• тамыз 11, 2017

Тұмар тағу дұрыс па, бұрыс па?

Тұмар тағу дұрыс па, бұрыс па?

Кейбіреулер тұмар таққан адамды көрсе «Тұмар тағуға болмайды, бұл Аллаға серік қосқанмен бірдей» дейді. Сол адамға «Тұмарға байланысты хадис келтіріп, дәлелдеңізші. Неліктен тұмар тағуға болмайды?» деңізші, нақты жауап бере алмайды. Ал, мойнында тұмары бар адамнан «Тұмарды не үшін тағып жүрсің?» деп сұраңызшы, ол да нақты жауап айта алмайды. Ал, сіз ше, білесіз бе, тұмар тағу дұрыс па, бұрыс па? Бұл туралы хадистер бар ма? Шариғат не дейді?

«ДҰРЫС» дейтін хадистер бар

«Сахабалардан Абдуллаһ бин Омар (р.а.) «Ашу, жаза және құлдарының жамандығынан, шайтандардың уәсуәсасынан, жанынан болуынан Аллаһтың аяттарына сыйынамын» деп жазып балиғатқа толмаған балаларының мойнына тағып қоятын еді» делінген (Тирмизи).

Науқастың және жануар тістеп алған адамның шипасы үшін Құран кәрім оқу немесе қағазға жазып тұмар қылып алып жүру немесе су құйылған ыдысқа салып бұл сумен ауыратын жерін жуу жаиз болып табылады. Дұрыс болған мәшһүр дұғалармен тұмар жасау және өзімен бірге алып жүру жаиз» (Хиндийа).

«Құран аяттары жазылған тұмарды да тек сабилерге таққан дұрыс. Ал үлкен кісілер Құран аяттарын жаттап алып күнсайын ұйқыға жатар кезде өздеріне дем салып жүруі ардақты Пайғамбарымыздың сүннетіне жатады» (Тирмизи, Дағауат – 3402).

«Абдулла бин Омар Пайғамбардан үйренген дұғаны сәбилерге тұмар етіп тағып, ересек балаларға жаттататын болған» (Тирмизи, Дағауат – 3528).

«БҰРЫС» дейтін хадистер де бар

Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Кім тұмар тағатын болса, Алла тағала оған денсаулық бермесін» деген (Ахмәд – 16781).

Пайғамбарымыз «Кім тұмар тақса, Аллаға серік қосқаны» деген (ИбнАбидин – 9/523 бет.; Әл Маусуғатуль Фиқһия – 14/30 бет).

АҢЫЗ НЕ ДЕЙДІ?

Аңыз түбі – ақиқат дейтін халықпыз. Тұмар тағуға байланысты мұсылман қауымына кең тараған бір аңызда былай баяндалады: Қаскүнемдер Мұхаммбед пайғамбардың көзін құртуды ойлайды. Олар балшы, сиқыршы, құмалақшы, дуакештің бәріне барып дуа жасатады. Бірақ сыртынан сан рет сиқыр жасатса да, пайғамбарға әсері болмайды. Сол заманда Йемен жерінде мыстандығымен аты мәлім бір жәдігөй кемпір болыпты. Ол біреудің сыртынан дуа жасаса, ол адам заматта өледі екен. Залымдар соған барады. Кемпір: «Маған Мұхаммедтің шашын әкеліп беріңдер», – дейді. Залымдар: «Оны қалай аламыз?» – деп басы қатады. Кемпір пайғамбардың қызметшісі арқылы Мұхаммедтің тараққа тұрып қалған бірнеше тал шашын қолға түсіреді. Шашқа сиқыр жасап, түйіншекке түйіп, Зәруан атты құдыққа жасырады. Ертесіне пайғамбарды науқас меңдейді. Бұл кезде сиқырды сындыратын сүрелердің әлі түспеген кезі екен. Бұл мазасыз хал бірнеше күнге созылып, қауымдағы барлық мұсылманға кері әсер етеді. Ұлық Алла оны дуасынан айықтыру үшін Жебірейіл періштені жұмсайды: «Мені саған Алла жіберді. Жаңа уахи ала келдім. Бұдан былай сиқыр оқып, дуа жасаса, «Фәлақ» пен «Нас» сүрелерін оқисың. Саған жасалған дуа құдықта жатыр. Соны алдыртып, екі сүрені оқы», - дейді. Әубәкір Сыдық Зәруан құдығынан пайғамбардың дуа жасалған шашын әкеледі. Шаш он бір жерден түйілген екен. Пайғамбар «Фәләқ» сүресінің бес аятын, «Нас» сүресінің алты аятын оқығанда он бір түйін шешіледі. Пайғамбар ауруынан құлантаза айығады. Осыдан бастап мұсылмандар екі сүрені оқып, сиқыр мен дуадан сақтанатын болыпты. Қазақтар да бұл тәсілді әліге дейін қолданып, дуадан айығып жатады. Кей кездері аталмыш екі сүрені молдаға жаздыртып, бойтұмар етіп тағып жүреді.

Тұмар тағуға байланысты тағы бір аңыз: Мұхаммед пайғамбардың заманында Тафашат атты бір көзі соқыр әйел болыпты. Егер ол тасқа назар салса, тас уатылып кетеді екен. Адамға назар салса, ол заматта құлайтын болыпты. Кәпірлер Мұхаммед пайғамбарды мұқату мақсатымен атышулы әйелді оның немерелеріне айдап салады. Тафашат Асан мен Үсенге назар салғанда олар қалтырап-дірілдеп, естерінен танып қалады. Бұл пайғамбардың көңіліне қайғы салады. Сол сәтте Жебірейіл періште бір дұға жеткізіпті. Ол «Аятүл күрсі» дұғасы екен. Пайғамбар «Аятүл күрсіні» оқып үшкіргенде Тафашаттың сиқыры сынады. Осыдан кейін пайғамбар «Аятүл күрсі» дұғасын қағазға жаздыртып, екі немересінің мойнына тұмар етіп іліпті. Аңыз бойынша тұмарды ең бірінші Асан мен Үсенге таққан екен.

ТҮЙІН: Құран аттары мен хадисте келтірілген дұғалар жазылған тұмарға рұқсат берген сахабалар да, түбегейлі қарсы болғандар да бар. Бұл жайында дін сауаттылары «Жас балаға тұмар тағуға болады. Ал, жаттауға шамасы келетіндер Құран аяттары мен хадистегі дұғаларды оқып жүрген дұрыс» дейді.

Егер, аңызда айтылған жайттарға мән берсеңіз, онда «...Пайғамбар «Фәләқ» сүресінің бес аятын, «Нас» сүресінің алты аятын оқығанда он бір түйін шешіледі. Пайғамбар ауруынан құлантаза айығады», «...Пайғамбар «Аятүл күрсіні» оқып үшкіргенде Тафашаттың сиқыры сынады. Осыдан кейін пайғамбар «Аятүл күрсі» дұғасын қағазға жаздыртып, екі немересінің мойнына тұмар етіп іліпті» делінеді.

Аңызда пайғамбарымыз тұмарды өзіне емес, екі немересіне тақты. Демек, оқуды білмейтін бүлдіршіндерге тұмар тағуға болады. Ал, әріп танитын үлкендер тұмар ретінде тағылатын сүре, аяттарды жаттап алып, бәле-жаладан, аурудан қорғану үшін оқып жүргені дұрыс.

Қорғану, сақтану үшін дейміз. Елестетіңізші, үйіңізде мылтық немесе қылыш бар. Үйіңізге бір қарақшы кіріп келді де «өмір не өлім, ақшаң мен алтындарыңды шығар» деді. Қылыш пен мылтық жаныңызда тұр. Оларды қолданбасаңыз, олар сізге қорған бола ала ма? Қасиетті сүрелер мен аяттарды, дұғаны мойынға тағып жүру қолдануға жатпайды.

Құран аяттары Аллаһтан Жәбірейіл періште арқылы пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) түсірілген. Ең алғаш бес аят түскен. Ол «Оқы» деп басталады. Құран Кәрімде реттік саны бойынша бірінші сүре – Фатиха болғанымен, ең алғаш 96-сүренің «1. Оқы, жаратқан Раббыңның атымен. 2. (Ол) адамды ұйыған қаннан жаратқан. 3. Оқы! Сенің Раббың аса Жомарт. 4. (Ол) қалам арқылы үйретті. 5. Адамға білмеген нәрсесін үйретті» деген бес аяты уахи етілген. Демек, сүре, аяттарды оқысаңыз ғана қорған, шипа болады.

Дайындаған: Жазира СМАҒҰЛОВА.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Яндекс.Метрика