• қазан 05, 2017

«Күзгі кайф» сусыны

«Күзгі кайф» сусыны

Әр адамның әр мезгілде сүйіп ішетін сусыны болады. Мысалы, мен жазда мұздай «Коко кола» сусынымен шөлімді қандырсам, күзде итмұрын шайын жиі демдеп ішемін. Мен күз мезгіліне және итмұрыннан әзірленген ыстық шайға ғашықпын. Сіз ше?

Жұлдыз Бейсектің «Күзге ғашық қыз едім» деген өлеңін оқып отырмын. Екі көзім өлеңде, ал екі қолыммен ыстық шай құйылған бокалды қысып ұстап алғанмын. Ақын қыз өлеңде «…Жапырақтай дір-дір етем қалтылдап» дегеніндей, мен де дір-дір етем. Өйткені терезе ашық.

Күз мезгілінде көпшілік терезесін қымтап жауып, тіпті иненің көзіндей саңылауын тауып скочпен, мақтамен бекітіп жатса, мен керісінше, ашамын. Сондықтан да күзде терезе алдындағы гүлдерім басқа жерден орын табады. Гүлдер тоңып қалмасын дегенім ғой. Ал, мен тоңғанды ұнатамын.

Жаңбыр жауған күні терезе мүлде жабылмайды. Жауын толассыз жауса екен деп тілеймін. Табиғат мелодиясын, жаңбырдың дыбысын ұзақ естігім келеді. Күзгі жаңбырдың иісі араласқан салқын ауамен терең-терең тыныстай бергім келеді. Итмұрыннан әзірленген бокалдағы ыстық шайдан ұрттап-ұрттап қоямын. Кайф! Жаурап отырып ыстық шай ішу – жаздың ыстық аптабында балмұздақ жегендей «кайф» қой!

Қызыл-қоңыр түсті итмұрын жемісінің бірі бетінде қалқыған, бірі түбінде шөккен ыстық шай, тәнді тоңдырған салқын ауа, жанды тыныштық бесігінде тербеткен жаңбыр дыбысы әдемі күйге бөлейді. Әдемі, әдемі әлем… жазып жеткізе алмаймын. Дұрысы, бұл кайфты әркім өзі «сезінуі» керек.

Ол үшін: 50 грамм кептірілген итмұрын жемісі, 15 грамм көк шай, 300 мл қайнаған су, 1,5 ас қасық бал қажет.

Дайындалуы: Термосқа 50 грамм итмұрынның кептірілген жемісін және өзіңізге ұнайтын көк шай салып, үстінен қайнап тұрған ыстық су құйыңыз. Термостың қақпағын жақсылап жауып, жарты сағат тұндырыңыз. 1,5 ас қасық бал қосып араластырып, 5-7 минуттан соң құйып іше беруіңізге болады.

Пайдасы: Итмұрын иммунитетті көтереді. С дәруменіне бай. В, К, Р, Е дәрумендері де көп мөлшерде кездеседі. Суықтың салдарынан бас көтеретін сырқаттарға қарсы тұратын аскорбин қышқылы итмұрында лимон мен қарақатпен салыстырғанда әлдеқайда көп.

Итмұрынның жемісі ғана емес, гүлі, жапырағы, тамыры да дәрілік. Итмұрын тұнбасы, шайы ағзаны дәруменмен «толтыру» үшін және ас қорыту мүшелерінің кеселдерін емдеу мақсатында пайдаланылады.

Күзде пісетін жеміс

Итмұрын маусым-шілде айларында гүлдеп, тамыз-қыркүйек айларында жеміс береді. Ақ түсті гүлі қою қызыл түсті жеміс салады. Жемісі қазан-қараша айларында піседі. Көбіне алғашқы қардан кейін теріп алынады. Көлеңкеде кептіру керек.

Күздік сусындар дайындаңыз

Итмұрын жемісінен түрлі ыстық сусын дайындауға болады. Бұл әркімнің талғамына, қалауына байланысты. Мәселен, мен көбінесе итмұрын жемісімен бірге жалбыз немесе қарақат, я болмаса таңқурай жапырақтарын термосқа салып, қайнаған суда тұндырып, лимон қосып ішемін. Итмұрын қосылған кез келген ыстық сусын бойға қуат береді. Ағзаға пайдалы әрі дәмді, хош иісті.

Жазира Смағұлова.

Ұқсас мақалалар

2 Пікір

  1. Дастан

    Magan da kyz mezgulu ynaidu. Kyz aiunda tyulganmun

  2. Есжан

    Оқып отырып-ақ КАЙФ болдым ғой. Бүгін аптекадан итмұрын жемісін сатып алам. Дайындап ішіп көрейінші

Пікір қалдыру

Яндекс.Метрика