• шілде 12, 2017

Қызындай көрсін десең, анаңдай құрметте!

Қызындай көрсін десең, анаңдай құрметте!

Келіннің көбісі ұрған сайын секіре түсетін доп сияқты ғой. Бірақ білесіз бе, жеңіл доп қана секіріп өрши түседі де, ал салмағы ауыр допты ұрсаңыз секірмейді. Бұл мінезі салмақты келіндер секілді. Ал, кеудесі бос, ақымақ келін жеңіл допқа ұқсайды. Мұндайлар өртті өшіре алмайды, дауды тоқтатуды білмейді, керісінше өршітіп, ушықтырады. Сөйтеді де «Енем жаман», «Ажырасуыма енем кінәлі», «Мені өз қызындай көрмеді» дейді. Қызындай болу үшін, енеңді анаңдай құрметтеуің керек.

Қажығұмар Шабданұлының алты томдық «Қылмыс» атты романын оқыған адам көп шығар. Жазушы романда «Құтты орнына қонбай әйел заттың бақыты орнықпайды» дейді. Дұрыс-ақ. Әйткенмен, құтты орнына қонғанның барлығының бақыты орнықты ма?

Биікке шығу бір басқа да, сол биікте тұрақтап қалу – бір басқа. Осы сияқты тұрмысқа шығып жатқан қыз көп, бірақ аттаған босағасынан бақыт тапқандар аз. Тәтті, дәмді ас әзірлей алатын әйел көп, алайда оның бәрі ең тәтті «тағам» – татулық екенін біле бермейді.

«Қылмыс» романында жазушының «Меніңше, татулықтан тәтті «тағам» жоқ. Бірлік болмай тірлік жоқ» деп жазғаны жадымда жатталып қалыпты. Бұл Нұрайшаны кездейсоқ жолықтырып, онымен болған ұзақ та ой саларлық әңгімеден соң ойыма оралып отыр. Оның әңімесі былай өрбіді.

«...Жақында енем 65 жасқа толды. Ағайын-туысты шақырып, думандатып үлкен той жасап бердік. Енемнің туған күніне дайындық жасап шапқылап жүріп, тілек сөз жаттауды ұмытып кетіппін. Асаба жігіт қолыма микрофонды ұстатқанда аузыма сөз түспей абдырап қалдым. Дос-жаран, құрбы-құрдастың туған күн кештерінде, отырыстарда тілек айтып жүрмін ғой. Бірақ ененің ойынан шығатындай тілек айту, әсерлі сөз табу өте қиын екенін сол кезде түсіндім. Оның үстіне арзан-құрзан нәрсеге мұрнын шүйіре қарайтын енеме салмағы жоқ сөз де ұнамайтынын білем. Қайта-қайта жөткерініп қоямын, бірақ рас айтам, ешқандай сөз таппай қатты абыржыдым. Бір орайын тауып бұл тұйықтан шықпасам жиналған жұрттан ұят. Ал, ертең ше, енемнің маған не айтатынын кім білсін? Анамның «Ойды ой, сөзді сөз түртеді» дейтіні ойыма сап ете қалды да алдымен бір-екі ауыз сөзбен бастасам, ары қарай жүрегімдегі сөздер өзі-ақ шығатынын түсіндім. «Енеме деген ақ тілегім шексіз, таңға дейін айтсам да таусылмас. Ықшамдап, аз сөзге көп мағына сыйдыра алмай қиналып тұрғаным сондықтан. Өйткені, енем – алтын адам» дедім. Ары қарай сөз таппай қалдым. Сосын жанымда тұрған күйеуіме бұрылып «Сенің анаң – алтын, менің енем – алтын» деп әндете жөнелгенімді аңғармадым. Ашуланғанда адамның ырқынсыз кейбір сөздер ауыздан шығып ауыздықтай алмай қалатын сәттер болса, қатты толқығанда адам ән де айтады екен.

Әнші Заттыбек Көпбосынұлының орындауындағы бұл әннің сөзін толық білмесем де теледидарда жиі берілетіндіктен қайырмасын жаттап алғаным әбүйір болды. «Менің анам» дегенді «менің енем» деп ауыстырып, әннің білмейтін жерінде өзім ұйқас құрап, қалай аяқтап шыққанымды байқамадым. Бір уақытта «болды, жетер» дегендей күйеуім қолымдағы микрофонды жұлып алды. Жеткен жерім осы болды ғой деп көзімді тарс жұмып басымды төмен салып тұрмын. «Анамызды құттықтап қол соғыңдар бәрін» деген күйеуімнің сөзінен соң «оянғандай» болдым. Шынымды айтсам, әнді қанша уақыт созбалақтап айтқанымды білмеймін де. Тойға жиналғанның барлығы шапалақ соғып, тіпті, риза болғаны соншалық орындарынан тұрып кетті. Не болып, не қойғанын білмей «Қалай айттым, дұрыс айта алдым ба?» дегендей, күйеуіме жалтақ-жалтақ қарап мен тұрмын. Төрде отырған енемнің қасыма қалай кеп қалғанын байқамаған екенмін-ау, асаба жігіттен микрофонды алған ол «Менің келінім де – алтын» деді. Сосын маңдайымнан сүйіп, өзінің ең жақсы көретін күміс білезігін шешіп менің қолыма тақты. Тағы да аңтарыла тұрып қалдым. Өйткені, енем бірінші рет менің маңдайымнан сүйді. Енем бірнеше ғасырдың көзін көрген, әулеттің текті енелерінен ең жақсы келіндеріне мұра боп келе жатқан тәбәрік – білезігін маған тақты.

Ертеңіне жамағайын абысындарым «Жарайсың, Нұрайша! «Валиде ханымның» көңілін жаулап алғаныңа таң-тамаша болдық» деп жатты. «Сұлтан Сүлеймен» түрік сериалы теледидардан беріліп жатқалы өзгелер менің енемді «Валиде ханым» деп атайды. Әзіл-шыны аралас бұл теңеуді енемнің өзі де талай рет естіген. Еститін де сәл ғана езу тартып жымиятын. Енемнің жымиғаны – күлгені. Түсі өте суық. Қатал да қатты адам – енемнің жүрегін жаулап алу мен үшін Ескендір Зұлқарнайынның қаншама елді жаулауынан да қиын болғанын абысындарым қайдан білсін?! 65 жылдық мерейтойынан бірер күн бұрын ғана енемнің көңіл кілтін тапқанмын. Ал, оған дейін...

Келіндік өмірімнің алғашқы жылдарындағы мазасыз мезгілдер есіме түссе, қазір күлемін, ал сол уақытта талай рет жылағанмын. Басымнан қиындықтың талайын өткізіп жатсам да сыртқа күлімсірей қарап ешкімге сездірмейтінмін. Бірақ «Мен ішпеген у бар ма?» деп, іштей жылап тұратынмын. «Мен ішпеген у бар ма?» демекші, осылай аталатын Абай Құнанбаевтың өмірі туралы қойылымды әркім көрген болар. Аталмыш драмадағы әке мен бала арасындағы әділетсіздік пен қараңғылықтан, түсініспеушілік пен келіспеушіліктен туатын озбырлықтар бала кезімнен өгей шешеммен арамызда орын алғанымен, енеммен де күресемін, тартысамын деп ойламаған едім.

Өгей шешенің қолында тұрған бірнеше жылдың ішінде, студент шағымда және үлкен ұжымдағы талай жылғы қызметімде «мен ішпеген у» қалмағандай еді. «Өмір» атты үлкен ұстаз сабақтарының шәкірті болған мен жауды досқа айналдыруды үйренгеннен соң ғана «у ішпейтін болдым».

Келіндік өмірдің алғашқы жылдары енем жөнсіз, орынсыз түртпектегенде шарасыз, күйгелек күйге түсетінмін. Турасын айтайын десем тілім қысқа. Ал әділетсіздікке көніп басымды бұғып жүре берейін десем, шаңырақтағы мұндай түсініспеушілік, ұрыс-керіс бір күні өмірімнің сәні мен мәнін «ұрлайтыны» анық. Исраил Сапарбай ақын ағамыз айтпақшы «Егесті елемесең – ерегіске, ерегісті елемесең – төбелеске, төбелесті елемесең – төңкеріске айналады». Ал мен бақытымның баянды болғанын, мәңгілік болғанын қаладым, қалаймын.

Енемнің қатал мінезін, жалғыз ұлына мені тең көрмей жанымды жаралаған әрбір сөзін жазып қайтейін. Жалғыз ұлы бар ата-енеге келін болудың қиындығын көпшілік жақсы білсе керек. Бір құрбымның сөзімен айтқанда кішкентай кезінде жүгіріп гүлді жұлып өзіне әкеп берген баласы сол гүлдерді енді басқа біреуге сыйлағанын көрген анада қызғаныш болмай қоймас. Мұндай жайттарға түсіністікпен қарағым келгенімен, кейде енем өз енесінен көрген азабын маған да тартқызып, марқұм әжемізден өш алғандай айызы қанатын сияқты боп көрінетін.

Жалпы, енем алғашқы күннен бастап-ақ маған мейірлене қоймады. Ерінен ерте айырылған жалғызбасты ана – енемнің мінезін түсіну өте қиын. Бірде ол ұлының маған көңіл аударып еркелеткенін жақтырмайтындай болып көрінсе, бірде өзінен 30 жас кіші менімен өзінің сұлулығын, сымбатын салыстырып әлек болатын сияқты түйілетін. Оның үстіне енем де, мен де тіл маманымыз. Үйде жұмыс барысына байланысты сөз қозғала қалса ол мені өзінің бәсекелесіндей көретінін де аңғаратынмын. Сөйтетін де бүйректен сирақ шығарып, өткір сөздерімен жанымды жаралайтын, байлығын бұлдап менің жоқ-жұқана отбасыдан шыққанымды айтып кемсітетін. Тіпті, менің төркінімді менсінбейтін де.

Е-е, өткен өмірімнің күңгірт бояулармен бейнеленген өрнектерінің бәрін қағазға түсіріп, сені мұңға батырып жібердім бе? Біреудің мұңын біреу қайтсін? Дұрысы, үйренгенге үлгі болар тұстарын жазайын.

Енемнің төзгісіз қаталдығы мен қатаң жазаларына шыдай алмаған шақтарымда отыз жасқа жақындап, көп ішінен таңдауымды жасап ойы да, бойы да жарасым тапқан жігітпен тағдырымды қосақтарда өзіме-өзім берген уәдемді еске түсіретінмін. Ол уәдем – «бастысы, отбасылымын, күйеуім бар» деп кейбір құрбыларым секілді сыртта бақытты әйелдің образына еніп, ал үйде бақытсыздың күйін кешіп бүкіл өмірімді сұрықсыз өткізбеймін мен. Қандай қиындық болса да жеңіп шығуға тиістімін» деген уәдем бар еді өзіме-өзім берген...

Қызметке орналасқанымда алғашқыда бастық маған ұрса беретін, әр ісімнен мін тауып ескерту жасаудан жалықпайтын. Еңбексүйгіштігімнің, жауаптылығымның және тапсырылған істі уақытылы және мінсіз орындаудың арқасында ғана бастық бірнеше жылдан соң маған сенім артып, өзіне орынбасар етіп тағайындаған болатын. Келін боп босаға аттағанымда да қатал енемнің көңілін табу оңай болмайтынын ұққанмын. Бірақ, келінге тек үй тірлігіне шебер болу, он саусағынан бал тамған аспаз болуы аз екен. Енемнің түсінігінше «келіннің тамағы да, әрбір сөзі де дәмді болуы керек»!

Тіл маманы болғандықтан енем барлық адамның аузынан шыққан әрбір сөзінің астарына үңіліп, «салмақ» іздейтін жан. «Сөз бір шарап сияқты, одан бастың ауыруы да, жазылуы да мүмкін» демей ме, мен енемнің жүрегін тек салмақты әрі тәтті сөзіммен ғана баурай алатынымды ұқтым.

Осы орайда сөз арқылы қатал енемнің қатты жүрегін жібітуде қолданған әдісімді айтайын. Жалпы, әр адамның мінез-құлқын, болмысын мамандығына қарай зерттеген жөн дер едім. Бір күні кітап сөресін реттеп жатып енемнің студент кезінде жазған күнделігін тауып алдым. Демек, мен күнделік арнауым керек деген ойға тоқтадым. Көзге бірден түсетін қызыл мұқабалы қойын дәптер сатып алып, күнделікті тіршіліктен түйген ой-пікірімді, кейбір сәттерді «күнделік дәптерінің» парақтарына түсіруді әдетке айналдырдым. Әрине, бұл тұрғыда енем туралы жақсы, биік пікір жазу негізгі мақсатым. Ал, көздегенім – кейін бір күні жазғандарымды енеме оқыту, сол арқылы маған деген көңіліндегі мұзды еріту.

Күнделіктің алғашқы беттерінде аттаған босағама бақ дарытып, береке ұялатқым келетінін, осы шаңырақта өсіп-өніп, күйеуімнің ұрпағын көбейтуді көксейтінімді жаздым. Ары қарай әр күні енеме деген құрметім мен көзқарасымды жаза бердім, жаза бердім...

Күнделік беттеріндегі жазбаларымның барлығын болмаса да бірер үзінді келтіріп айтып берейін.

3-қаңтар, 2017 жыл: ...Бүгін енем менің пісірген палауымды ұнатпады, кеше өнерімді салып әзірлеген салаттан да мін тапқан еді. Менің жүріс-тұрысыма, сөзіме, әр ісіме сын айтып отыратын енеме ешқашан ренжіген емеспін. Керісінше, мендегі кемшіліктерді түзеп келе жатқан оған шексіз ризамын.

Бір қаламгердің кітабынан «Жүзімде керексіз және керекті бұтақтар болады. Керегі жүзім салады, керексізі қорек сорады, яғни, арамбұтақ. Мұндай арамбұтақты дер кезінде отап тастамаса, жемісті бұтаққа кесірін тигізеді. Мұны отап тастау басқа емес, бағбанның ғана қолынан келетін шаруа» дегенді оқығанмын. Осы күнге дейін мінезіме де, істеріме де айналамдағы адамдардан сын естігеніммен, түзеуге тырыспаған екенмін. Өйткені, өзгелердің ой-пікіріне немқұрайлы қарағанмын. Ал енемнің әрбір сөзі мен үшін – заң! Енемнің мен туралы әр ойы мен пікірі ойландырады. Енемнің сын-пікірлерінен қорытынды шығарып, өзімді түзеуім қажет.

Енем мені тәрбиелеуде. Расында да, жағымсыз қылықтарым мен ұнамсыз істерімді ескертуімен, қатаң жазалаулармен «қиып тастап» отырған енемді нағыз бағбанға ұқсатамын. Ертеңнен бастап енемнен ас даярлаудың қыр-сырын үйренемін.

14-ақпан, 2017 жыл: ...Кешке енемнің қатты ұрысқанынан ба бүгін жұмыста көңілсіз жүрдім. «Мұғалімдер бөлмесінде» болып жатқан өзара пікірталасқа араласпағаныммен, кейбірінің тауып айтылған сөздерін түртіп алдым.

Сағира апай «Патшаның бір мезеттік әділеттілігі алпыс жыл бойғы нәпіл намазының ғибадатынан артық» деген еді, Сыдық ағай «Онда мен өмір бойы намаз оқымай-ақ қойсам болады екен ғой, өйткені қай жерде де әділмін» деп күлді.

Осы кезде ғана мен енемнің ешқашан жөнсіз айтпайтынын, себепсіз ұрыспайтынын түсіндім. Саралап қарасам, бәріне өзім ғана кінәлімін. «Ел болмағы – басшыдан» демей ме, енем отбасы жарасымдылығын, ұлына лайықты болуымды ойлап, «түзел, қатеңді түзе!» деп ұрысады екен ғой. Менің енем – әділ, ақ жүректі адам. Енемнен кешірім сұрауым керек. Кешірмесе не етпекпін? Жоқ, кешіреді! Өйткені, «кеңпейілділік пен кешірімділік – кемелдіктің белгісі» деген сөз бар, ал менің енем кемелді, кемеңгер адам!

19-наурыз, 2017 жыл: ...Бүгін жұмыстағы бір келіншекпен айтысып қалдым. Ол енесін жамандады, мен мақтадым. «Енемнің бір ауыз жылы сөзі мен үшін шөлдеп келгенде шөлімді басар бір кесе судан да артық» , «Қараңғы үйге шам жақсаң, бір бөлмені жарыққа бөлейді. Ал, Ай ше? Қараңғы бүкіл жер шарыны жарық етіп тұр. Менің енем аспандағы жарық Айға ұқсайды. Ол бүкіл ағайын-туысқа, көрші-қолаңға құрметті» дей бергенімде, Назгүл мені тыңдағысы келмей ашуланып кабинеттен шығып кетті. Ол маған орынсыз ренжіді, жөнсіз ашуланды.

Шаңырағымыздың қағбасындай қасиетті енемді неге мен жаман деуім керек? Рас, енем кейде дүрсе қоя ұрсып та алады, ашуланады. Бірақ «Бетін бұлт жапқанмен, көрінбей қалмас Ай болмас» дегендей, енемнің қабағы қатулы болса да одан мейірімділіктің, жылулықтың нұры айналасына шашырап тұрады. Бірақ неге екенін білмеймін, енемнің мейірімінің нұры маған жеткіліксіз берілетін сияқты. Енемнің жарығы мен жамалына зәрумін.

28-маусым, 2017 жыл: ...Бір ақынның кітабынан «Тектіліктің жадында да, жатырында да тазалық жатыр» деген сөзін оқыдым. Менің күйеуім текті, ақылды, білгір десем, бұл енемнің арқасында деп білем. Мені күйеуім қуанышқа бөлеген сайын мен де енемнің көңілін көктем етуім керек деймін өз-өзіме іштей. Өйткені, күйеуімді өмірге әкелген – енем. Күйеуіме жарық сыйлаған енеме мың тағзым! Енем күйеуімді тоғыз ай, тоғыз күн құрсағында көтеру кезеңінде, босану сәтінде қалай қиналғанын өзім ана болғанда ұқтым.

Енемнің кейбір сөздері жанымды қинады, жыладым дегеніммен, күйеуімді босану үстінде оның қиналғанының қасында менікі түк те емес қой. Сондықтан да енем маған қандай жаза қолданса да, нендей сөз айтса да мен ешқашан ренжімеймін. Өйткені, ол – күйеуімдей ақылды азаматты дүниеге әкелген ардақты ана!..

Міне, осы секілді сөздерді күнделігіме көп-көп етіп жаздым. Әдемі сөздеріме сараңдық жасамадым. Енем қатты ұрысқан сайын күнделігіме шұқшия отырып жазуға кірісемін. Күнделік жазып отырғанымды енеме әдейі байқатуға тырысамын. Қызыл мұқабалы күнделігіме енемнің көзі күнде түсетін болды да одан не жазып жүргеніме қызығушылығын арттыра бастадым. Әдейі оны тығып қойып, өзіммен мектепке алып кетіп жүрдім. Ал, бір күні әдейілеп дәптерімді үстел үстіне тастап кеттім.

Сол күні жұмыстан келгенімде енем мені әдеттегіден басқаша қарсы алды. Тамақ ішіп отырғанда да енем менің әрбір тірлігімді мақтаумен болды. Көзі де, сөзі де мейірімге, жылылыққа толы. Бастапқыда таң қалдым. Кейін енемнің күнделігімді түгел оқып шыққанын дереу ұқтым да ішіп отырған шайыма шашалып қалдым. Бірақ немересінің бал қылығына мәз-мейрам боп, онымен жарыса сөйлеп отырған енем аңғармады. Сыртқа ытқып шықтым да тасалау жерге барып, есалаң адамша өзімнен-өзім күле бердім. Көзімнен жас аққанша күлдім-ау. Енесінің жүрегін күнделіктегі әдемі сөздермен жаулап алғанына риза боп күлген боларсың деп ойлап отырған шығарсың. Шынында солай күлгенмін бастапқыда. Бірақ күліп отырып, соңында жыладым. Біраз уақытқа дейін өзімді тоқтата алмай жыладым. Көзімнен аққан моншақ тамшылар қуаныштың жасы еді...»

Нұрайша осылай әсерлі әңгімесін аяқтады. Мен де оның ұтымды ойлары мен қылықтарына еріксіз күліп отырғанмын. Бірақ, қоштасып үйге жеткенше оның соңғы сөзі ойыма қайта-қайта оралып, көзімнен еріксіз жас домалады. Адам риза болғанда да көзіне жас келеді екен. Мен құрбымның енемен арадағы ерегісті тоқтатып, татулықты орната білгеніне риза болдым. Әрине, мұндай ақылды қадам кез келген келіннің қолынан келе бермейді.

Келіннің көбісі ұрған сайын секіре түсетін доп сияқты ғой. Бірақ білесіз бе, жеңіл доп қана секіріп өрши түседі де, ал салмағы ауыр допты ұрсаңыз секірмейді. Бұл мінезі салмақты келіндер секілді. Ал, кеудесі бос, ақымақ келін жеңіл допқа ұқсайды. Мұндайлар өртті өшіре алмайды, дауды тоқтатуды білмейді, керісінше өршітіп, ушықтырады. Сөйтеді де «Енем жаман», «Ажырасуыма енем кінәлі», «Мені өз қызындай көрмеді» дейді. Қызындай болу үшін, енеңді анаңдай құрметтеуің керек. Ал, оқырман, сенің енеңмен қарым-қатынасың қандай? Білесің бе, егер келін енесін іштей «анам» деп «қабылдап», өз анасындай көрсе – ол да қызынан кем көрмейді.

Енеңді айна деп ұқ. Айнаға қарап күлсең – ондағы бейнең де саған қарап күледі, ал қабағыңды түйіп ашулансаң – айнадағы «адам» да сенің қимылыңды қайталайды. Иә, енеңмен қарым-қатынасыңның қандай болмағы тек өзіңе байланысты.

Жазира СМАҒҰЛОВА.

Ұқсас мақалалар

1 Пікір

  1. СУЛУ

    Тамаша мақала. Ырза болдым. Маған да күнделік арнап, оған енемді мақтап жазып, оны сыйлайтынымды білдіріп, оқыту керек сияқты. Арамыз жақсы емес. Мынау мақала маған ой салды

Пікір қалдыру

Яндекс.Метрика