• қыркүйек 02, 2017

«Ана – мектеп, ене – университет»

«Ана – мектеп, ене – университет»

Мектептегі ұстаздық қызметімнен зейнеткерлікке шыққан күні күйеуім «Зейнетке шыққаныңмен, үйдегі «ене мектебі» мен «әже мектебінің» оқытушысы екеніңді ұмытпа» деді күліп. Иә, рас. Әйел-ана ғұмыр бойы ұрпақ тәрбиешісі болып қала бермек. «Отбасы» деп аталатын кішігірім мемлекеттің ішкі саясаты да көбіне әйел-ананың ақыл-парасатының дәрежесімен байланысты.

Адам қай жаста да өмірдің оқушысы болып қала береді. Өйткені, үйрену және үйрету бұл өмір заңдылығы. Кезінде мен де мектепте оқыдым, жоғары оқу орнында оқытушылардан дәріс алдым. Кейін өзім мектепте балаларға ұстаздық еттім. Мен де ата-анамның әлпештеген қызы едім, кейін өмір заңдылығымен отбасы құрып, ұл-қыздардың анасы атандым. Бүгінде күйеуім екеуміз қыздарымызды құтты орындарына қондырып, ұлдарымызды үйлендіріп, немере сүйіп отырған бақытты ата-анамыз.

Қыздарым қанат қағып ұядан ұшқанда үшеуіне де «Қыз кезіңде еркін болсаң, енді келінсің. Еркелігіңді сырып тастап, барған жеріңнің тәртібіне көндігіп, сонда қалыптасқан заңдылықтармен санаса білуің керек. Ене алдында шәкірт екеніңді ұмытпа. Сен енді енеңнің шәкіртісің, үйрен, тәлім ал. Отбасыңның татулығын, бірлігін ойла. Мектепте кейбір оқушылардың әке-шешесі «ата-аналар жиналысына» жиі шақырылады. Оқушы шағыңда мұғалімдер тарапынан тек мақтау сөз естіген едік. Ене-университетінің табалдырығын аттадың, тек «бестік» деген баға алуға тырыс» деп аналық ақылымды айтып отырғанмын.

Әрбір отбасының бүгінгі бүлдіршін қызы, ертең бойжетіп бір үйдің босағасын аттап, келін болары белгілі. Жаңа түскен келінге сын көзбен қарайды. Ал, отбасында тәлімді тәрбие алып, ибалылық пен инабаттылықты жанына серік еткен қыз бала барған жерінде бағы ашылып, сыйға бөленеді. «Тастай батып, судай сің», - дейді мұндайда қазақ, яғни, жұбайыңның отбасына сіңісе алған келіннің бақыты баянды болады.

Қыздарым тұрмысқа шығып, келін атанғанда «Сен қазір жас көшет секілдісің, тамырын тереңге жіберген бәйтеректей болуға ұмтыл. Тамыры тереңге жайылмаған тал, іргетасы жоқ үй іспеттес, кез келген жер сілкінісіне , немесе ағын суға, табиғаттың жауған қары мен жаңбырына, соққан желіне төтеп бере алмайды, яғни, мұндайда бақыт баянды болмақ емес. «Бақыт құсы қайда қонасың деп сұрағанда, таздың басына, соқырдың көзіне, ақсақтың аяғына, ақымақтың қарнына қонам деген екен. Ол, балам, қаңғыбас бақыт құсы. Нағыз бақыт құсы ақылдыларға қонады. Яғни, айналасындағылар расында да сыйлап, құрметтеген, мақтан еткен адам – бақытты адам. Төрде қонжиып отыру, не байлыққа жету – бақыт емес.

Мен мұндай ақылдарымды өз келіндеріме де әрдайым айтып отырамын. Өйткені, өмір сүрген ортаңа ұнадың ба, онда сен дұрыс өмір сүріп жүрген адамсың, ұнамадың ба онда өмірдегі орныңды таппаған, түкке тұрғысыз біреусің.

Жас келінге жаңа отбасының әрбір мүшесімен тіл табысып, бір мәмілеге келе алуы – үлкен сын, артылған ауыр жүк. Өмірдің өзі өзен, бірде асу-толқындар кездессе, бірде жаймашуақ күндер болады. Өмір кейде жұмсақ, кейде қатал болады. Әрбір қиындықтармен күресе білу керек. Өзендей бірде асып-тасып, бірде асықпай өтіп бара жатқан өмірде тек «бестік» баға алу оңай емес. Ол нағыз еңбексүйгіштіктің, шыдамдылық пен төзімділіктің, қайраттылықтың арқасында ғана келеді. Меніңше, адам әрбір күніне, ісіне үлкен жауапкершілікпен қараса, өмірдің әрбір сабағынан қорытынды шығарып, ой түйе білсе өмірден жаман баға алмас.

Кез келген мәселенің табиғатын дұрыс түсініп, кедергілердің бәріне төзімділікпен қарау арқылы келін өзгенің айтқандарын ақыл таразысына салып, орынды қорытынды жасауы тиіс. Адам баласының үлкен кемшілігі – өзінің қателігін аңғармауы. Өзін-өзі тәрбиелей алған адам басқаны да тәрбиелей алады. Қытай ойшылы Конфуций былай дейді: «Бір адам 25 жасқа келгенде «мен әлемді құтқарамын» деп жолға шығыпты. 35 жасқа келгенінде бұл әрекетінен ешнәрсе шықпағанын ұғып «ендеше, мен өзімнің мемлекетімді құтқарамын» деп өзін жігерлендіріпті. Бірақ 45 жасқа келген ол «Одан да алдымен туып өскен елді-мекенімді құтқарғаным дұрыс болар» депті. Бұл жолы ол белін бекемірек буады. Бірақ осылай уақыт өте береді. Оның қолынан түк келмейді. 65 жастан асқанда шағын ауылдың аз ғана халқына билігін жүргізе алмағанына өкінеді. Жалындаған жастық шағында кіріскен мақсаты орындалмаған, күш-қуаты кеміп дәрменсіз күй кешірген 75 жасқа жеткенде «Ешкімді құтқара алмадым. Мен одан да өз басымды құтқарайын» деген екен. Конфуций «Бұл қарт 25 жасында өз басын құтқарғанда 75-ке келгенде ол әлемді құтқаруы мүмкін еді» деп түйіндейді.

Қытай ойшылы меңзегендей, адам тәрбиені өзінен бастауы керек. Өзінің жағымсыз мінез-қасиеттерін жеңе алмаған ата-ананың перзентін жақсы болуға үгіттеген әрекетінен түк шықпайды. Ұнамсыз қасиеттеріңізді, әдеттеріңізді белі жіппен буылған бір құшақ бұтақтар деп елестетіңіз. Бір бума бұтақтарды сол күйінде бірден сындыра аласыз ба? Уақытыңыз зая кетеді, құр әуреленесіз. Ал, әр бұтақты жекелеп сындыру оңай.

Конфуций «Елдің күші басшысында, ал басшының күші жақсы істерімен үлгі бола білуінде» дейді. Ал, мен ойшыл дана сөзін аналар мен енелерге арнағым келді. Расында да, әуелі «жел» болуды үйренсең, «шөпті» өзіңнің бағытыңа қарай ию оңай. Әрине, ол үшін адам алдымен өзінің қателігін мойындауы және оны көре білуі қажет. Сосын кемшілік пен қателіктерін түзеуі керек.

Бүгінгі бойжеткен қыз – ертеңгі келін, бүгінгі келін – ертеңгі ана, ене. Ал, ақылды ана-енелер – қызды, келінді дұрыс тәрбиеге бағыттайтын компас секілді. Әрине, үлгілі ана, өнегелі ене болу да, келісті келін атану да оңай шаруа емес. Қарап отырсаңыз, ана мен ене және келін, бұлар бір адам үшін (бірінің ұлы, екіншісінің күйеуі, үшіншісінің перзенті тағдырын қосақтаған күйеу баласы) өмірін арнап, соның бақытының баянды болуын ойлап, тілеген әйелдер. Бүгінгі және ертеңгі ұрпақ тәрбиешісі боп саналатын келін, ана-ененің қай-қайсысы да үлгілі, ақылды болуға міндетті. Өйткені, аналар мен енелер ұлағатты, ғибратты, қыздарымыз бен келіндеріміз ибалы, инабатты болса, ұлдарымыз намысты әрі қайсар болары ап-анық.

Мен өз басым қыздарымызға тән нәзіктік, ұяңдық, сыпайылық, әдептілік, іскерлік сабақтарымен бірге ізгілікті үйретуде жақсы оқытушы-ана бола білдім деп айта аламын. Құда-құдағилардан қыздарымыз туралы жақсы лебіз естігенде жұбайым екеуміздің мерейіміз тасып, қуанамыз. Ал, ата-ана үшін бұдан артық бақыт бар ма?! Келіннің жақсы болмағы ең әуелі өз анасына байланысты ғой. Одан кейін барған жерінде ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар нұсқап отыратын енеге байланысты. Осы орайда жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Ана – мектеп, ене – университет» дегені ойға оралады. Бірақ, мектепті үздік бітірген оқушының барлығы университетті «қызыл дипломға» аяқтай бермейді. Ал, мектепте нашар оқыған оқушылардың ішінде институтта оқу-білімге ынтасы ерекше күшейіп, озат, белсенді студенттер қатарынан көрінетіндері де бар. Осы секілді ана-мектебінен ене-университетіне келген келіннің қандай «студент» болмағы оның өзіне де байланысты. Сондықтан, келіннің өзі де жақсы болуға, үйренуге, бақытқа ұмтылғаны жөн-ақ.

Райхан СӘРСЕНБАЕВА, зейнеткер ұстаз,

ОҚО, Қазығұрт ауданы, Қаратас елді-мекені.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Яндекс.Метрика