• шілде 16, 2017

Өмірдің сәнін сырттан емес, өз үйіңнен ізде

Өмірдің сәнін сырттан емес, өз үйіңнен ізде

«Махаббат қайда деме – жүрегіңде, бақытым қайда деме – отбасыңда». Бұл ақын атамыз Қадыр Мырза Әлидің жастарға айтқаны. Расында да, әр адам бақытты өз отбасынан іздегені жөн екен. Әйтпесе, босқа әуре болып адасады.

Мен қаншама жыл жұмыстан өзге ешнәрсені ойламаппын. Ойым тек ақша табу болыпты. Бір ай бойы жұмыс істеймін, қолыма жалақы тиген соң оны бір апта ішінде коммуналдық төлемдер, азық-түлік пен балалардың керек-жарағына жұмсаймыз да тез тауысамыз. Ойланып қарасам, өмірімде қозғалыс, жылжу жоқ екен. Мейлі-ақ делік, бірақ ақыры күндерім біріне-бірі ұқсап, бірсыдырғы өтіп жатыр екен, неге өзіме, денсаулығыма, отбасыма уақыт бөлмеске?!

Міне, мен осылай өзіме-өзім сауал қойып, өткен іс-әрекеттерім мен бүгінгіні салыстырып, ой таразысына салып өлшей бастадым. Мұндай таразылау маған өмірдің мәңгілік емес екенін және мерзімі жеткенде о дүниеге өзімізбен бірге ешнәрсе алып кете алмайтыныма терең ой тастатты.

Интернетті ақтарып отырып «Сіздің уақытыңызды кім басқарады? Сіз бе, сіздің клиенттеріңіз, бастықтарыңыз, әлде әріптестеріңіз бе?» деген сұрақты оқып қалдым. Сол күні әлгі сұраққа жауап бере алмадым. Шынында да әрқашан сүрініп-қабынып, жұмыс орнындағы мәселелерді «үйге алып келіп», өзіммен өзім іштей күйініп, мүжіліп жүреді екенмін. Өзіңді-өзің үлгере алмаған істеріңді әр екі сағат сайын ойлап жазалау айналаңдағы өмірдің ұсынған қызығын аңғартпайды...

«Жұмыс» пен «жеке өмір» арасындағы теңгерімді дұрыс ұйымдастыруды ойластырған жөн екен. Әр күнің, әрбір атқарылар іс жоспарлаулы болса, уақыт та көп болады екен ғой. Өзімді-өзім «іздеуді» бастап, өмірдің негізгі мәнісі мен мағынасына мойын бұрғаннан кейін әр күнімді күліп қарсы алып, қимастықпен шығарып салатын болдым. Кешке күн шапағына көз тастаудың өзі керемет бақыт екенін ұқтым.

Әйелімнің әдемі қылықтарын қызықтауды да ұмытқан екенмін. Жарымның күлкісін де ұмытуға шақ қалған екенмін ғой. Әйеліңнің күлімсірей қарағаны мен ренжіп бұртиғанының өзі өміріңнің сәні емес пе?!

Мен достарыма, әріптестеріме «Қызығыңды да, өміріңнің сәні мен мәнін, тыныштықты да – өз үйіңнен ізде» деп айтамын бүгінде. Сырттан іздеу – адасушылық. Мүмкін, кейбір ер-азамат керегін үйінен жоғалтып алған шығар, бірақ шын ықыласпен іздесе оны қайтадан өз үйінен таба алады.

Әйелім таңертең костюмімді үтіктесе де, таңғы шайға оятса да, оның мен үшін істеген қызметіне ризашылығымды білдіріп отыруды үйрендім. Ол бір күні таңдана «Рахат, әйел үшін қымбат иіс су да, гүл де керек емес. Ең бірінші әйелге ерінің көңіл бөлгені, аз болса да уақыт арнағаны жеткілікті. Одан басқасы бұның қасында түкке де тұрғысыз» деді. Сүйген жарымның бұл сөзін мен үйінде ұрыс-керісі көп достарыма сабақ етіп айтатын болғанмын. Өйткені, мен әйелімнің дәмді тамағын, басқа да істерін мақтап, оған көңіл бөлгелі отбасындағы ауа райы кәдімгідей өзгерген. Кейде қыңыр-қисық мінезге салынып ашуымды келтіретін әйелім қазір зыр жүгіріп айтқанымды орындайтын болған.

Әйелді қасарысып жеңе алмайды екен еркек. Түсінгенім, еркек әйеліне өтірік айтпайтын адал болғанда ғана және оның шын ықыласпен даярлаған тамағына, оның саған әдемі боп көріну үшін үстіне киген киіміне назар аударып, мақтаусөз айту керек-ақ. Сол арқылы тіпті асау әйелді де жуас ете аласың. Әйелімнің бағыныштылығы отбасылық өмірімізді өзгертіп қана қойған жоқ, үйге келген қонақтардың, інілерімнің алдында абыройымды асқақтата түсті. Әйеліңнің құрметтегені әкенің ұл-қызының алдында да мәртебесін жоғарылататынын байқадым.

Әр адам өмірінің мағынасын өзі бұзушы және өзі түзеуші екен, мен осыны ұқтым. Еркек пен әйел отбасындағы өз орнын біліп, өз міндетін жауапкершілікпен дұрыс орындай білуі керек, сонда отбасылық өмірден мағына жоғалмайды. Сондай-ақ, еркек әйеліне оның бір ауыз жылы сөзі, сүйіспеншілікке толы көздерімен қарағаны, мақтағаны мен өзіне көңіл мен уақыт бөлудың өте маңызды екенін есте ұстаса екен, сонда жұбайлық өмірден сән кетпейді.

РАХАТ, Шымкент қаласы.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Яндекс.Метрика