• қыркүйек 11, 2017

"Қалың малдың" мәнін дұрыс түсініп жүрміз бе?

Қалың мал – қазақтың бұрыннан келе жатқан салты. Құда түсу рәсімі келісілген соң дала заңы бойынша күйеу жағы «қалың мал» төлеуге тиіс. Бұл қазақ, қазақ болғалы бұлжымаған ежелгі дәстүр. Оның мөлшері құдалардың дәрежесі мен дәулетіне сонымен бірге слауаттарынада байланысты екі жақ келісе отырып шешеді. Қалың мал төлеу кейбір зерттеушілердің түсіндіріп жүргеніндей, қызды сатып алу үшін берілетін құн емес, керісінше, қалыңдықтың жасауына, сәукелесіне, той малына, кәделі алыс-берістеріне жұмсалатын қаражат көлеміне сай төленетін төлем.

Дәстүрлі калыңмал мынадай бөлімдерден тұрады:

Бес жақсы – түзу мылтық, бөрік сауыт, қашса құтылатын, қуса жететін бір сәйгүлік, малдығы артық бір түйе. Немесе олардың әрқайсысының орнына 5 ірі қарадан – 20 жылқы беріледі. Би мен байлар, хан мен төрелер арасында қалың мал үстіне «бес жақсы» деп аталатын бес түйеге қосып бір «жетім қыз (күң), «аяқ жақсы» деп беретін үш түйеге қоса бір «еркек жетім» (құл) бергендігі кейбір деректер арқылы белгілі. Бірақ бертін келе бес жақсының мәні өзгеріп, әлгі төрт заттың орнына тұрмысқа қажетті өзге дүниелер берілетін болған. Мәселен, Торғай уезінде бас жақсыға 3-12 жылқы, немесе 100-300-ге дейін, тіпті 600-1000-ге дейін күміс ақша береді.

Қалың малдың «қырық жеті», «отыз жетінің бүтіні», «отыз жеті», «отыз жетінің жартысы», «жақсылы отыз жеті», «жиырма жеті», «он жеті», «домалақ қалың мал», «домалақ бата» сияқты түрлері болған. Мұның сыртында той мал, сүт ақы, күйеу апаратын ілу, өлі тірі апаратын, тағы басқа көптеген бағалы кәде, жоралар да болады.

Қара мал – қалыңмалдың ең өзекті бөлімі. Ірі қара саны бір жиырмадан бес жиырмаға дейін (21-25 жылқы) барады.

Ілу – қызын тәрбиелегені үшін ұрын барғанда берілетін кәде. Егер ілуге көп қаражат жұмсалса, тиісінше қара мал саны аз айтылады.

Той малы – қыз ұзату тойына сойысқа апарылатын мал, жыртыс және қалыңдық жасауының шығыны. Әдетте, той мал бір ірі қара, екі ұсақ малдан жоғары болады. Қазіргідей шай-тұз, ұн-күріш, май, қант, кәмпит сияқты нәрселер алдыруды ұят санайды. Той малы 20-70 бас жылқыға дейін жетеді.

Сүт ақы – қалыңдықтың анасына берілетін 1-7 түйе.

Жігіт түйе – қыз әкесінің ата күшіне төленетін ақы. Бүған 2 түйе және міңдетті түрде күйеудің жақсы сырт киімі мен ер-тұрманы беріледі.

Балама қалың – 10-15 ұсақ мал орнына беретін бір тәуір жылқы.

Олқы қалың – алатын қалыңдығы өліп, оның орнына балдызын алғанда төлейтін 37 ірі қара. Олқы қалыңды балдыз қалың деп те атайды.

Балдыз қалың – әр екі жақ құдай деп құдаласып, барып-келіп, алып-беріп жүргенде қалыңдық қайтыс болып кетсе, онда екі жақ баталарын бұзбай құдалықтарын ары қарай жалғай беру үшін марқұм болған қалыңдықтың артындағы сіңлісіне сөз салып, ол келісімін берсе, ендігі жерде күйеу жігітке сол балдызы қалыңдық болады. Міне, бұл «балдыз қалың» деп аталады. Алайда, күйеу жігіт бұрыңғы қалыңдығы тірі кезінде ұрын келген болса, онда түйе бастатқан бір тоғыз «балдыз қалың» төлейді. Ұрын келмеген болса төлемейді. Ал, балдызды «балдыз қалың» болуға келісімін бермесе немесе марқұм болған қалыңдықтың артында басқа сіңлілері болмаса, онда қыз жақ жігіт жақ төлеген қалыңмалды түгел қайтарады. Бірақ күйеу жігіт қалыңдығы тірі кезінде ұрын барған болса, онда қалыңмалдың жартысы ғана қайтарылады.

Дөңгелек калың – қалыңмалдың он шақты қарадан аспай, кедейлер ортасында жүретін түрі.

Қалыңмалды бөлу үстінде жылқышылар «құрық бауға» бір мал, қойшылар «қосақ бауға» бір қой, бата оқыған көпшілік «келін тілі» деп бір мал бөліп алады. Халық арасыңда егер «келін тілін» бермесе, «түсер келін кекеш болып қалады» деген сенім бар.

Бұдан тыс толып жатқан ұсақ-түйек кәделер бар. «Қалынсыз қыз болса да кәдесіз күйеу болмас» деген мақалдан-ақ барлық кәдені орындау күйеу жігітке әрі сын, әрі парыз екені көрініп тұр.

Қалын мал мөлшеріне сәйкес оның құрамы малдың түрлі қасиеттеріне, жынысына, жасына, қоңына, қысырлығына т.б. талаптарына қарай малдың түлігі мен санының әр түрлі ара-қатынастарында беріледі.

Ежелгі қазақ әдет-ғұрпында «қалыңмал» құдалар арасында береке-бірлік пен татулықтың дәнекері ғана болған. «Қыздан алғанды қынға жық» деп қалыңмалды ешқашан байлық қайнары, кісілік мақсат-мұрат, есептемеген. Керісінше, «құрыған адам құдасын қинайды, білімді адам құдасын құдайындай сыйлайды» деп қарап, құдаларына «жоқты тап, жорға-жүйрігің мен жылт еткеннің бәрін маған бер» деп сұрағанды, «жақынның қазған жалшымайды» деп ондай адамдарды нағыз жарымаған, көргенсіз деп есептеген.

«Бай мен бай құда болса, араларында жорға жүреді, кедей мен кедей құда болса, араларында дорба жүреді» дегендей, әр адам өз әл-ауқатына қарай алыс-беріс жасаған.

Егер қалындық жігіттен бұрын төсек көрген болып шықса, іс билердің үкіміне түсер болса, жігіт жағы қалың малына қоса бір тоғыз айып талап етуге хақылы. Кейде түсі түстелген қалыңмал түгелдей қыз үйіне бармайды, «қап түбі» қыз жасауы және басқа алыс-беріспен кері қайтады.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Яндекс.Метрика