• қазан 12, 2017

​Ұлыңыз баласы бар келіншекке үйленем десе…

​Ұлыңыз баласы бар келіншекке үйленем десе…

Ұлыңыз баласы бар келіншекке үйленемін десе не істер едіңіз? Ұл өсіріп отырған кез келген ата-ана осы сауалды өзіне қойып ойланып көргені жөн болар. Өйткені, бәрі де мүмкін. Жүрекке әмір жүрмейді.

Бұлай дейтінім, жақында бір құрбым екінші рет тұрмысқа шықты. Құрбымның алғашқы некеден бір баласы бар. Ал, күйеу жігіті бұрын үйленбеген, сүрбойдақ. Иә-иә, әрине, жігіттің анасы қарсы болды. Бірақ, бастапқыда. Ал, қазір жігіттің шешесі «Ұлым мен келiнiмнiң көзiнен бақытты көргенiмде, Аллаға шүкiршiлiгiмдi айтамын және дұрыс шешім қабылдағаным үшін өзiме риза боламын» деп отыр. Сенбейсіз бе? Онда сөзді жігіттің анасына берейін. Бәрін тәптіштеп өзі айтып берсін.

«...Мен ерден ерте айырылып, 34 жаста жесiр қалған келiншек едiм. Күйеуiмнiң аманаты – жалғыз ұлымды бiлiмдi, тәрбиелi етiп өсiруді парызым деп санадым. Ұлым үмiтiмдi ақтады. Мәскеуде жоғары бiлiм алған оған жұмыс ұсынған мекеме көп болды. Ұлымның мәдениеттiлiгiне, ұстамдылығына, келбетi мен көркiне қызыққан қыз-қырқында да сан жоқ.

Ол мемлекеттiк қызметтен гөрi жекеменшiк компанияда жұмыс iстегендi жөн санады. Ұлымның арқасында мен Дубайды да, Түркияны да көрдiм. Мендегi әйел бақытының өмiрi келте болса да ана бақытына молынан ие болғаныма шүкiр деймін. Ене және әже бақытын көруді Тәңірден тіледім. Бiрақ ұлым бас құрауды кешеуiлдете бердi. Ағайын-туыс, дос-жаран небiр сұлу да білімді қыздармен таныстырды. Мен де қарап отырмадым. Құрбыларым көп қой, олардың қыздарының арасынан ұлыма лайық бойжеткендерді үйге қонаққа шақырып, ұлыммен таныстырудың амалын жасадым. Алайда ұлым жұмыстан мойын бұрмады. «Е-е, жүрегiнiң қалауы кездеспей жүрген шығар, сәті туғанда өзi-ақ «үйленемiн деп айтар» дегенмiн.

36 жасында ұлым «Мама, мен үйленемiн!» дедi. Қатты қуандым. Бiрақ ұлымның ұнатқаны – баласы бар келiншек екен. Естiгенде қуанышым су сепкендей басылды. Эмоциямды байқатпау үшін сұрақтарды үсті-үстіне қоя бердім. Есімі Айдина екен. Төрт жыл бұрын күйеуi әлдебiреулердiң қолынан қаза тауыпты. Бiр нәрестесiн құшақтап жесiр қалған келiншек содан кейiн тұрмысқа шықпапты. «Жасы қаншада?» дедім. Мүмкін үлбіреген жас келіншек болған соң ұлыма ұнап қалған шығар деп ойладым. «32 жаста. Мама, кейбір мінезі сізге ұқсайды. Тез тіл табысып кетесіздер» дейді ұлым. Ашуым талай сөздерді бір-біріне жылдам құрап үлгерді, бірақ сыртқа шыға алмады. Тілімді тістеп отырмын. Бір әйел үшін ұлымның менен теріс айналғанын қаламаймын. «Бәріне уақыт емші» емес пе, уақыт керек. Уақытты соза тұрайын, ұлымның да ойы өзгерер деп ойладым.

Мақсатты Айдинамен кездестірмеу үшін түрлі амал-айла ойлап табуыма тура келді. Жұмыстан қайтатын уақытта қоңырау шалып, басымның ауырғанын айтып жолай дәріханадан дәрі әкеп беруін сұранам… Тағы бір күні ағайын-туыстың біріне алдын ала қоңырау шалып баратынымды ескертемін, ал ұлыма «Пәленше қонаққа шақырып жатыр. Бармасақ ұят болады. Тезірек кел» деймін.

Осылай уақыт өтіп жатты. Бір күні ұлым тағы да Айдинаға үйленетінін айтты. Айдинаның 4 жасар ұлының тәттi қылығын, онымен қалай зообаққа барғанын т.б. айтып келетiн болды. Бiр күнi жұмыстан келген ұлым «Айшуақ менi «әке» деп атады» дедi қуанышы қойнына сыймай. Зығырданым қайнады. «Айшуақ дегенiң әлгi келiншектiң баласы ма? Ол сенiң ұлың емес қой. Көзiңдi ашсайшы. Балам, оян!» дедім. Бұл жолы ашуымды ауыздықтай алмадым. Ұлыммен ашық сөйлестiм. Бiрақ ол одан басқа ешкiмге үйленгiсi келмейтiнiн айтты. Жалғыз балам, жоғары лауазымды ұлым, таныс-бiлiс тамсанып үлгi етiп жүрген мақтанышымның келіншегін басқаша елестетуші едім. Адамның ойлағаны орындала бермейді екен ғой деп кейідім.

Құрбыларымның талай қызын көрсеткенімде сезімі селт етпеген ұлымның көзін шел басқан ба? Балалы келiншекке үйленсе, ертең сол құрбыларым, таныстарым күлмей ме, масқара?! Осындай ойлар ұйқымды ұрлады. Уайымым артты.

Баламды соншалықты өзiне баурап алған келiншектi көргім келді. Онымен оңаша сөйлесiп, аулақ жүрудi талап етпек болдым. Ұлымның теңі емес екенін ұқтырғым келді. Осындай мақсатпен Айдинаны үйге қонақ ретiнде шақырттым.

Ұлыммен бiрге есiктен енген Айдина расында да өте тартымды, көрікті екен. Сәлемдесті. Дауысы да жағымды. Таныстық. Балалар дәрiгерi боп жұмыс iстейтiнiн айтты. Пәтер жалдап тұрады екен. Жасандылық жоқ, мiнезi әдемі. Шынымды айтсам, Айдина маған ұнады. Сөзіміз жарасып кетті. Бір уақытта баласының бар екені есіме түсті де, қаталдана қалдым. Сосын оны тұқыртпақ боп небiр сұрақты төтесiнен қойып отырдым. Ақылды екен, шалынбады, сынағыма сүрінбеді. Жаңылыспады, жеңiлмедi. Іштей сүйсініп отырмын, бірақ сездірмедім. Е-е, перзентiмiздiң бақытсыз болуынан емес, ең бiрiншi «Ел-жұрт не дейдi?» деп өзгенiң сөзiнен қорқатын қазақ емеспiз бе?! Сондықтан да Айдинаны ұнатпаған сыңай таныттым. Бір уақытта Мақсатқа біреу қоңырау шалды да ол басқа бөлмеге шығып кетті. Менiң көкейiмдегi не айтпақ болғанымды айтқызбай-ақ ұққан келiншек осы сәтті пайдаланып, «Егер сiз қаламасаңыз, мен бұл үйге екiншi рет аяқ баспаймын. Мен үшін ата-ананың ақ батасы мен ризашылығы маңызды. Егер ұлыңыздың менімен бірге болғанына қарсы болсаңыз, оны жаныма жуытпаймын және оған сіздің қарсылығыңызды білдіртпеймін де…» деді. Мен ұлыма тұрмыста болмаған қыз әпергім келетінін ашып айттым.

Арада екi-үш ай өттi. Мақсатым көңілсіз. Ұлымның досынан сұрастырып көрсем, Айдина үйде қонақ болып кеткелi ұлыммен араны үзген екен. Мақсат талай рет оның үйiне барыпты, бiрақ Айдина есігін ашпапты. «Көзден кетсе, көңілден де кетеді» демей ме, кездеспесе, бірте-бірте суынар деп ойладым.

Бiр күнi мен күтпеген жағдай болды. Перiштеге балаған ұлым бiрнеше жыл бұрын бiр қызды жүктi етiп тастап кетіпті. Алты жасар бiр қызды жетектеп үйге келген әйел: «Құрбымның сiздiң ұлыңыздан туған қызы бұл. Ол бiр ай бұрын жол апатынан қаза болған соң қызды бауырыма баспақ болдым. Алайда, марқұм құрбымның туысқандары бұл қызды жетiмдер үйiне өткiзбекшi. Мен араша түсуге дәрменсiзбiн. Көп ойланып, алдымен сiзге жолығуды дұрыс деп таптым. Сiз не дейсiз?», - дедi. Шынымды айтсам, бастапқыда аузыма сөз түспей аңтарылып қалдым. Менде бұрын-соңды дәл мұндай таңданыс, аңтарылыс болмаған шығар. Сенбейiн десем, кiшкентай бүлдіршінге жүрегім елжіреп тұр, бөтен емес сияқты. Ұлымның аузынан түсiп қалғандай, "ксерокөшірмесі" ғой. Құдай-ау, оң қолындағы меңін айтсаңызшы, менде де дәл сондай қал бар. Дереу ұлыма қоңырау шалдым. Жарты сағат өтпей ұлым есiктен кiрiп келдi. Қызды жетектеп келген келiншектi таниды екен. Екеуi жылы амандасты, жағдай сұрасты. Сосын келiншек мән-жайды оған түсiндiрiп айтты. Ұлым «Осынша уақыт менен шындықты жасырды ма? Өткен жылы кездейсоқ жолығып қалдық, сонда да айтқан жоқ қой» деп алғашқыда бұрқан-талқан болды. Ұлымның сөзiне бойласам, ол қызын мойындағысы келмейтiн секiлдi. Бұрынғы сүйіктісінің қазасына қайғырып та тұрған жоқ. Өз баламнан өзім қорқайын дедім. Өзi туралы сөз болып жатқанын аңғарған кiшкентай қыз жылап жiбердi. «Менi ешкiм жақсы көрмейдi» деп жылағанда жүрегiм езiлдi. «Қолыңмен iстегендi мойныңмен көтересiң. Неге айқайлайсың? Қыздың бұл жерде ешқандай кiнәсi жоқ» дедiм. Ұлым «Мама, бұл менiң қызым емес» дедi де есiктi тарс жауып кетiп қалды. Ал менiң жүрегiм бұл бүлдіршін баламның қанынан жаралғанына күмәнсiз едi.

Айтып жүрiп, медицина сараптамасы арқылы анықтауға ұлымды көндiрдiм. Несiн айтайын, кiшкентай қыздың ұлымнан екенi анықталды. Ұлымның бiр қызды жүктi етiп тастап кеткенiне сене алар емеспiн. Менiң ұлым сондай тасжүрек, жауапсыз ба едi? Немерем алты жыл менен жырақта болған ба? Неге ол қызды менімен таныстырмаған?

Ақыры ұлым ақылға келiп, кiшкентай қызға өз тегiн берiп, құжаттарын рәсімдедік. Осы жағдайдан соң Мақсат үйге ішімдік ішіп келетінді шығарды. Ол өзгеріп бара жатты. Онымен сөйлестім. Дертін сұрадым. «Мама, дертімнің бір ғана емі бар. Бірақ, ол менімен сөйлеспей жүр» деді.

Ұлымның аянышты халін көріп шыдай алмадым. Өз қолыммен бұзғанды өзiмнен басқа ешкiм түзей аламасын бiлдiм. 60 жасыма дейiн ешкiмге бас имегенмiн, ешкiмге өтiнiш айтпаған әйелмін. Бірақ, ұлымның бақыты үшiн амал жоқ Айдинаның үйiне бардым.

Айдина төрiн ұсынды. Дастархан жайып, лезде ыстық шайын да алып келдi. Бiреудiң пәтерiн жалдап тұрса да, бөлме iшi мұнтаздай таза екен. Өз басым барған үйдiң ең алдымен шәйнегi мен шәугiмiнiң тазалығына мән беремiн. Содан соң қол жуатын бөлме мен әжетханасының тазалығына қарап, үй иесiнiң қандай адам екенiн бағамдаймын. Айдинаның шәйнегi ескi болса да тап-таза. Қолымды жууды желеулетiп жуынатын бөлмесiн де, әжетханасын да көзiммен адақтап шықтым. Таза, әрбiр зат өз орнында тұр. Бiр-екi кесе шайдан соң Айдинаға оның үйiне келгендегi себептi айттым. Әнеугүнгi дөрекi сөздерiм үшiн кешiрiм сұрадым. Ұлымның кiшкентай қызы бар екенiн де жасырмадым. Мақсаттың қатты қиналып жүргенiн, басқа ешқандай қызға көз қырын да салмайтынын айттым. Оны сүйген адамынан айырып бақытсыз еткiм келмейтiн ниетiмдi бiлдiрдiм. Айдина ақылды емес пе, «Мен сiзге ренжiген жоқпын. Сiздiң ашуланатындай жөнiңiз бар едi, мен де анамын, сiздi түсiнемiн» дедi.

Қазiр ұлым мен келiнiм, екi немерем, бәрiмiз бiр шаңырақ астында тату-тәттi тұрып жатырмыз. Ұлымның жасы отыздан асқаннан бастап «Қашан үйленер екен?», «Жалғыз басы состиып өтпесе екен!» деп уайымдап жүрген едiм. Мiне, ойда-жоқта келiндi де болдым. Балам қызды да, ұлды да болып шыға келдi. Құдайдың шеберлiгiне тәнтiмiн, ол барлығын өзi реттеп берді.

Ұлымның басқа әйелден перзентi болғандықтан ғана Айдинаға үйленуiне келiсiм бердiм деп айта алмаймын. Мен Айдинаның ақылдылығына тәнті болдым. Ақылды келiншектi қай ана да ұлына жар еткiсi келетiнi белгiлi. Әйел үшiн сұлу болу, бiлiмдi, iскер болу аз, ақылды болу керек. «Бақытты боламын десең, ақылды бол» деген дана аналарымыз. Мен ұлым бақытты болсын деп, ақылды әйелмен тағдырын қосақтадым».

Баян апа осылай дейді. Ал, Сіз ше, ұлыңыз сәбиі бар келіншекке үйленемін десе, не істер едіңіз? Меніңше, кез келген нәрседе асығыс шешім қабылдамаған дұрыс-ау!

Жазира СМАҒҰЛОВА

Ұқсас мақалалар

1 Пікір

  1. Шарипа

    Менің жалғыз ұлым бар. Бес қыздан кейін туғам. неге менің балам есік көрген және баласы бар әйелге үйлену керек? мен әпермес едім. Оның баласының қаны бөтен, бәрібір бөтен болады. Өгей шешелер күйеуінің бірінші әйелінен қалған балаларға қалай Өгейлік көрсетсе, бөтен бала да есейгенде дәл солай қарым-қатынас жасайды. Мен қарсымын!

Пікір қалдыру

Яндекс.Метрика