп қатты ауырып қалды. Дәл сол күндері менің де жұмысым көбейіп, үйге кеш қайтып жүргенмін. Келіншегім қызымызды өзі-ақ емханаға алып баруына болады. Ол өзі бара қоймай маған да еріп жүр деді. Ашуланып «Өзің бара бер, қолым босамайды» дегенмін. Жарты сағат өтер-өтпесте енем хабарласып, «Саған бала-шаға керек пе? Керек болмаса алып кетемін» деді. Ашуым мұрнымның ұшына келді. Неге ол менің отбасыма мұрнын сұға береді? Келіншегім де қашанғы анасының «роботы» болмақшы? Түтінің бөлек болған соң, өз қалауыңмен өмір сүру керектігін әйеліме түсіндіре алмай-ақ қойдым. Келіншегімнің ақылы жетпейді немесе үйдегі мәселелерді өзі шешуге уақыты жетпейді, білмедім. Осы анам бала тәрбиесінде, бала бағуда ебін тауып, бәрімізге жалғыз өзі қарады емес пе? Ашумен енеме «Қызыңызды да қосып алып кете беріңіз» дедім де телефонымды сөндіріп қоя салдым.

Ашуланып сол күні үйге де қайтпадым. Түн бойы кеңседе отырдым. Бір жағы келіншегімнің қылығына ызыландым, екіншіден алыста отырған енеме қарсы сөз айтқаныма ұялдым. Егер келіншегім анасын араға салмағанда ол кісіні өйтіп ренжітпеген болар едім. Сол жағдайдан кейін көпке дейін келіншегіме ренішім басылмады. Енемнің бетіне қалай қарарымды білмей састым. Бір айдан кейін үшінші қызымыздың бір жасқа толған туған күніне нағашы әжесі келді. Менің ата-анам да бар, ешкімді алаламай бәріне бірдей сый-құрмет көрсеттім. Бірақ енемнің маған деген көзқарасы өзгеріп, аздап салқын тартып қалыпты. Мен өткенді қозғап қалай кешірім сұрарымды білмедім. Сосын болған жағдай есімнен шығып кеткен кейіп танытып жүре бердім.

Адамның арасында бір салқындық пайда болса, кейін сол ұлғайып кете береді екен. Содан кейін енем де маған сөйлемейтін болды. Сәлемімді әрең алады. Мен де өзімше тәкаппарланған болып «Өзінің қызы кінәлі, үйдегіні айтып, сыйды кетірген сол» деп елемеуге тырыстым. Бірақ уақыт өткен сайын осы «кісілігіміз» бір-бірімізді жақтырмайтын дәрежеге жеткізді. Кісілікті қойып, кішілік жасай салуды дер кезінде ойламағандығыма өкінгенім де рас.

Осылай қайыненем маған, мен оған жеккөрінішті болып қалдық. Жақтырмай, жек көріп қалғаны жүзінен көрініп тұрады. Шындығына келсек, ол кісінің алдында титтей де кінәм жоқ, әкем сияқты әйел затына қол көтерген емеспін. Барымды бақытым деп бағалайтын адаммын. Сондай бола тұра мені жақтырмай, сыртымнан жаман сөйлейтін енеме қалай сыпайылық танытамын? Басқа күйеу балаларына жылы сөйлеп, іш тартып, маған сөйлегісі келмейді. Сондайда келіншегім «Сен менің анамды ұнатпайсың» деп ренжіп жылап алады. Оған өзі кінәлі екенін айтамын. «Менің анам айтты» деп әрнәрсеге кірістіре берген өзі емес пе? Күйеу балалардың ішіндегі ең сыйы жоғы болу маған да абырой емес, келіншегім соны ертерек ойлауы керек еді. Мұндай қателікті енді ғана отау тіккен жас отбасының келіндері жадында сақтаса екен. Сонда күйеу де қайын жұртына сыйлы болады. Ал, ер-азаматтарға «Тыныш өмір сүремін десең, балаға, дұшпаныңа және әйеліңе көңіліңдегі сырды айтпа. Балаға сырды айту – киімді суға салып, су болмасын дегенмен тең. Дұшпанға сырды айту – өзін өзі дарияға тастап, суға кетпеймін дегенмен бірдей. Әйеліңе сырды айту – ағашқа от қойып, жанбайды дегендей. Жоспарларыңды ешкімге айтпай, әрекет жасағаның дұрыс» деймін.

Жалпы әйел де, отағасы да бақытты болуды қаласа, сырын ешкімге айтпауды үйренгені жөн болар.

АЙТМАХАН, Алматы қаласы.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Яндекс.Метрика