• қазан 04, 2017

Уақытпен және анаңмен қарым-қатынасыңды түзе!

Уақытпен және анаңмен қарым-қатынасыңды түзе!

Күзде жылы жаққа кеткен құс көктемде қайта оралар. Шын сүйген адам қадіріңді ұққан соң қайтадан оралар. Қызмет қайта оралар... Алайда қайта келмейтіндердің де бар екенін ұмытпаған жөн болар. Өткен күн қайта оралмас. Өлген қайтып келмейді. Ендеше, уақыт пен жаныңда жүрген адамның қадірін біл.

Адам деп отырғаным – ана. Адамның барлығы анадан туады. Сондықтан да ананың қадірін білейік. Тірісінде анасының білмей қадірін, өлгеннен соң құшақтап қабірін жылаған мынау менің өкінішім көпке ой салса екен.

Жетi ұлды өмiрге әкелген анам бiр қызының болмағанын өкiнiш етiп отыратын. Кiлең сақылдаған ұл балалар анамыздан гөрi, әкемiзге жақын болдық. Әкем жетеумiздi де түздiң шаруасына баулыды. Өзi өмiр бойы диханшылықпен айналысқан.

Қазір ойлап отырсам, жалғыз анама бір үйдің еңгезердей сегіз еркегіне тамақ даярлау, олардың кiр-қоңын жуу оңай болмаған екен ғой. Сонда неге анамызға жанымыз ашып, оған үй шаруасында көмектеспегенбіз деп бүгін өкінемін. Жәрдем берер қызы болмағандықтан, анам ұлдарын анда-санда жұмсауға мәжбүр. Бiрақ, тек әкемнiң көзiнше емес. Өйткенi, әкем өте қатал адам болатын. Анам ұл баланы қыз баласы атқаратын шаруаға жұмсаса әкемнің жаны шығып кете жаздайтын.

Біздің түсінігімізде «ұлдың жұмысы», «қыздың жұмысы» деген болды. Бірақ, өз киімдерін өзі жуатын, өзі үттіктейтін сыныптас ұлдар бар еді. Тіпті, анасына үй тірлігінде қолғабыс болып, от жағып, нан жапқан достарымды да бiлемiн. Бiрақ бізге әкемнiң берген тәрбиесi бойынша ол ерсi көрiнетiн. Сондықтан оларды сол кезде мазақ етiп күлушi едiк. Ал қазiр сол достарыма бас иемін.

Бiздің үйдің жеті ұлы қазан-ошаққа жоламадық. Тым болмаса анамыздың ауырып, төсек тартып жатып қалғанда үй шаруасын атқаруға болар еді ғой. Жоқ, біз еркекпіз! Анам байғұс төсегінен сүйретіліп тұрып тамағымызды дайындап беретiн. Ыдыстарын сол күні жуа алмаса, тәуiр болған соң жуып алушы едi.

Анамның «бiр қызым болғанда ғой» деген арманын түсiнбеппiз. «Қызды қайтпексіз? Бiз үйленген соң, келіндеріңіз қызыңыздай болар. Жеті қызыңыз болады» деп күлушi едiк. Ал анам сол «жетi қыздың» бiреуiн де көре алмастан өмiрден өттi. Атан түйені де шөктірген ауру анамды «алып» тынды.

Анамызды емдетуді неге ойламағанбыз? Анамыздың қат-қабат, таусылмайтын жұмысын жеңілдетуге неге көңіл бөлмегенбіз? Күн сайын үш мезгіл ыстық отқа түсіп тамақ пісірудің оңай еместігін кейін білдік. «Ұл бала тек түздің шаруасымен айналыссын» деген заңның жоқ екенін ұқтық.

Әйелсiз күнiмiз қараң болғандықтан, бір жылдан соң әкем үйлендi. Өгей шешемiз үйішілік заңдарды өзгертті. Қазір біз киімдерімізді, төсек-жаймаларымызды өзіміз жуамыз. Әркім көрпесін өзі салып, таңертең жатқан орнын да әркім өзі жинайды. Тамақ пісірмейміз, бірақ ас ішіліп болған соң ыдыс жууға, қоқыс төгуге, ауланы сыпыруға кезекшілік кестесі түзілген. Бұдан өзге ұсақ-түйек үй тірлігі бар. Аптаның жеті күні жұмысты жетеуміз бөліп істейміз. Бұрын анамызға жекiрiп, ұлдарын жұмсатпайтын әкем «Ыдыс жуғаннан қыз боп қалмайсыңдар. Үйренгендерің өздеріңе жақсы. Пайдасы болмаса, зияны жоқ» дейтін болған. Байқаймын, әкем бұл сөзді амалсыздан айтады.

«Қолда барда алтынның қадiрi жоқ» дегендей, анамызға лайықты құрмет көрсете алмағанымызға әкемнен бастап жетi ұлы да – бәріміз өкінеміз. Анамыз тірі кезде дәл осылай үй шаруасын «ұлдыкі», «қыздыкі» деп бөлмегенімізде, анамыздың ауруын емдетуге, денсаулығын ойлауға уақыт бөліп, қазір ортамызда жүрер ме еді?! Әттең-ай, әттең...

Дәулет ҒАЛЫМ.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Яндекс.Метрика