• қазан 12, 2017

​Баланы құндақтаудың сыры неде?

​Баланы құндақтаудың сыры неде?

Өмірге келген нәрестені ақ түсті шыт матаға орап құндақтайды. Мата түсі ақ, ал мата түрі шыт болуы керек.

Ал, сіз білесіз бе, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мұхаммед те өмірге келгенде құндақталған. Құндақтаудың түп-тамыры пайғамбарымызбен байланысты. Әйтсе де, құндақтау дәстүрі барлық ұлтта бар. Өйткені, қызылшақа нәрестені құндақтаудың пайдасы көп.

1.Оңай «кигізіп», оңай «шешілетін» киім. Нәресте жөргегін күніне бірнеше рет бүлдіреді. Буыны қатпаған әлжуаз нәрестенің жөргегін қайта-қайта ауыстыруда шаршы матамен орау оңай әрі жылдам орындалады.

2.«Корсет» киім. Құндақтау қызылшақа нәрестенің мойнын, денесін тік ұстауына, аяқ-қолының түзу әрі қалыпты жетілуіне жәрдемдеседі. Құндақталған кішкентай нәрестені көтеру де, қолға алып емізу де ыңғайлы.

3.Мата бесік. Құндақтау бесікке бөлегенмен бірдей. Құндақтау сәби ұйқысының тәтті әрі тыныш болуына көмектеседі. Қонаққа барғанда бесіксіз-ақ құндақтаулы баланы тербетіп ұйықтату қиындық тудырмайды.

4.«5 в одном» киімі. Бұл - қалпақ, шұлық, қолғап, «ползунки» әрі көйлек. Сонымен қатар, жылы киім десек те болады. Құндақтаулы нәресте жаурамайды. Оның мойны мен белі, табаны мен алақаны да жабық тұрады.

5.Шығу, сыну, зақымданудан қорғайтын киім. Нәрестенің кішкентай аяғына шұлық, қолдарына қолғап кигізу қиын-ақ. Кейбір епсіз жас келіншектер шұлық кигізу барысында нәрестенің саусақтарын шығарып немесе ауыртып алады. Қалпағының бауын қысыңқырап байлап, мойын терісін зақымдап алмауына да кім кепіл?! Дұрыс көтеруді білмейтіндер нәрестенің мойын омыртқасына салмақ түсіріп алуы да мүмкін. Ал, құндақтау осындай олқылықтардан сақтайды.

6.Жаңа әлемге ағзасын үйрететін киім. Тоғыз ай ана құрсағында, қағанақ суында жатқан шарана терісі киімге бірден үйрене алмайды. Ал, нықтап таңып құндақтау терінің матаға бейімделуін жылдамдатады.

Құндақтайтын мата түсі қандай болуы керек?

Әрине, ақ түсті болғаны жөн. Неге?

Біріншіден, ақ түс – тазалықтың белгісі. Екіншіден, ақ түс ауа арқылы таралатын жұқпалардан, микроб, вирустардан қорғайды. Осы орайда медицина мамандарының ақ түсті халат киетінін мысалға келтіруге болады. Тамақ өнімдері лабораторияларында жұмыс істейтін мамандар да ақ халат киеді.

Мата бояулары аллергия тудыруы мүмкін. Маталардың химиялық талшықтар мен жіптерден тұратынын бәріміз білеміз. Ал матаны құрап тұрған жіп талшықтары мұнай мен газды қайта өңдеу арқылы алынатын синтетикалық полимерден жасалады. Одан соң тоқыма өндірісінде мата булаудан өтеді. Осындай бірнеше өңдеуден өткен матаға енді түрлі түсті боялардан өрнек басылса, мұның барлығын нәресте терісі қалай қабылдайды екен? Сондықтан нәрестені ақ түсті қарапайым шыт матамен құндақтаған дұрыс деп ойлаймын.

Неге шыт мата?

Маталардың ішіндегі ең арзанқол әрі жұқа мата – шыт. Шыт мата баланы терлетпейді. Жөргек күніне бірнеше рет жуылады. Мұндайда шыдамды шыт матадан жақсысы жоқ.

ХАДИС НЕ ДЕЙДІ? Ақ матамен құндақтау - сүннет. Бұл туралы Павлодар облысы орталық мешітінің сайтында (mazhab.kz ) «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қызы Фатиманы босандырған Саудә бинт Мисрәх сәбидің кіндігін кесіп, сары матаға құндақтап қойған. Мұны көрген Алла елшісі немересін қолына алып, ақ матаға ауыстырған. Нәресте туылған соң ақ матамен құндақтау сүннет болып табылады» деп жазылған.

АҢЫЗ НЕ ДЕЙДІ? «Салт-дәстүр сөйлейді» кітабында (Авторлар: Санжар Керімбай, Болат Бопайұлы, Мұхит Төлеген,Әділбек Нәби, Асылтай Тасболат) құндақтау жөнінде мынандай діни аңыз бар.

Мұхамбет пайғамбар дүниеге келер сәтте аспанда бір жарық нұр пайда болып, ол айнала төңірекке шуағын мейірлене төгіп тұрыпты. Сол күні жер мен аспан тербеле қозғалған. Саба көлі тартылып, Қос өзені арнасынан асып, жағалауды шайып кетіпті деседі. Парсы елінің патшасы отыратын сарай сілкініп, көптеген мұнарасының күл-талқаны шығыпты. Сәуегейлер түс көріп, түсінде жаман іс көріп, арабтың жылқысы парсының түйесін жеңіпті. Таң ата сәуегейлер патшаға:

– Арабия жақтан алапат қауіп тууы мүмкін, - деп ескертіпті. Түнде жұлдыздардың оты бір сәтте өшіп, барлық тас пұттар құлаған екен. Жын-перілер адамды азғырудан жаңылып, оларды періштелер тым-тырақай қуыпты. Ібіліс сол түні шарасыз халге түсіпті. Әмина ананың көңіл көзі күншығыс, күнбатыстың бәрін көріпті. Перзентіне қараса, ол сәждеге бас қойып:

– Үмбетімнің күнәсін кеше көр, - деп дұға етіп жатады. Әмина түсінбей қалыпты.

Сол кезде көктен Жебірейіл, Мәкәйіл, Ысрапыл атты үш періште түседі. Бірінің қолында күміс құман, бірінде зүмірттен (асыл тас) жасалған леген бар екен. Үшінші періштенің қолында пейіштің жібек матасы. Періштелер пайғамбарды легенге отырғызады. Ысрапыл құманмен су құйып шомылдырады. Жебірейіл асыл жібектен жасалған матаға пайғамбарды құндақтап орапты. Әмина анамызға:

– Әмина, қорықпа. Ұлық Алланың сүйікті досы, ақырдың елшісі Мұхамбет дүниеге келді. Пайғамбардың тәні жалаңаш болмауы үшін Алла бізді оның мүбәрәк денесін құндақтауға жіберді, - дейді.

Періштелер Әмина анамызға жас нәрестені қалай дұрыс құндақтау керегін үйретіпті. Осыдан бастап дүниеге келген балаларды құндақтау тәртібі дәстүрге еніпті.

Дайындаған: Наргиза ЕЛТАЙ

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Яндекс.Метрика