• қазан 21, 2017

​Гардеробыңызда қара түсті көйлегіңіз бар ма?

​Гардеробыңызда қара түсті көйлегіңіз бар ма?

Сәнқой бикештердің гардеробында міндетті түрде қара көйлек болуы керек. Сән әлемінің мамандары қара көйлекті әмбебап киім деп бағалаған. Өйткені бұл көйлекті кез келген орынға киюге болады. Қара көйлекпен кешкі кездесуге де, мейрамханаға да, жұмысқа да бара аласыз.

Қара түсті көйлек дене сымбатын арық етіп көрсетеді деген көзқарас бар. Шынында да қара түспен мүсініміздің кемшін тұстарын жасыра аламыз.

Стилистер мен дизайнер мамандар футляр, трапеция және жабысып тұратын қара көйлектердің ешқашан сәннен түспейтінін айтады. Бір ерекшелігі, қара көйлек арнайы әшекейлі бұйымдарды қажет ете бермейді. Түрлі сәнде тігілген қара көйлекті әр сұлу өз талғамына сай таңдап киеді. Бастысы, мүсініңізге қонымдысын таңдай алсаңыз болғаны.


Қара көйлекті қалай таңдаймыз?

Көйлекті сатып алудан бұрын мүсініңізге мұқият мән беріңіз. Мүмкіндік болса арнайы мамандардың кеңесіне жүгініңіз. Қандай сәнде тігілген көйлектің жарасатынын анықтаңыз. Сонда артық ақша жұмсамайсыз әрі сымбатыңызды сәнді ететін көйлекті сәтті таңдайсыз.

Сондай-ақ әр кешке әртүрлі үлгіде тігілген көйлекті кию керектігін ұмытпаңыз. Мәселен:

* романтикалық кешке шілтерлі қара көйлек киіңіз;

* өзіңізді тартымды және сылқым етіп көрсеткіңіз келсе, онда еш ойланбастан ойығы үлкен көйлекті таңдаңыз.

* ал тізеден түсетін, қарапайым үлгідегі қара көйлек кез келген мүсінді аруды сымбатты көрсетеді және де кез келген кешке еш қымсынбастан киіп баруға болады.


Трапеция үлгідегі көйлек

Бұл үлгідегі көйлек кез келген бикешке жарасады. Құрсақ тұсындағы артық майды, үлкен бөксені, салбыраған омырауды жасыруға болады. Әсіресе алма мен алмұрт пішінді сұлулардың сымбатына көрік беріп, сымдай етіп көрсетеді. Стилист мамандар көкірегі кішкентай келіншектерге керісінше үшбұрышты үлгіде тігілген көкірегінде қалтасы бар көйлектің жарасатынын айтады. Ал аяғы ұзын бойшаң қыздарға тізеден төмен түсетін көйлек кигендері жөн.


Футляр үлгідегі көйлек

Мұндай үлгімен тігілген көйлек кез келген мүсіндегі аруларды әдемі көрсетеді. Оны іскерлік кездесуге, достармен кешкі ас ішуге барғанда, тіпті сүйіктіңізбен кездесуге барғанда кисеңіз жарайды. Футляр көйлек бөкселі етіп көрсетеді. Оның сыртынан жеңіл карди ган немесе блейзер кисеңіз сәніңізге сән қосады.

Мұндай үлгідегі көйлек биік өкшелі туфлимен сәнді көрінеді. Оған қоса, меруерт тасы бар алқа, білезік тақсаңыз болады.


Қара көйлекке қандай аксессуар таңдау керек?

Бұл аса қиындық туғызатын мәселе емес. Егер:

* іскерлік кездесуге баратын болсаңыз, онда әдемі түйреуіш тағыңыз;

* романтикалық кешке жиналсаңыз, мойныңызға жеңіл орамал ораңыз;

* сырға мен білезікті салтанатты жиынға тақсаңыз жетіп жатыр;

* достарыңызбен бас қосатын болсаңыз, онда жылтыр тастармен көмкерілген шаш түйреуіш тақсаңыз болады;

* серуенге немесе шоппингке шығатын кезде, көзілдірік пен қалпақтың өзі жеткілікті;

* жұмысқа баратын кезде қара көйлектің сыртынан ашық түсті костюм киіңіз.

Сіз әшекей бұйымдарды ұнатпайтын болсаңыз, онда аяқкиіміңізге сай келетін шағын көлемді сөмке ұстаңыз.

Дайындаған: Л.Ахметова

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Яндекс.Метрика