• қыркүйек 11, 2017

Ауыз тию

Ауыз тию

Қазақ – қонақжай халық. Қазақ «Қонақпен бірге ырыс, құт келеді», «Қырықтың бірі – Қыдыр» деп сенген. Әр ұлттың мәдениетіне сай өз ерекшелігі болса, қазақ халқы қонақжайлылығымен, дархан мінез, кеңпейілімен ерекшеленеді. Қонақжайлылық – қазақтың ана сүтімен дарыған ұлттық қасиеті, ұлттық мінез ерекшелігі.

Біздіңше, бұл қазақы қасиеттің бастауы «ауыз тию» әдет-ғұрпы. Қазақ асығыс өтіп бара жатып сәлемдеспек ниетте үйіне кірген ағайынды «Бастан үлкен болсаң да, астан үлкен емессің» деп аттан түсірген. Аралас-құраластығы жоқ біреу бір шаруамен үйіне бас сұқса да үй иесі келген кісіге астан ауыз тигізген. Қазақ халқы тіпті дұшпаны үйіне келсе де оған дәм ауыз тигізбей шығармағанын ескі кітап беттерінен кездестіреміз. Бұл «ауыз тию» деп аталады. Дәм ұсыну – бұл салтымыз, ал дәмнен ауыз тию асқа және ата-бабамыздың салтына құрмет. Асығыс ағайынға «Тым болмаса дәм ауыз тиіп кетіңіз» деп наннан ауыз тигізсе, тойға келе алмаған ағайын-туыстың үйіндегі жас келінге, абысынға «дәмнен ауыз тисін» деп сыбаға, сарқыт беріп жібереді.

Ауыз тию ғұрпы бауырмалдыққа, құрмет көрсету мен сыйластыққа тәрбиелейді. Халқымыздың қонақжайлылығы соншалықты «Бассыз үй болса да, ассыз үй болмайды» деп қонағын құдайындай сыйлап, барын алдына тосқан. «Қонақты қусаң, ырыс та қуылады» деп сенген халық тіпті, үйіне жылан кіріп кетсе де оның басына ақ құйып шығарған.

Әдет-ғұрып, салт-дәстүріміздің көпшілігі де қонақ күтумен байланысып жатыр. Мәселен, жаңадан көшіп келген көршіні «ерулікке» шақыру, қарялар мен ер-азаматтар басқа ауылға тойға кеткенде ауылдың келіндері бір үйге жиналып бас қосатын «абысын асы», бұдан бөлек «бастаңғы», «жолаяқ», «қазан жарыс», «келі түбі», «сыбаға», «сарқыт» т.б.

Бұл салт-дәстүрлердің бәрі де сыйластықты, бірлікті, татулықты дәріптейді. Осыған байланысты қазақтың «Сыйларға асың болмаса, сыйпарға тілің болсын», «Ағайыныңды іске шақырма, асқа шақыр», «Айға жетпес асыңды ауылдастан аяма», «Қонақ табағыңа қарамайды, қабағыңа қарайды» деген мақал-мәтелдерін келтіруге болады.

Асты, нанды, тұзды, ақты қасиетті санаған қазақ халқы оның обалынан және киесінен қорыққан. Сондықтан да «ас көптікті, көппен жеген ас сіңеді, көппен істеген жұмыс бітеді», «Асты қызғанған, тұздан ащы тұрмыс кешеді», «Екіқабат келіншек асын қызғанса қыз туады», «Қонақ қолын тигізбеген ас арам» деп нанады. Көрпе боп төселіп, жастық боп иіліп, жалғыз қойын соятын қазақ қонақ кетерде «қуыс үйден құр шықпа» деп қолын бос қайтармаған. Бұл да халқымыздың қонақжайлылығының, кең пейілділігінің бір көрінісі. Бұл дәстүр атадан балаға мұра боп, бүгінде жалғасын тапқан.

«Ашу аспен тарқайды» деген де мәтел бар. Расында да, араз ағайын, ренжіскен көршілер, дауласқандар дастархан басында келісімге келген, татуласқан. «Таспен ұрғанды аспен ұр», «Тас, тасты жібітетін ас» деген атадан қалған асыл сөздер де татуласудың бір жолы – ас екенін ұқтырады.

«Дәм-тұзы жараспаған ғой» дегенді естігенсіз бе? Бұл екіге айырылысқан ерлі-зайыптыларға арнап айтылады. «Талқаны таусылды, «татар дәмі таусылған да» деген сөздер адамның қайтыс болғанын білдіреді. Иә, ешкім дәм-тұзының қашан таусыларын білмейді. Мынау бес күн жалған өмірде бір-бірімізді дәмге шақырып, дәм ұсынып тату болайық, ағайын. Сыйластыққа сызат түсірмейік, бір-бірімізден дәмді сөзімізді аямайық.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Яндекс.Метрика