• қазан 21, 2017

​Он екi мүшеңiз сау болса да жұмыссыз жүрсiз бе?

​Он екi мүшеңiз сау болса да жұмыссыз жүрсiз бе?

Он екi мүшеңiз түгел болса да жұмыссыз жүрсiз бе? Жаратушы «бұған керек емес екен ғой» деп, бiр күнде-ақ екi қолыңыздан айыра салуы мүмкін-ау деп қорықпайсыз ба? Ата-анаңызға жекiрiп сөйлейсiз бе? Бір оқыс жағдай орын алып, мүлде сөйлей алмай қалсаңыз, не істер едіңіз? Сол кезде ғана әке-шешеңізге дауыс көтеріп сөйлегеніңізге, ұрысқаныңызға өкінерсіз. Өмір қателігімізді солай ұқтырмаса түсінбейміз ғой...

Кейбiреулердің болмашыға күйіп-пісіп, өмір сүруді қиын көретіндеріне таң қаламын. Әрине, менiң де бiр кездерi өмiр жолында болып жатқан оқиғалар мен жағдайларға көзқарасым әлсiз едi. Бiр нәрсеге екiншi бiр нәрсе себеп болып, адамды орнынан қозғалуға түрткiлейдi ғой. Сол сияқты маған да түрткi болған бiр оқиғадан соң ойымды да, өзiмдi де, тiптi өмiрiмдi де өзгерттiм деп айта аламын. Сол оқиғаны жазсам, көпке ой түрткi болады деп сенемiн.

Бес жыл бұрын қинындыққа тап болып, шырғалаңнан шығар жол таппай сенделген едiм. Түрлi ойлар маза бермей, алаңсыз ұйықтау мен үшiн арман болатын. Бәрiне өзiм кiнәлiмiн. Шамама қарамай несие алып қарыздандым. Нақтырақ айтсам, өзiме-өзiм ойпаң ойып алған үңгiрден шыға алмай әбден қиналдым. Қиындықтан оңай құтылудың жолын iздестiрдiм. Өз-өзiме қол жұмсасам, бәрiнен құтылармын. Жо-жоқ, одан да ұрлық жасасам ше? Әлiмжеттiк жасап, әлдебiреулердiң ақшасын тартып алсам қалай болар екен? Аңқау, сенгiш адамдарды сауатты түрде алдап, алаяқтықпен оңай ақша табайын ба? Осындай ойлар менi бiр күнi аулаға жетектеп шықты.

Түн ортасы, аула тып-тыныш. Басымды тауға соқсам ба, тасқа соқсам ба деп келе жатырмын. Үйден ұзап кетiппiн. Қанша жол жүргенiм белгiсiз, жол жиегiндегi көзiм түскен ағаш орындықтардың бiрiне жайғаса кеттiм. Көңiлсiзбiн. Банктегі қарызымды ойласам, өңешiме өксiк тығылады. Ертең туралы, тiптi мүлде ешнәрсе жайында ойламайын десем де өздiгiмнен күрсiне беремiн. Ұтымды ой табу үшiн миды, сананы барлық ойдан тазарту керек емес пе?! Мен де солай етпек боп, бiр нүктеге қадалып, жүрегiмнiң үнiн ғана тыңдамақ боп отырмын. Қасыма келiп жайғасқан бейтаныс адамды байқамаппын.

Көңiлiмдi аулап, ауа райын болжап әңгiме бастаған бейтаныс жанмен күздің қара суығына қарамай ұзақ әңгiмелестiм. Дұрысын айтсам, ол менiң әңгiмемдi тыңдады. «Шынын айтамын деп, сырын айтып қойыпты» демей ме, бейтаныс адамға еңсемдi басқан мұңымды айтып салдым. Өмiрде көрген қиындықтарды ретiмен айтып, елсiз ен далаға қашып кеткiм келетiнiн жасырмадым. Бейтаныс адам менiң әңгiмемдi шын ықыласымен тыңдады. Бiрақ жымиып күлiп отырғанына ашуым келдi. Мұңымды айтып, жұбату сөз күтiп отырған маған оның немқұрайлық танытқаны жаныма батты. Сонша уақыт не үшiн оған өмiрiмдi баяндадым деп жылағым да келдi. Менiң дауысымдағы дiрiлдi, тамағыма тығылған өксiктi сезген ол терең бiр күрсiндi. Сосын «Сенiң басыңнан өтiп жатқан жағдай кезiнде менiң де басымнан өткен. Өмiрде аяқ-қолы сау екi адамның бiрi осылай мұңын шаққанда шынымен де күлкiм келедi. Егер, байқасаң, кейде қатты ашуы келген адамның күлкiсi келедi ғой. Мүмкiн менiкi солай шығар» дедi. Мен үндемедiм. Оған бұрылып та қарамадым, тек бiр нүктеге қадалып тыңдап отыра бердiм.

Ары қарай әңгiмесiн жалғастырды. «Оттай жалындап тұрған отыз жасымда екi қолымнан айырылдым. Ол кезде цехта жұмыс iстейтiнмiн. Техникалық ақаулықтарға байланысты аңдаусызда қос қолым кесiлiп қалғанда қандай күйде болғанымды бiлесiң бе? Мен үшiн өмiр, сағат тоқтап қалғандай болды. Қорыққанымнан, әлде сенгiм келмегендiктен болар, қан сорғалап ағып жатса да тәнiмнiң ауырғанын дәл сол сәтте сезбедiм. Айналамдағы адамдар улап-шулап «жедел жәрдем» шақырғанда, түсiм емес, өңiм екенiн анық бiлгенiмде ғана қолдарымның кесiлген тұсы қатты ауыра бастады. Бойымнан әлiм кетiп, есеңгiреп құладым. Қазiр ойлап қарасам, адам егер қиындықтан жеңiлгенiн, өзiнiң әлсiз екенiн мойындағанда ғана ауырлықты, ауырсынуды тәнiмен де, жанымен де сезедi екен. Мойындамасаң, жаның түгiлi тәнiң де ауырмайды.

Қолдарым бастапқы қалпына келмейтiнiн бiлгеннен соң қиындықпен күресуге емес, жеңiлуге, берiлуге дайын болдым. Өмiр сүруге деген құштарлығым сөнiп, жiгерiм құм болды. Менiң күннен-күнге «өшiп» бара жатқанымды аңғарған ата-анам алаңдай бастады. Олардың қадағалауымен, қалауымен ұзақ уақыт психолог менiмен емдiк сабақтар өткiздi. Екi қолы сап-сау бола тұра әке-шешесiне өмiр бойы масыл, күйiк боп жүрген перзенттердiң бар екенiн айтты. Тiптi, оның iшiнде жұрт танитын, мен бiлетiн азаматтарды анық атап бердi. Бұл мысалмен психолог адамның тән емес, жан екенiн, тәндi жан басқаратынын түсiндiрдi. Яғни, рухың мықты, жiгерiң күштi болса, екi қолсыз да алға ұмтыла алатыныңды, армандарыңа жетуiңе болатынын санама құйды. Ал, қалауы, шын тiлегi жоқ адамдардың он екi мүшесi сау бола тұра, қолы түгiлi табаны бiр орыннан қозғалмайтынын айтты.

Қысқаша айтқанда, психолог менiң тәнiмдi емес, жанымды емдедi. Басқа түскен қиындыққа төзiмдiлiк танытып, ең алдымен тән емес, жанның мүгедек болмауын ойлауға үйреттi. Сен ше, тарыдай қиындықты таудай көресiң-ау! Сен бiреудiң дүниесiне қол сұғып ұрлық жасауды, алаяқтықпен нан табуды ойлайсың. Әр адамның пешенесiне өлшеп берiлген өз несiбесi бар. Әр адамның күресiп жүрген бiр қиындығы бар. Әлсiздер оны жолында кездескен барлық адамға жария етедi, ал мықтылар үнсiз күреседi. Сырын сыртқа бiлдiрмей жүргендерде мәселе жоқ деп ойласаң, қателесесiң. Қиындықпен күресiп жүрген сен ғана емес! «Рұқсатсыз бiреудiң бiр елi жiбiн алсаң да, ақыретте оның сұрауы болады. Аяқ-қолыңның сауында адал жолмен еңбек етудi мақсат тұтқаның жөн. Жүрегiндегi сайрап тұрған сөзiн, ойын айта алмайтын мылқаулар бар. Күш-қайраты тасып тұрғанмен, қолы не екi аяғы жоқ адамдар бар. Жарымжан жанды кез келген мекеме жұмысқа қабылдай салмайтыны да бар. Сонда да мен ойыммен, бiлiмiммен, аяқтарыммен зiңгiттей талай жiгiттен әлдеқайда iлгерiмiн деп өзіме сенемiн. Басына тағдыр салған қиындықпен талмай күресiп жүргендерде ортақ бiр қасиет, мiнез бар. Ол – төзiм! Саған тек төзiмдi бол деймiн». Бейтаныс жан осылай деді де үнсіз қалды. Осы уақытта ғана оған бұрылып қарадым. Ол «Сөзіме сенбейсің бе?» деді де күртешесiнiң қалтасынан қолдарын шығарып алдыма тосқанда шошып кеттім. Екі қолы да кесілген, шолақ. Шынымды айтсам, бастапқыда ол менi жұбатып қайраттандыру үшiн өзге бiреудiң өмiрiн немесе кiтаптардан оқып алған бiр оқиғаны айтып бергендей тыңдап отырғанмын. Сөзiнiң рас екенiн бiлгенiмде, аузыма сөз түспей, қолдарынан көз алмай бiраз тұрып қалдым. Сосын орнымнан жылдам түрегелдім де соңыма қарамай жүгiре жөнелдiм. Үйге жеткенше артыма бұрылып қарамадым, жүгiре бердiм.

Ұзақ күн бейтаныс жiгiттiң қолдары көзiме елестеп, сөздерi ойымнан шықпай қойды. Оны ойлаған сайын, өмiрге өкпе артудан қорықтым. Анығын айтсам, Жаратушыдан қорықтым. Бiрте-бiрте өзiмнен-өзiм ұяла бастадым.

Расында, әкем қайтыс болғаннан кейiн өмiрде барлық қиындықты менiң ғана басыма үйiп-төгiп бергендей көрiнетiн. Iстеп жатқан жұмысымның қызығы қалмаған едi. Тапқан ақшамның берекесi жоқ. Бiрақ, жақсылыққа ұмтылмаппын. Осы күнге дейiн өзiмдi-өзiм терең суға батырып өлу үшiн, алып тасты аяғыма байлап алған ақылсыз адамға ұқсап келiппiн. Ойымды да өзiм ауырлатып, еңсемдi өзiм езiп жүргенiмдi ұқтым. Осыдан соң мен бiртiндеп өзiмдi тәрбиелеуге көштiм. Уайымға батып орынсыз ойлар жетегiне еруден, жаман қылықтарымнан жайлап құтыла бастадым.

Ең бiрiншi, өмiрдiң адам қолымен жазылмаған, ешкiм өзгерте алмайтын өз заңы бар екенiн, ешкiмнiң ала жiбiн аттамау керектiгiн түсiндiм. Он екi мүшемнiң қадiрiн бiлiп, еңбек етуге ұмтылдым.

Түсiнгенiм, адамның ойы түзелсе, тәнi де соған қарай дұрыс қызмет ете бастайды екен. «Кәсіп болмай нәсiп болмайды» деген сөздiң мәнiсi, түзу ой арқылы тәнге бұйрық берiп, сол арқылы өмiрiңдi өзiң дұрыстайсың дегендi бiлдiретiнiн аңғардым.

Мiне, арада бес жыл өттi. Ешкiмнен озып кетпесем де, адал еңбек етiп тыныш ұйықтап жүрмiн. Бастысы, уайымға салынып жүйкемдi тоздыруды доғардым. Аяқтарымның бүтiндiгiне шүкiршiлiк етiп, алға жылжудан жалықпай келемiн. Екi қолым бар кезде отбасыма адал нан жегiзуден таймаймын. Мылқау етпей, тiлiмдi мүкiс етпей туғаны үшiн анамнан жылы, жұмсақ сөзiмдi аямаймын, күнде алғыс айтамын.

Сiз ше? Он екi мүшеңiз түгел болса да жұмыссыз жүрсiз бе? Ата-анаңызға жекiрiп сөйлейсiз бе? Астамшылық жасағаныңыз үшiн Жаратушы екi қолыңыздан бiр күнде-ақ айыра салатынынан, оқыс жағдайдан сөйлей алмай немесе құлағыңыз керең боп қалудан қорықпайсыз ба?

Жалқаулықты сiлкiп тастап, санаңыздағы жаман ойларды өшiрiңiз. Жақсылыққа ұмтылыңыз!

Томирис НҰРАБАЙ

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Яндекс.Метрика