• қазан 21, 2017

​Күйеуіңізге көңіліз тола ма?

​Күйеуіңізге көңіліз тола ма?

Жұбайлық өміріңізге, күйеуіңізге көңіліңіз тола ма? Ол өміріңізді «ҚОР ЕТТІ» ме, әлде «ЗОР ЕТТІ» ме? Өмірлік таңдауыңызға өкінбейсіз бе?

Мен ерлі-зайыптыларды екі тәндегі бір жан деп түсінем. Олар бірігіп құрған отбасыны бірдей ойлауы керек. Олай болмаған жағдайда бір-бірінің өмірін қор етпей, екі бөлек кеткендері дұрыс.

Осылай десем, кейбіреулер «Тұрмысқа шықпағаннан соң саған айтуға оңай» дейді. Ешкімге «сенікі бұрыс» демеймін және өз ойымның дұрыстығын дәлелдемеймін. Өйткені, әркімнің өз пікірі, түсінігі бар. Сол түсінігімен өмір сүреді. Менің де өмірге өз көзқарасым, түсінігім бар. Мысалы, Омар Хайям «Не болса соны жегенше, аш жүргенің жақсы» деген. Меніңше, проблемаңды азайтудың орнына керісінше, көбейтетін болса, ондай күйік күйеумен бірге тұрудың мағынасы жоқ. Пенде болған соң адам қателеседі, кемшілік бәрінде де бар. Бірақ сол қатені жоймаса, кемшілікті түзеуге тырыспаса ол қайталана береді. Бір қателігін үш рет қайталаса, ондай еркектен бойыңды аулақ ұстау керек. Әрине, кешірімді болған дұрыс. Бірақ, қайта-қайта кешірім сұрай беретін еркектен қашқан жөн. Өйткені, ондай еркек түзелмейді. «Мысалы…» дейсіз бе? Көп қой.

Адия есімді танысымның өмірі мен күйеуін мысал етейін.

Балалық шағы бақытты өткен адам өмірінің барлық кезеңінде дәл солай алаңсыз күндерді өткіземін деп ойлайды. Адия бұрын «Әкем еркелетіп өсірді, еркелете білетін жігітке тұрмысқа шығамын» деуші еді. Олай болмады. Керісінше, ерке еркекке жолықты.

Оның күйеуі бір үйдің жалғыз ұлы. Жоғары білімі бар. Мектепті де, жоғары оқу орнын да үздік бітірген. Бірақ, білімдінің барлығын ақылды деуге болмайды. Күйеуі алдымен сөйлейді, кейін не айтқаны туралы ойланатын адам. Алдымен істейді, сосын ғана онысының дұрыс па, әлде бұрыс па екенін ойланады. Нақтырақ айтқанда, сөзіне де, өзіне де есеп бере алмайды.

Адия ата-енемен бірге тұрсақ, күйеуім тура жүреді деп те ойлады. Өйткені, күйеуінің қыдырысы көп еді. Көлденең кездескен қыздармен көңіл көтеріп қалуды ойлайтын. «Көп кезген адасады» демей ме, не ата-анасының, не жарының сөзіне құлақ түрмеген күйеуі ақыры бір қыздың арбауына түсті. Алаяқ қыздың соңынан кетті.

Дана Абай атамыз «Қазақтың өлгенінің жаманы жоқ, тірісінің өсектен аманы жоқ» дегеніндей, Адияның күйеуінің кетіп қалғаны, оның қайтып келгені біраз уақыт өсек іздегендерге жақсы тақырып болды. Адия күйзеліске түсті, ешкіммен сөйлеспеді.

Бір жыл уақыт өткенде ғана ол есін жиып, еңсесін көтерді. Өмірінің шимақталған беттерін жыртып тастап, таза парақтан жаңа өмір бастамақ боп жүргенде күйеуі «жаздым, жаңылдым» деп әке-шешесін ертіп келді. Кешірім сұрады. Адияның анасы «кіммен қарайсаң сонымен ағар» деп, қызын татуласуға көндірді. Мейлі, бір рет жаңылысқан екен кешірді. Бірақ Адия ауылда тұрмайтынын айтып талап қойды. Күйеуі айыпты болғаннан соң ба, айтқанына тез көнді. Ауылдағы істерге ісі жоқ қыдырымпаз достарынан алыста болса ақылы толысар деп ойласа керек. Бірақ, күйеуі отбасы арбасын алға түсіп сүйреуге ықылас білдірмеді. Мекемелердегі жұмыстардан өзін алып қашты. Ол қатаң тәртіпке көнгісі келмеді, ерте тұру, ерте жату оның қанында жоқ әдет. Сондықтан да күнделікті тапқанын қолына ұстататын, жалақысы мардымсыз жұмыстарға құмар-ақ. Сонда да олардың тұрмысы ешкімнен жаман емес еді. Өйткені, қыздың ата-анасы көмек қолын созып тұрды.

Біреу «Сынаптай сырғыған өмір десейші, кеше – бала, бүгін – анамыз» деген екен. Сол айтпақшы, Адия ана атанды. Көп ұзамай екінші баласын да дүниеге алып келді. Бірде қуантып, бірде мұңайтып отбасылық өмір өз өрнегін салып жатты. «Ауру қалса да әдет қалмайды» деген қатесіз айтылған екен, күйеуі осы шақта тағы да тура жолдан, кешірім сұрап келгенде берген уәдесінен тая бастады. Олардың үйінде ұрыс-керіс көбейді. Соңында Адияның күйеуі «Үлкен қалаға кетем, көп ақша тауып келем» деді. Адия «Көп ақша керек емес, маған отбасы керек. Осы күнімізге де қанағат етейік» деп қарсы болды. Күйеуі тыңдамады, басқа қалаға кетті.

Ерлі-зайыптылар екі қалада тұрып жатты. Бір күні Адияның пәтеріне сотқа шақыру келді. Сотқа арызды күйеуі жазыпты. Адия келісті. Өйткені, әбден көңілі қалған еді. Ұзақ жыл күйеуінің еркелігін де, есерлігін де көтерді ғой. Екі ұлды туып берсе де тастап кетсе, қалай көңілім суымайды? Олар ажырасты.

Екі баласын жетектеп жұмыс іздеген Адияға бұл жолы да әке-шешесі көмектесті. Солардың ықпалымен екі жылда пәтерлі болды. Негізі, әйел адам екі жағдайда қатты өзгереді екен. Бірінші, оның өмірінде бір адам пайда болса, екіншісі, оның өмірінен сол адам кеткенде. Мүмкін, енді медеу, демеу болатын сүйенішінің жоқ екенін білгендіктен әйел тек өзіне сеніп әрекет ететін шығар.

Адия алға талпынды. Тынбай еңбек етті. Екі баласы үшін ұйқыны да, күлкіні де ұмытты. Есесіне тұрмысы түзелді. Әрине, өмірі адам сенбестей өзгеріп кетті деп айта алмаймын. Дегенмен, бұрынғымен салыстырғанда жағдайы да, көңіл күйі де әлдеқайда жақсарды. Балалары саналы, салмақты боп өсіп келеді. Киімдері бүтін, ешкімнен кем емес. Ол бақыттың дәмін сезе бастаған еді. Адия «Бастысы, жаным тыныш. Бұдан артық маған ешнәрсе қажет емес» деп көп айтатын. Жанының тыныштығы аяқ астынан нілдей бұзылады деп кім ойлаған десеңізші.

Ұшарын жел, қонарын сай білетін күйеуі тағы да келді. Бетінің еті қалың екен, қызармай «Кешірші. Сендерсіз өмірімде мән жоқ, осыны түсіндім» депті. Балалары кішкентай кезде қайда жүрді? Әке балаға кішкентайында көбірек керек, тіпті ана да. Ал, есейгенде олар өз бетінше өмір сүре алады.

Адия күйеуін үйіне кіргізбеді. Бірақ, ол мазалауын доғармады. Араға үлкендерді араластырды. Адияның қарт анасы баяғы әуеніне басып, «Балаларыңның әкесі ғой, кешір. Кешірімді болсаң кем болмайсың. Балаларыңа әке керек. Ат айналып қазығын тапса айып емес» деді. Әйел деген әлсіз жаратылыс емес пе, Адия анасының том-том ақылынан кейін жуасып шыға келді. Әйел өткенді, опасыздықты ұмытып кетеді дегенге сенбеймін. Әйел өткенді кешірер, бірақ ұмытпайды. Адия күйеуіне есігін ашса да, құшағын ашпаған болар деп ойлаймын.

Бір кездескенімізде Адия «Ата-анасы тәрбиелей алмаған күйеуімді осы уақытқа дейін өмір-ұстаз тәрбиелеген шығар, мүмкін өзгерген болар дегенмін іштей. Жоқ, ол өзгермепті. Ол да менің балаларымның біріне айналды. Иә, күйеуімді де бағып-қағып асырап отырмын, ол үшінші балам емей не?» деп мұңайған.

Айтуынша күйеуі үйіне кіргелі жамбасын жұмсақ диваннан қозғалтпаған. «Баяғы жартас, сол жартас». Күнделікті ас-ауқат, балалардың киімі, ай сайын коммуналдық төлемдер күйеуін қызықтырмайды. Ол басын ешнәрсеге ауыртпайды. Тек өз басының амандығын, жанының рахатын ғана ойлайды. Отбасына жауапсыздығы, жатыпішерлігі қынжылтады. Адия оны асырап отырғанын, үйін паналатқанын міндетсінбейді, тек оның бұл жаман қасиеттері балаларының тәрбиесіне кері әсер ете ме деп қорқады.

Ұл бала әкесінен үлгі алмай ма? Жеке бастың үлгісі – тәрбиенің ең жақсы жолы демей ме?! Мәселен, егер әкесі темекі шегетін болса, өсіп келе жатқан балаға темекі тартуға тыйым салу қиын. Егер анасы салақ әрі талғамсыз болса, оның қызының басқаша болып өсуі күмәнді. Байқаңызшы, расында да дәл солай. Лев Толстой былай деп жазған: «Біз өзімізді емес, балаларды тәрбиелейтін болсақ, тәрбие күрделі әрі қиын болып қала береді. Егер де өзгелерді өзің арқылы тәрбиелеу керектігін түсінсең, тәрбиелеу мәселесі жойылады. Балаңды тәрбиелегің келсе, алдымен өзің түзел».

Адия күйеуін өзгертуге әрекеттенді. Еңбек етуге, отбасындағы рөліне лайықты болуына үгіттеді. Жалқаулығын, жауапсыздығын айтып намысын оятпақ та болды. Жай айтса, құлағына ілмейді, ал қаттырақ айтса, киімдерін жинап туыстарының немесе ата-анасының үйіне кетіп қалады. Біраз күннен соң басы салбырап, кешірім сұрап қайта келеді. Адияның осындай намыссыз еркекпен бірге тұрып жатқанына зығырданым қайнайды. Еркек түгілі ұзатылып бара жатқан қызға «артыңа қарама» демей ме, «қайтып келген қыз жаман» деген де сөз бар. Ал ер-азамат әйел емес қой, бір рет үйіңнен кеттің бе, қайтып келме егер намысың болса. Адамның өзінде талпыныс, ұмтылыс болмаса оны ешкім өзгерте алмайды. Бұны Адия жақсы біледі, бірақ сонда да оны кешіре береді.

Өзінің аянышты өмірін баяндай отырып, Адия маған «Өмірлік жар таңдағанда қиындықты көрмеген жігітке жолама. Тамаққа деген тәбетін тежей алмайтындарға жолама. Ондай адамның кез келген нәрседе нәпсінің құлы болуы әп-сәтте. Мұндайлар құмар ойындарының, тіпті сезімнің де құлы бола алады. Жігітті ашуландырып сына, қолына не түссе соны лақтыратын жігіт ертең әйелін де «лақтырып» кете алады. Құрбыларыңның, өз достарының көзінше кемшілігіңді бетіңе басып ұрысатын жігіттен аулақ бол, одан сый-құрмет күтпей-ақ қой» дейді. Ол өмірлік жарды таңдауда қателескеніне өкінеді.

Күйеуі көңілін жер етіп кетсе де кешірім берді. Жауапсыз, жалқау күйеуін бір рет емес, үш рет кешіріп үйіне кіргізді. Әрине, Адияның өмірі, өзі біледі ғой. Десек те, табыс таппайтын, тым болмаса балаларының тәрбиесіне, ертеңіне алаңдамайтын күйеуден не үміт, не қайыр күтуге болады? Сіз осындай күйеумен бірге тұрар ма едіңіз?

…«Күйік болса да күйеуі бар» дерсіз. Сонда онсыз да қысқа өмірді күйік күйеумен күнде күрсініп өткізу керек пе?

…«Бастысы, басы екеу ғой» дерсіз. «Басы екеу» болғанымен, жаны жалғызсырап жүрген жоқ па? Мұндай «күйеуі бар» әйелдің «күйеуі жоқ» әйелден не айырмашылығы бар? Адияның орнында болсаңыз, не істер едіңіз?

Жазира СМАҒҰЛОВА.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Яндекс.Метрика