• қазан 18, 2017

Бүгінгі жасөспірімдердің көзқарасы қандай?

Бүгінгі жасөспірімдердің көзқарасы қандай?

Қисық қойылған кекіл, кең шалбар, ырғақты әуендер... Бұл бұдан 20-30 жыл бұрынғы жастардың таңдауы еді. Әр заманның өзіне тән стилі болады. Уақыт талабына сай жастардың көзқарасы болатыны да белгілі. Бір қызығы, әр кезеңнің адамдары жастар туралы өз пікірлерін білдіріп жатады. «Біз бұрын былай істеуші едік!» деген тәрізді сөздерді күнделікті өмірде жиі естіп жатамыз. Бір білеріміз, бүгінде ата-ана болып отырған сол кездегі жастардың көзқарасы қазіргі күннің жасөспірімдерінің пікірімен бірдей болуы мүмкін емес. Өркениет, уақыт еншісі көзқарастың қатып қалуына жол бермейді. Ендеше, қазіргі жасөспірімдердің өзіндік ойлары туралы сіз не білесіз? Заманауи жеткіншектердің көзқарасына қаншалықты қосыласыз?


Өзіне қажетті білімді алу

Әлеуметтанушылар мен психологтар, ұстаздар заманауи жастардың көзқарастары туралы көп зерттеп келеді. Олардың нендей дүниелерге қызығушылық танытатыны жайында бірнеше мысалдарды атап кетуге болады. Мәселен, прагматизм деген ұғым бар. Мамандар бүгінгі жасөспірімдердің дерлігі прагматиктер дейді. Өйткені, қазіргі жас жеткіншектер барлық ілімді емес, өзіне тиімді, пайдасы бар білімді алуға ұмтылады. Мысалы, жасөспірім ер бала компьютерді мұғалімінен артық біліп тұруы мүмкін. Ал, қыздар бет әрлеуді, түрлі әшекей бұйымдарды өз қолдарымен жасауды үйреніп алып жатады. Соңғы жылдары әлеуметтанушылар жүргізген зерттеуде жастардың 18 пайызы ғана әлемде махаббат бар деген жауап берген екен. Сауалнамаға қатысқан жасөспірімдердің басым бөлігі өздерінің жеке бизнесі болу керек деген пікірді ұстанады.


Ойлау кеңістігі

Ұзыннан-ұзақ роман ба, әлде қысқа ақпарат па?

Бүгінгі өскін екінші жауапты таңдары анық. Себебі, бүгінгі жас жеткіншектер өз ата-аналары секілді ұзақ эпизодты шығармаларды оқи бермейді. Оларға қысқа дүниелер қызығырақ. Осы орайда болашақта кітап оқитын жастар ел басқарады деген болжамды да айта кеткен жөн. Кітап ой-сананың өрісін кеңейтетін құрал екені айтпаса да белгілі. Нейропсихологтар қазіргі жасөспірімдердің сол жақ ми бөлігінің дамымауын қалыпты жағдай деп есептеп отыр. Кеңес заманының адамдарының бүгінгі жастардан ерекшеленетін тұсы да осы. Өйткені, ол заманда кітап оқырмансыз емес еді.


Техникаға деген құрмет

Иә, бұл тұрғыда жастардың басып озатыны рас. Себебі, жасөспірімдер мына ғасырда дамып жатқан техникалармен етене таныс. Кез келген техниканы емін-еркін игеріп, қолданып кете алады. Бұл жағынан жастар өте ұқыпты. Жастар жағы компьютерлік ойындар ойнағанды қатты ұнатады. Олардың күйбең тірліктен бір сәт демалуы көбіне компьютермен байланысты. Олар музыканы ұнатады. Соның ішінде өздерінің сүйікті топтарына, әншілеріне фанат бола білетін жастар көп. Инстаграм әлеуметтік желісіндегі фанклубтарға қарап осы сөзімізді дәлелдей аламыз.


Денсаулықты күту

Жас шағында адамдар денсаулықтың қадірін бағамдай бермейді. Жасөспірімдер үшін де солай. Денсаулықтың кепілі – спорт. Алайда, мұны жеткіншектердің жартысы ғана солай ұғынады. Көбісінің пікірінде денсаулықты күту үшін шылым мен ішімдіктен бас тартып жүрсе болғаны.


Толеранттылық

Қоғамдағы кейбір келеңсіздіктерге көз жұма қарау бүгінгі жастардың бойында бар. Ондай жайттар олар үшін қалыпты дүние секілді. Жастар көбіне еркіндікті ұнатады. Өздері ұнатқан іспен ғана айналысқысы келеді.

Жоғарыда айтылған сипаттамаларға қарап бүгінгі жас өскіндердің бойындағы бірқатар қасиеттер турасындағы мәліметтерге қанықтық. Сіз келіспейтін тұстар болуы де мүмкін. Ал сіз жасөспірімдердің бойынан қандай қасиетті көргіңіз келеді?

Дайындаған: Н.Налтай

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Яндекс.Метрика