• қазан 12, 2017

​Туысқанның баласын асырап алу дұрыс па?

​Туысқанның баласын асырап алу дұрыс па?

Қарсымын! Бала асырап алуға емес. Туысқан мен таныстың баласын бауырға басуды қолдамаймын. Бөбектер үйiндегi тастанды баланы асырап алған дұрыс, ал бауырыңыздың сәбиiн... жо-жоқ, жоламаңыз!

Жақында таныс бiр мұғалiм әйел жүктi екенiн айтты. Жоспарсыз жүктiлiгiн шарана екi айлық болғанда ғана бiлiптi. Бұл ұлы да, қызы да бар келiншектiң алтыншы жүктiлiгi. Нәрестесiн қайын сiңлiсiне бермек ойы бар. Қайын сiңлiсi бiр қыздан кейiн бала туу қабiлетiнен айырылған екен. Әрине, туысқанға деген жанашырлығына ризамын. Бірақ, баланы ет-жақыныңның бауырына салуға, туысқанның сәбиін асырап алуға қарсымын. Түсіндірмек болып едім, ол «Менiң өмiрiм, менiң балам, менің қайын сіңлім... араласпаңызшы» деді. Үнсiз қалдым. Әрине, баласын өзгеге беретіндерге ешнәрсе дей алмаспын, бірақ бала асырап алуды жоспарлап жүргендерге айтарым бар.

Бұл мәселе басымнан өткен. Бала асырап алу мені, сiңлiмді және баламды да сергелдеңге салған. Артта қалған сол бір жылдарды еске алудың өзі ауыр. Ауыр болса да айтайын.

Мен Атыраудың қызымын. Сол елдiң жiгiтiне тұрмысқа шыққанмын. Тұңғышым қыз бала болды. Екiншi жүктiлiгiмде дәрiгер құрсағымдағы шарананың егiз екенiн айтқан. Қатарымнан кеш «сүйiктi жар» деген атауды иеленсем де, «үш баланың анасы» деген атты ертерек алатыныма қатты қуандым. Күйеуiм бе? Құмар ойынына «құл» болып жүрген адам ұл жайлы ойлансын ба?

Оның құмар ойынға әуестігін бойдақ кезiнде байқағанмын. Бірақ, осы бір ғана кемшіліктен басқа мін таба алмағанмын. Келбеттi, мiнезi жайлы, табысы мол, бiлiмдi. Оның үстіне өмiр-пойызының соңғы вагонындағы жігіттер арасынан осы ғана тәуірлеу көрінген. Сондай-ақ мiнсiз күйеу таппайтынымды түсiнген едім. Түзелер деген үмітке де сенгенмін.

Алдабергенге дейiн талай жiгiттi керi қайтарғанмын. Бiр жiгiттi бос-болбыр, жалқау деп едiм. Ол үйленгеннен соң пысық боп шыға келдi. Тағы бiр жiгiттi ойының барлығы сыртта, қызыққұмар, отбасын ойламайтын күйеу болады деп топшылағанмын. Жоқ, әлгi жiгiт үйленгеннен кейiн тапқанын отбасына таситын, әйелi мен бала-шағасы десе құрбан болуға дайын күйеуге айналды. Мұндай жақсы жiгiттердiң сезiмiн керi қайтарғаныма кейiн өкiнгенiмдi жасырмаймын. Алдаберген де ешкімнен кем емес. Бойында сүйсiнерлiк қасиетi көп-ақ. Тек құмар ойынға әуес. Мүмкiн ол да үйленгеннен соң жаман әдетiнен тыйылар дегенмін.

Тұрмысқа шықтым. Нәрестелi болдық. Бiрақ күйеуiме ақыл кірмедi. Бiрнеше рет картадан ұтылып, қарызға белшесiнен батты. Зiңгiттей үш жiгiт келіп, қарызын сұрап қорқытып кетті. Алайда Алдаберген өмiрдiң де, адамның да ескертуiнен ес тоқтатпады.

Әлгі жігіттер екiншi рет келгенде күйеуiм есiктi ашпай қойды. Келесі келгенде олар есiктi бұзып iшке баса көктеп кiрді. Қоқан-лоққы көрсеттi. Күйеуіме араша түспек болған менiң шашымнан сүйреп, жуынатын бөлмеге қамап қойды. Алдабергенді аямай ұрып, тепкiлеп кеттi. Қатты қорықтым, түнiмен көз iлмей шықтым. Ертеңіне кіндігімнің тұсы бүріп ауырып, қан кеттi. Түсiк тастадым. Адам кейпiне келiп қалған егiз ұлымды қимай еңiреп жыладым. Жылап тұрып «Егер, құмар ойыныңды доғармасаң, ажырасамын» дедiм. Бұл жолы ант бердiм. Күйеуiм аяғыма жығылып, кешiрiм сұрады. Түзелетінін айтып уәде бердi.

Содан кейiн алты ай уақыт күйеуiм бұрынғы достарына жоламады. Жұмысынан уақытылы келіп, үлгілі боп жүрдi. Алайда «ауру қалса да әдет қалмайды» деген рас екен, ол қайтадан құмар ойынының соңынан кеттi. Ол уәдесiнде тұрмағанымен, әйел болсам да мен «құмар ойыныңды қоймасаң ажырасамын» деген антыма берiк болдым. Ажырастым.

Барлық дүние-мүлкiн сатып, тiптi банктен несиеге қарыз алған күйеуiмнен бiзге не бұйырсын? Бiр сөмке киiмiмдi көтеріп, қызымды жетектеп төркiнiме келдiм. Бәріміздің де қиналған шақта, панасыз қалғанда сенеріміз – ата-ана емес пе?! Ал, әке-шешеңіз сыртқа тепсе не істер едіңіз? «Кiм жетiсiп өмiр сүрiп жатыр дейсiң?! Талай жылдан бері әкеңнің тоқпағына шыдап келе жатырмын ғой. Күйдiрсе де күйеуiңнен ажыраспауың керек едi. Енді қалай күн көрмексің?» дедi анам. Әкем «Ұлды үйлендіріп, қыздарды өз егелеріне тапсырып, парызымыздан құтылдық деп жүрсем...» деп бір боқтады да далаға шығып кетті. Қайда барарымды бiлмей дал болдым. Үш ай ойланып, барар жер іздедім. Студент кезiмде бiрге оқыған шымкенттiк құрбым есіме түсті. Ол үнемi оңтүстiктiң адамдарының жылылығын, адамгершiлiгiн және ол жақта өмiр сүру жеңiл екенiн айтып отыратын. Оқуды бiтiрерде бәрiмiз естелiк жазып, мекенжайларымызды бiр-бiрiмiзге қалдырғанбыз. Сол ескі қойын дәптерiмдi iздедiм.

Не керек, Шымкентке келдiм. Мекенжай бойынша сұрастырып жүрiп құрбымды тауып алдым. Ол менi далада қалдырмады. Күйеуi де нағыз ер-азамат екен, «Жағдайын түзеп алғанша осында тұра берсiн» деп қамқор болды. Құрбым базарда сауда жасайды. Менi көмекшi етiп алды. Арада зулап уақыт өте берді. Төрт-бес жылдан соң құрбым Мәскеуге, басқа да елдерге өзiмен бiрге ертіп баратын болды. Тауарды арзан бағада алатын жерлерді көрсетіп, таныстырды. Бiрлесiп жұмыс iстедiк. Базардан сауда орнын жалға алып, өзiме жұмыс iстеуiме де бағдар көрсеттi. Содан берi қанша жыл өтсе де мен әлi күнге дейiн қарақұмық сатумен айналысамын. Қазiр Шымкенттегi сауда орындарының бiрнешеуiнен орын алып жұмыс жүргiзудемiн, сатушы қыздарым да бар. Әрине, бұл жағдайға бiрден қолым жеткен жоқ. Ұзақ жыл тер төктiм. Табысымды топтадым. Осылай тұрмысымды түзеймiн деп жүргенде арада бiраз жыл жылжыды. Үй сатып алдым, астымда көлiгiм де бар.

Айтайын дегенiм, туу жасынан өтiп, климакс басталып кеткенде ғана мен қызыма серiк болар тағы бiр балам болғанда ғой деп армандай бастадым. Иә, қызым бұл уақытта тұрмысқа шыққан, күйеу балам екеуiнiң жағдайын жасап, пәтер сатып әпергенмiн. Үлкен үйде жалғыз қалғандықтан, мен бала туралы ойлана бердiм. Адам шын тiлесе, Жаратушы оған жол көрсетеді екен.

Бiр күнi Атыраудағы сiңлiм хабарласты. Оның екi ұлы бар, үшiншiсiне жүктi. Күйеуiмен бірге кәсіп ашқан еді, банкрот болыпты. Қомақты ақшаға зәрулiгiн жеткiздi. Менің басыма қара бұлт үйірілгенде теріс айналған сіңлім енді менен көмек сұрап отыр. Бір анадан тусақ та барар жер таппай қиналғанымда ол мені үйіне кіргізбеген. Сондықтан да біз бір-бірімізге бөтен боп кеткенбіз. Менiң бiр балаға зар боп жүргенiмдi ол бiлетiн. Қысқаша айтсам, ол баласын туа салысымен маған беретiн болды да, оның орнына өзіне қажеттi қаражаттың мөлшерін айтты. Сіңлімнің шарты осындай болды. Менiң жұмысым жүрiп тұр, ай сайын табыс түсуде. Қажеттiлiгiмнiң бәрi түгендеулi. Көп ойланбай келiстім. Қателігім, ағайынгершілікке салынып, қолхат сұрамадым. Сiңлiм шарананы қолыма ұстатып кете барды. Ол қомақты ақшаға мәз болса, мен балалы болғаныма қуандым.

Қуанышымды бөлісіп, шiлдехана той жасадым. Сіңлім алты жыл бойы баласының жағдайын сұрамады. Баламмен өмiрiм қызықты өтiп жатқан. Ол бiрiншi сыныпқа барар жылы сiңлiмнiң екi ұлы мен күйеуi жол апатынан қайтыс болды да өмiрiмдегi сергелдең осы қайғылы оқиғадан соң басталды.

Сіңлім маған берген баласын сұрай келді. Оның жағдайын түсiнем, бiрақ «мама» деп әбден бауыр басып қалған баланың жанын қалай жараламақпын?!

Бірақ, сіңлім баланың жайын ойламады. Талай жыл сотқа сүйреледi. Қорқытты, үркiттi. Соңында сот арқылы баланы тартып алды. Жүрегім езілсе де амалсыз заңның дегеніне көндім. Бiрақ, балам Атыраудың климатына үйрене алмады ма, әлде психологиясы бұл айтыс-тартысты түсiне алмады ма, әйтеуiр ауыра бердi. Мен ішқұса боп ауырдым. Күнде Алладан баламның амандығын тіледім.

Арада біраз уақыт өткен соң сіңлім үйге келді. Баланы қайтарып берді. Қателігін түсінгеннен емес, бала оның екінші рет тұрмыс құруына кедергі болғандықтан ғана келген екен. Айтуынша, оның өмiр жолында талай еркек жолыққанымен, бәрi де «Балаң болмағанда немесе қыз бала болғанда үйленер едiм» деген көрiнедi. Баламмен қайта табысқаныма қуандым және сіңлімнің имансыздығына қынжылдым.

Одан кейiн сiңлiммен араласқан емеспiн, ол да ұлын сұраған емес. Баланың жанын тағы да жараламас үшін, сіңлімнің бақытты әрі оның өмірінде бәрі де жеткілікті болғанын күнде құдайдан тілеудемін. Баламнан айырылып, онымен қайта табысқан уақыт аралығындағы жай-күйiмдi жазып жеткiзу өте қиын және ауыр.

Қазiр сол ұлым 1-курс студентi. Ол есейгенде асырап алғанымды жасырғанымды қайта-қайта есiме салып, ренжiген. Менi «мама» дегенiмен, сол бiр оқиға оның жанына жазылмас жара салғанын аңғарамын. Қаншалықты батыл, өзiне-өзi сенiмдi болуға тәрбиелегенiммен, ол ынжық, жан баласымен ашылып, жайраңдап әңгiмелеспейдi. Өте тұйық. Менiңше, бұл алты жасар кезiнде орын алған оқиғаны әлi де ұмытпағанынан деп бiлемiн. Сот арқылы тартып алу, екi ананың таласуы, Атырауда өткен күндерiндегi жан қиналысын өмiр бойы ұмытпай ма деп уайымдаймын. Бала кезiнде психологиясына салынған ауыртпалық өмiрiне зиянын тигiзбесе екен, жарқын болашағына кедергi болмаса екен деймiн.

Мен қазiр өзiмдi, кәрiлiкке қарай адымдап бара жатқан өмiрiмдi, денсаулығымды уайымдамаймын. Асырап алған ұлымның келешегi ойландырады. Оның бiлiмдi азамат болуы үшiн уақытымды да, қаржыны да аяп жатқан жоқпын. Шынымды айтсам, туған қызымнан гөрi асырап алған ұлымды қатты жақсы көремiн.

Құдайға тәубе, қиындық алыста қалды ғой. Ұлым тәрбиелі, үлгілі, оқуда озат боп өсуде. Ұлыма қарап сүйсінемін. Алайда ұлымның да, менiң де жаныма жара салған жағдайдың ұмытылмай, өзiмiзбен бiрге «өсiп» келе жатқанын ойлағанда күрсінемін. Сондықтан да мен туған бауырдың, таныстың баласын асырап алуға қарсымын.

ГҮЛЖАН, Шымкент қаласы.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Яндекс.Метрика