• шілде 26, 2017

Қандай қыздың бақыты баянды болады?

Қандай қыздың бақыты баянды болады?

Мен қазақы тәрбиеде, ескіліктің көзімен, сөзімен тәрбиеленіп өскенмін. Үйдің кенжесімін, екі әпкем, екі ағам бар. Салт-дәстүр мен әдеп-ғұрып, қазақы барлық болмыс менің табиғатыма жат емес-ті. Мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ етек-жеңі ұзын киім киіп, қос бұрымды өріп, екі иығымнан алдыма қарай түсіріп қоятынмын. Мендегі қазақы болмыс өзгенің назарын аудартпай қоймайтын. Өзге құрбы қыздар сияқты шаш жайып жүру немесе химиялық бұйралау, я болмаса түсін сарғайту маған тән емес-тін.

Үлкеннің жолын кеспеу, қолындағы ауыр жүгін көтерісу сияқты басқа да барлық ізет-құрметімді көрсетуді анам кішкентайымнан құлағыма құйып, санама тоқып өсірген. Анам бүгінде жасы елуден асса да әлі күнге жаулығын басынан тастамайды. Немере сүйіп отырса да біреулер үшін ол әлі – келін. Анам орта жастан асып отырған шақта да қайынағаларын көрсе орнынан ұшып тұрып иіліп сәлем салады. Оларға тура қарап, емін-еркін сөйлесіп, қалжыңдасу былай тұрсын, бір дастархан басында қарсы қарап отырмайды. Байқаймын, сәл қиғаштау отырады. «Алма ағашынан алысқа түспейді» демекші, осындай үлгілі анамның тәрбиесімен сусындап бойжеткен менің басқаша болуым мүмкін емес қой.

Мен сәл ашықтау киім киіп қалсам «Әкеңнен ұялмайсың ба?» деп киген шалбарымды жақтырмай, бөксені жауып тұратындай етіп жейде кигізіп қоятын анам. Кішкентай кезімнен «ұят болады» дегенді ести бергеннен кейін санама қатты сіңіп қалғандықтан да ашық-шашық кие алмадым.

Әйтсе де, мойны ашық киім кие алмайтын, шашын жая алмайтын қазақы болмыстағы қыз мектепті аяқтап, қала өміріне бойы үйрене бастағаннан өзгере бастағанмын. Алғашында үрке қарағаныммен, жанымда жүрген құрбы қыздарға еліктеп көзім үйрене бастады. Үш-төрт жылдың ішінде ұзын көйлекті мүлде кие алмастай өзгердім. Шаш жайып, көзілдірікті қыстырып жүру тұрақты әдетіме айналды. Тырнақ өсіріп бояу да жат қылық болмады. Тек ауылға ата-анама барар уақытта ғана әдебімді сақтап, етек-жеңі ұзын киімдерімді қайта киемін. Анам мендегі өзгерістерді байқағанымен, ақылын айтып қоятын. Анамның өсиетті сөздері мен тәрбиесінің арқасында шекарамды біліп жүрдім. Киім-кешегім өзгергенімен, ішкі жан-дүнием, тәрбием бойымда сақталды. Жалпы, әр нәрсені өз уақытында жасаған дұрыс екен. Қала өміріне үйреніп, сырт келбетім өзгергенімен, оның барлығы уақыт талабы еді. Ең бастысы, алғашқы тәрбием түзу болғандықтан жолымнан жаңылдырмады.

Анаңнан алған тәрбиең қандай болса, болашақта қонар ұяң да, бақытың да соған байланысты болады екен. Тұрмысқа шығып, бір үйдің босағасын аттағанымда анамның берген тәрбиесі, үйреткендері алдымнан шықты. Енем ата-әжесінің қолында өскен, әрбір әрекетіме терең мән беріп қарайтын адам боп жолықты. Ененің келіндеріне бірдей жылы қарай қоймайтын әдеті ғой. Енем мені бір ширатып алғысы келіп, қателігімді түзеп, білмегенімді үйрету үшін бақылап үнемі жүретін. Босаға аттаған күні өзге келіндер «Енеміздің мінезіне төзу оңай емес, сені де терлетеді ол әлі» деп құлағыма сыбырлап кеткенде зәре құтым қашқан еді. Бұрыннан ене мен келін арасындағы кикілжіңнен хабардар болғандықтан, ененің себебінен ажырасқан отбасылар есіме түсіп, енемді көргенде шошып қарағанмын. Енемнің түсі суық, сөзі дөрекі болғанынан-ақ секем алған едім. Алайда анамның берген тәрбиесінен кейін енемнен ешқандай ескерту естімегенмін. Міне, бүгінде отбасын құрып, тәп-тәтті немерелерді өмірге өкеліп, енеммен бірге қара шаңырақта тұрып жатқаныма сегіз жыл уақыт өтті. Осы аралықта енемнің өнегелі, көргенді кісі екеніне көзім жетті. Тағы бір айта кететінім, қатал ененің тілін табуға болады екен.

Өзімнен үлкен екі абысыным бар. Олардың ісі өнімсіз, отбасы тәртібіне бағынбайтын, тілі ұзын болғандықтан да енемнің ескертуін, ұрысын жиі естиді. Оларға қарап отырып, ене мен келін арасындағы дау неден пайда болатынына көзің жетеді. Расында да келін өз шаруаларын айтқызбай істеп, үй таза, ас-ауқаты уақытылы дайын болып тұрса, енеге одан басқа не керек? Ал, күйеуіне жөнсіз ұрысып, әр іске киліге беретін болса ол келін қалай сүйкімді болсын? Күйеуін сыйламай, жұрттан бөлектеп өз билігін құрып алған келінге ене жөнін айтпаса тағы болмайды. «Тура сөз туғаныңа жақпайды» демекші, ене келінге жөнін айтса, оны бұрысқа баламалайтын келіндер енесін өздеріне жаудай көреді. Қарап отырсаң, жас келін табалдырық аттағаннан кейін өзінің ендігі отбасы мүшелерімен қарым-қатынастың қандай болмағын «өзі жасайды». Ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Жақсылық көрсең өзіңнен, Жамандық көрсең өзіңнен. Біреу қылды дегенді, Шығарамын сөзімнен» деген өлең жолдары осындай кезде жақсы ұйытқы болады.

Мен өміріме, өзгерістерге, орын алған қуанышым мен қайғыма өкінбеймін. Қайғым деп отырғаным тұрмысқа шыққанда алғашқы екі нәрестем бірінен кейін бірі шетінеп кетті. Осындай ауыр, қиын сәтте есім шыға жылағанымда енем «Көз жасыңа сонша ерік бергенің не? Әлі жассың, денің сау болса бір емес, бірнешеуін өмірге әкелесің. Босқа мүжіліп жылап, денсаулығыңды құртқанша жұмыс істе. Жұмыс істесең кішкене алданасың» дейтін. Иә, енемнің бұл сөздері дөрекілікпен айтылса да жаны ашыған адамның сөзі екенін мен дереу ұққанмын. Осы орайда өзге келін болса даурығып шығар еді-ау. Анамның «Енең айтса, жақсы болсын деп айтады. Оның сөзін жанашыр адамның сөзіндей тыңдап, құлақ сал» дегенінен кейін, енемнің сөздерін оң құлағыммен тыңдайтын болғанмын.

Ұзатылып бара жатқанымда анам «Шаңырақтың үлкені – қайын атаң мен енеңді құрметте. Оларды өз ата-анаңдай көр. Түсін, мінезін көкейіңе түй. Олардың мінезіне, көңіл-күйіне қарай мәміле жаса. Ата-енеңмен, туысқандарыңмен түс шайысып, қабақ шытысудан аулақ бол! Бәрі өзіңе байланысты» дегені маған қанат бітірген-ді.

Қызына «басыңды име» дейтін аналар да арамызда кездесетіні жасырын емес. Кейбір аналар қызына барған үйдің тәртібіне, заңына бағынуды үйретудің орнына, «ішіме сыйған қыз, сыртыма да сыяды» деп айырып алады. Анасы тура сөз сөйлесе, дұрыс кеңес берсе қызының болашағы бұлыңғыр болмас еді. Мұның барлығы да ең алғашқы тәрбиеден басталады. Қыз баланы кішкентай кезінен дұрыс тәрбиелей білсе, ол сол жолмен жүреді. Мені анам кішкентай күнімнен бастап әрбір әрекетіме тыйым салмағанда, қазір мені басқару оңай болмас еді деп ойлаймын. Қызға еркіндік берудің де жөні шамалы-ау. Өйткені бүгінде босаға аттағанымен ары таза болмай кері қайтып жатқан бойжеткендер арамызда жеткілікті. Міне, осындай жағдайда да «қызға қырық үйден тыйымның» керек екенін ұғасың. Сондықтан баланы бесіктен бастап қалай тәрбиелесең, болашағы да солай болатынына көзім жетті.

Егер менен біреу «қандай қыздың бақыты баянды болады?» деп сұраса, сабырлы, сөзі жылы, ісі сұлу қыздың бақыты баянды болады дер едім.

ДИНАРА,

ОҚО, Арыс қаласы.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Яндекс.Метрика